Ертегіде көнекөз Сиқыршы, өзге кейіпкерлердің өресі мен қабілетін сынау үшін үш кезеңнен тұратын ерекше ойын ойнауға шақырады. Алғашқыда олар өз өнерлерін көрсетсе, екінші кезеңде «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Ұшты-ұшты» сынды ұлттық ойындарда бақ сынап, соңғы кезеңін жаһандық жаңалықтардан хабар беретін қызықты сұрақтармен түйіндейді. Ойын жарыс түрінде өтіп, оған залда отырған балдырғандар араласып, қойылым одан әрі қыза түседі. Бірақ көңілді, зерек балалардың арасында жалқаулыққа үгіттейтін бір кейіпкер бар. Ол – Құлтемір. Алғашында жарысқа қатысушы жеті ойыншық бас-басына тартып, ұпайды тек өздеріне еншілеуге тырысады. Кейіннен Құлтемірдің арам ойын біліп, бірлік пен ұйымшылдыққа ұйысады. Сол арқылы Құлтемірді өз орталарынан аластайды. Жеті ойыншық жеңіске бір-бірін алаламай, татулықпен бірге жетеді. Соңында бәрі бірге «Қара жорға» мен «Қамажайды» масаттана билейді.
«Данагөй қазақ халқы «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық ұрпақ тәрбиелейді» деп бекер айтпаса керек. Келешектің іргетасын бүгіннен бастап қалауды ұлы мұратына балаған бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген. Бұл қойылымның мақсаты да – ұлтқа ұйытқы болатын ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу. Әлібектің драматургиясы бүгінгі қоғамда орын алып жатқан түйткілді мәселелермен тікелей байланыс орнатады. Заман тұрғысынан уақытпен бірге жүйткіп келе жатқан ғаламдық мәселелер, адамзаттың құнсызданған асыл қасиеттері, драматург тарапынан өткір сыналып келе жатыр. Осы себепті қаламы жүйрік, шабыты арынды қаламгерге театр басшылығы ертегі жазып беруін қолқалаған болатын», дейді Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық Қазақ музыка-драма театры Әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек.
Әлібек Байбол – «Темір жол вокзалы», «Құлдар патшалығы», «Ой ұшқындары» атты 3 прозалық кітаптың және 8-ге жуық пьесаның авторы. «Гүлдің аты – Махаббат» атты пьесасы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұйымдастырған жас драматургтер байқауында 40 шығарманың ішінен үздік бестікке енсе, 2018 жылы «Әріптер әлеміне саяхат» пьесасы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған болатын.
«Туындымның негізгі айтар ойы, түпкі идеясы – кез келген жаратылыстың бойындағы бауырмашылдық, жақындық, ізгілік атаулыны жоғалтпау жолындағы күрес. Соның аясында кішкентай көрермен қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрпы, мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы музыка-драма театрының ұжымына алғысым зор. Әсіресе шығармамның қанат қағуына мұрындық болған театр басшысы Арман Темірбек мырзаға, көркемдік жетекші, өнер жанашыры Ерлік Жуасбекке, ертегінің қоюшы режиссері, болашағынан зор үміт күттіретін талант иесі – Әділет Ақанға, жұдырықтай жұмылған барша театр ұжымына ризашылығымды білдіргім келеді. Бүгіндері «Драматургтер жоқ!» деген жаттанды сөз көп айтылып жүргені белгілі. Мұнымен келіспеймін. Өйткені біз – бармыз. Әннас Бағдат, Ықылас Шалғынбай, Қолғанат Мұрат, Айдана Аламан, Әлішер Айтуар, Хан Асанов, Мерей Қосын секілді қатарлас-қанаттастарымның аяқ алысына көңілім толады әрі келешекте осы жас қаламгерлерге үміт артамын», дейді Әлібек Байбол.