Саясат • 22 Сәуір, 2019

Инвестиция инфрақұрылымын қайта қарау үшін жұмыс тобы құрылды

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі Үкімет отырысында Қаржы министрі Ә.Смайылов инвестициялар тарту мәселелері бойынша мәлімдеме жасады.

Инвестиция инфрақұрылымын қайта қарау үшін жұмыс тобы құрылды

«Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің 2019 жылғы 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында: «елдің Үшінші жаңғыруы үшін негізгі капиталға жылына жалпы ішкі өнімге 30%-дан асатын деңгейде инвестициялар тарту қажет» деген болатын. Ол: «нақты сектор мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржымен қамтамасыз ету бойынша жүйелі шешімдер әзірленсін» деп, сондай-ақ дамыған елдерден инвесторларға баса назар аудара отырып, инвестициялар тартудың кешенді экожүйесін жасауды тапсырды. Бұл тапсырмаларды іске асыру – Үкімет үшін ерекше маңызды міндет» деді Министр.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, 2017 жылы жаһандық тікелей инвестициялар көлемі 23%-ға, 2018 жылы ол 19%-ға, 1,2 трлн АҚШ долларына дейін төмендеген (2016 жылы 1.86 трлн АҚШ доллары, 2017 жылы 1.47 трлн АҚШ доллары, 2019 жылы 1.2 трлн АҚШ доллары). Тиісінше, инвестициялық ағындар үшін әлемде, әсіресе дамушы экономикалар арасында бәсекелестік күрт өсуде.

Ол үшін көршілес елдердің нәтижесіне көз салсақ.

Мәселен, 2019 жылғы 15 наурызда Қытай «Шетелдік инвестициялар туралы» жаңа Заң қабылдайды. Сарапшылардың бағалауы бойынша бұл 10 жыл ішінде олардың экономикасына 1.5 трлн АҚШ долларын тартуға мүмкіндік береді.

Ресейде бірнеше жыл бұрын тікелей инвестициялар қоры құрылған болатын. Қазірдің өзінде 50-ден аса жобаға 1.5 трлн рубльден астам сомаға инвестициялар жүзеге асырылды. Бұл ретте тартылатын шетелдік инвестицияларға мемлекеттік инвестицияның тепе-теңдігі 7-ге 1-ді құрайды.

Ресейде негізгі капиталға инвестициялар деңгейі жалпы ішкі өнімнің 21%-ын құрайды, ал Қазақстанда бұл жалпы ішкі өнімнің 19%-ынан аз. Өзбекстан Республикасында ағымдағы жылдың қаңтарында 1 млрд доллар капиталымен тікелей инвестициялар қоры құрылды.

Қазақстанда жалпы инвестициялар ағынының өсуіне қарамастан таза инвестициялар көлемі 2016 жылғы 8.5 млрд доллармен салыстырғанда өткен жылы 3.8 млрд долларды құрап, екі еседен көп құлдырады.

«Сондай-ақ, өкінішке орай, біздің экономикамыздың шикізаттық емес секторларына тікелей шетелдік инвестициялар олардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігін ғана құрайтынын атап өту керек.Сондықтан, бізге сапалы инвестициялар тарту үшін жаңа тиімді тетіктер құру аса маңызды» деді Ә.Смайылов.

Аталған мәселелерді жүзеге асыру үшін осы саладағы инфрақұрылымды мұқият қайта қарау қажеттілігі туындағаны туралы айта отыра, «Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша осы мәселе жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды» деді.