– Екі жыл ішінде біз санамыздың қалай жаңғырғанын, ойымыздың қалай тоғысқанын, еліміздің өткеніне қаншалықты тереңдей түскенімізді енді сезініп отырмыз, – деді белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, – Елбасы өзінің еңбегінде ұлт тарихын зерделеу, оны қалыптастыру міндеттерін қойған болатын. Қазақстанның киелі жерлері географиясының жасалуының өзі тарихымызды құрметтеуге бағытталған қадам.
Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына Ақмола облысынан 10 нысанның енуі жерлестеріміз үшін үлкен мақтаныш. Демек, Алаштың жақсысы мен жайсаңының кіндік қаны тамған қасиетті топырақта өшпес ізі қалып отыр. Уақыт лебімен сәл көнерген дүниені жаңаша жасартып, елдің рухани игілігіне жарату осы бастамамен байланысты.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Күнім Жұмаенова өз сөзінде бағдарлама аясында атқарылған істі жіпке тізгендей етіп баяндап берді. Аймақта өңірлік-жобалық кеңсе, 44 «Рухани жаңғыру» кабинеті жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы облыстық деңгейдегі жобаларды іске асыруға 18,181 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Көкшетау – Астана бағытындағы тас жолдың бойында ұлт мақтанышы – Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Кенесары Қасымұлы, Балуан Шолақ тәрізді тарихи тұлғалардың ескерткіштері орнатылмақ.
Форум барысында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманай Сейітқасымов, филология ғылымдарының докторы Бердібай Шалабай, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бөлім меңгерушісі Жаслан Үкеев сөз сөйлеп, латын графикасына көшу, төл тарихымызды зерделеу мәселелеріне байланысты өзінің орынды пікірлерін білдірді.
Форумға қатысушылар «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы көрмені, театрландырылған қойылымды тамашалады. Әсіресе Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мүшелерінің мүбәрак қолынан туған өнер туындылары көзтартарлық. Театрландырылған қойылымды көрген көрермен көне заманның көмбесін көкірегіне көшіріп, тұңғиықтан нәр алғандай.
Дәл сол күні облыс орталығындағы қалалық кітапханада «Рухани жаңғыру» залы мен «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» фотогалереясы ашылды.
Ақмола облысы