26 Қаңтар, 2017

Әкімдер әлеуетін пайдалана ала ма?

286 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел дамуындағы елеулі кезең деп тек тамырымыздың алтын бесігі, жұрттың қорек—несібі, әрқай­сы­мыздың тізгін тартып, киелі босағасы мен табал­дырығын ашар есігіміз ауыл әкімд­ігіне қаржы бөлу мәселесі ал­дағы жылы өз шешімін табатын болды.

Бұл Мемлекет басшысы Н.Назарбаев­тың «100 нақты қадамы­ның» 98-қадамын­да: «Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала дең­гейін­де жергілікті өзін өзі басқару­дың дербес бюджеті енгізілетін болады», деп айтылып, «Ұлт жоспары – Қазақ­стан­дық арманға бастайтын жол» атты Жолдауында 2018 жылдан бастап жүзеге асырылатыны тайға таңба басқандай көрсетілген еді. Соған байланысты өткен аптада ел ішінде болып қайтқан Мәжі­ліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап бірінші оқылымда қабылдады.

Шыны керек, ауыл әкімдері бұрын да құралақан отырған емес. Мил­лиард­тап  болмаса да ауыл халқы­ның талап-тілегіне орай миллиондап қар­жы беріліп келгені белгілі. Әкім бол­ған жұртына жақын болсын, бар-жоғын жаяу жүріп түгендемей, көлікпен барып білсін деп, жүргізушісі жанын­да «Нива» мінгізгелі де біраз уақыт өтті. Бұл қамқорлықтарды тиімді пайдаланып, сенімнен шықсам, қоңыр төбел тірлікті жандандырсам деп күндізді қойып, түн қатқандар да, ескі «жырды» естен шығара алмай берген теңгені тендердің «тепкісіне» салып, таудай істі тарыдай шашып алғандар да табылып, талайының басы дауға қалғанынан да хабардармыз. Қызметтік көлікті ауыл мен аудан арасындағы жиындарға мінумен шектелгендер де табылды.

Кейбір тізгін ұстаған азаматтар ел ішіндегі Елбасының өкілдері екенін аңғара бермейтін де секілді. Себебі, көп жағдайда бишік менің қолымда деген кейіп танытып қалады. Осы арада мына бір ойды ортаға сала кетсек дейміз, ол – қазақ «жалқау» деген сөз. Әрине, бес қол бірдей емес, ел болған соң аласы да, құласы да болады, бірақ, ондайды ел жақсылары шетке қақпай, қоғамға қосып, қатарға тартқан. Иә, қазақ – үлкенін сыйлаған, басшы болар адамының алдын қиып өтпеген жұрт. Үлкені үйіріп әкетіп, бас болар басшыға лайық жасты қолтығынан демеп отырған. Ұйымдастыра алса, ұйытқылық танытса қазақтай еңбекші халық жоқ. Кетпен ұстаған Ыбырай Жақаев пен таяқ ұстаған Жазылбек Қуанышбаев, тізгін мен шылбырды тең тартқан Нұрмолда Алдабергеновтердің өнегелі өмірі сөзімізге дәлел болары хақ. Ұлттық менталитетімізге үңілсек те алдағы айтқан қасиеттерді көруге болады. Мәселе – ұйытқы болуда.

Сөйтіп, алдағы жылдан бастап біртіндеп ауылға ақша барады. Тоқыра­ған іс ілгері жылжып, сапыры­лысқан ішкі көші-қон саябырсиды деген үміт­теміз. Ол үшін ауыл әкімдері сер­гек қимылдап, серпілуі, бұрынғы тәсілді тәрк етіп, жаңаша ой-сана қалып­тастыруы тиіс. Қолға тиген қаражатты қожыратпай, желге ұшырмай ел мүд­десіне пайдалануы керек. Бұл қам­қорлықты халық сезініп отыр. Талап күшейеді. Соны алдын ала аңғар­ған Мәжіліс депутаттары да өздерінің тұжы­­рымдарын алға тартуда. Бөлген қар­­жыны ауыл әкімдері пайдалана ала ма, әлде қалай деген күдіктерін ай­тып қалуда. Жауапты жұмыстың басталуы­на 11 айдан сәл асатын уақыт қалды. Осы мерзімде жергілікті жердегі әкімдердің бәрі бірдей жақсы істі жандандырып әкете ме? Әлде үйлестіре алмай ұтылып қала ма? «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» кебін кие ме? Оның үстіне бюрократтық кедергілерден арыла алмай келе жатқанымыз да ақиқат. Облыс әкімі келеді десе, кейбір аудан әкімі ол жүретін жолды тазалап, жақсы жерді көрсетуге тырысады. Ал аудан әкімі келеді десе ауыл әкімі құрақ ұшады. Осы жасандылықтан құтылып, бар мен жоқты алақандағыдай түгендесек нұр үстіне нұр. Егер бір саты жоғары отырған төмендегінің төбесінен нұқып, менің айтқаным бола­ды деп үстелді тоқпақтаса, жақсы істің жара­сым табуы екіталай. Бір сөзбен айт­қанда, іскер, адал, халыққа қызмет ететін азаматтар жергілікті әкімдіктің абыройын асырмақ. Жоғарыдағылар үшін күлшелі баланың күнін кешіп, бағыныштысының айтқанын екі етпей­тін жалтақ жандар бұл істі аяғына жет­кізе алмасы анық. Біз мұны неге айтып отырмыз, Елбасы өзінің «Ұлы Дала ұлағаттары» атты кітабында көптеген азаматтар әдемі жұмысты дүрілдетіп бастап «…сосын уақыт өте келе істің аяғын сұйылтып, тіпті әрі-беріден соң кейбір қажетті іс-шаралардың ізіне су құямыз», деген еді. Ендеше, келесі жылы ауыл жұртының хал-ахуалын көтеруге бөлінетін қаржының жұмсалатын жерін  қазірден нақтылап, жоба жос­парын тиянақтасақ ұтылмасымыз анық. Жалпы, бұл мыңдаған ауыл әкіміне сын болғалы тұр. Сыннан сүрінбей өту аза­маттардың мойнындағы қарыз бен парыз деп білеміз.

Сүлеймен

МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»