Әдебиет • 22 Сәуір, 2019

Екі қыр (әңгіме)

990 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгін назарларыңызға жазушы Арман Әлменбеттің "Екі қыр" әңгімесін ұсынамыз.

Екі қыр (әңгіме)

Ардақ таңертең жұмысына шықпақшы болып киініп жатқан. Шалбарын қолына алған кезде кідіріп қалды. Олай-бұлай қарады. Жарыққа апарып тағы тексерді. Содан соң ас үйде құрбысымен шай ішіп отырған Қырмызыға зілсіз ғана дауыспен айқай салды.

***

Ол кезде неке дегенді білді ме? Түсіндіретін адам болған жоқ қой.

         Адамдардың есі шығып кеткен тоқсаныншы жылдар еді. Бәрі тез болды ғой, әйтеуір. Жоқ әлде бәрі тым баяу болды ма?!

         Уақыт Қырмызы екеуіне тез өткен шығар. Бірақ Ақмарал үшін олай болмағаны анық. Ардақтың өзіне де оңай тиген жоқ.

         Қырмызы мінезді қыз еді. Ештеңеден қаймықпайтын. Қыз болып, бой түзегеннен жігіт деп білгені Ардақ қана болды. Екеуінің әкелері де дос еді, бала кезде қонаққа ертіп апарғанда бірге ойнайтын. Мектепке барған соң онша араласпай кетті де, жоғары сыныпқа барғанда жігіт пен қыз болып кездесе бастады. Кітаптарды кезектесіп оқып жүрді, ауылға концерт келсе бірге баратын. Қырмызы жазда көрші ауылдағы нағашыларына кетсе, Ардақ соңынан іздеп барып жүрді.

         Ардақ мектепті бітіріп, қалаға оқуға кеткеннен кейінгі екі жыл Қырмызы үшін тым көңілсіз өтті. Ол енді студенттердің каникулын есептеумен жүретін әдет тапты.

         Ал Ардақ қалаға барып, Ақмаралмен танысты.

         Ақмарал Қырмызыға мүлде ұқсамайтын. Тіпті Ақмаралға Ардақтан басқа жігіттер онша көңіл аударған да жоқ. Олар ашық мінезді, сұлу қыздарға қызықты. Ардақ болса шашы бұйралау келген, ұзын бойлы, қарапайым киінетін, боянбайтын, көп сөйлемейтін Ақмаралға жақындай берді. Сабақта қатар отырды. Әңгімелесті. Қырмызы екеуі көбіне әзілдесіп, ойнап, жөнді сөйлесуге уақыттары жетпей қалатын. Ал Ақмарал ұстамды және бәрін айтқызбай түсініп отырады. Ардақ бара-бара Ақмаралға еркелейтінді шығарды. Қарны ашқан кезде күндіз болсын, түн болсын жатақханаға барып, Ақмаралдың қолынан тамақ ішетін болды. Ауылда Қырмызы бар екенін бірге оқитын студенттерге алғашқы кезде-ақ айтқан, Ақмарал да білетін. Бірақ ол туралы екеуі ешқашан сөйлескен емес.

         Каникул болса, Ардақ ауылға келіп бір мерекелейтін. Ол кезде оқуға түсіп, алысқа кеткендер көп болмаушы еді. Ардақты туыстары мен достары күнде қонақ қылады. Сонда да Қырмызымен амалын тауып күн сайын жоқ дегенде бір рет кездесетін.

         Екінші курс бітірген жылы әкесі Қырмызыға құда түсті. Ардақ қарсылық білдіре алған жоқ. Тек оқу бітірген соң бір-ақ үйленгісі келетінін айтқан. Бірақ әкесі «түн ұзарса, түс көбейеді» деді. Расында да қала жағдайында екеуі үш жыл бойы бірге жүруі қиын еді. Әкесі бәрін түсініп, тура болжап, дұрыс шешім қабылдаған екен.

         Сол екі жылдың ішінде Ақмарал құрпырған қызға айналған-ды. Екеуі бірінсіз бірі тұра алмайтын. Енді Ардақ каникулға келгенде Ақмаралды қатты сағынушы еді. Ал үйленетін болғаннан кейін есіне түссе жүрегі сыздап кететін болды. Оңашаланып отырып, жылағысы келетін. Бірақ жылай алмай қойған. Басы зеңіп кететін.

         Қырмызыға көңілі суыған жоқ. Сезімдері тым тәтті тұғын. Оның үстіне әбден үйренісіп қалған. Бәрінен де үлкен себеп – шегінерге жол баяғыда-ақ жабылған еді.

         Тойдан соң екеуі қалаға аттанды. Қырмызы оқуға түсті. Ал Ардақ университетіне сол күй барған жоқ. Көшеде тұрып ұсақ-түйек заттарды сата бастады. Саудасы жақсы жүрді. Оқудан шыққанын әкесіне Қырмызы босанғанда бір-ақ айтты. Әкесі бірер жылда есейіп кеткен ұлына қарады да, ойланып отырып қалды. Бірақ ашуланған жоқ. Немеренің иісі мен Ардақтың жаңа көлігі де көңілін орнықтыруға сеп болғандай еді.

         Сол үлкен ұл он алты жасқа келгенде Ақмаралды интернеттен тауып алды. Суретін көрген кезде жүрегі атқақтап кеткені. Жап-жас. Тура баяғы түрі.

Алғашқы жылдары таныстардан сұрап, хабарын біліп отырушы еді. Ол кезде тұрмысқа шықпаған деп еститін. Кейін хабар үзілген.

Желіде дос болуға өтінім жіберіп еді, тез қабылдады. Ол да қуанды ма екен... Компьютеріне ентелей түсті.

Ардақ сол күні шаруасын тоқтатты. Кездесулері кейінге ысырылды, ақшалары аударылмай қалды. Бизнес серіктестері кешке дейін қоңырау шалып, Ардақты ала алмай, мазалары қашты.

Ол интернетте отырып Ақмаралмен сөйлесті. Не деген бақытты да, қасіретке толы күн еді. Бақыты сол, Ақмаралды тапты. Қасіреті – Ақмарал әлі тұрмысқа шықпапты. Ардақтан басқаға көңілі сол күйі құламаған екен. Бірақ оның бәрін бірден айтып салған жоқ. О баста амандық сұрасқан соң, Ардақ осы уақытқа дейін ең болмаса кешірім сұрай алмағанын, тіпті көрінуге жүрегі дауаламай, университеттен шығып кеткенін айтып, ұзақ хат жазып, кешірім сұрап еді, Ақмаралдан «кешірмеймін» деген жауап келді. Бұл он жеті жылдық азаптың бір-ақ ауыз сөзбен сыртқа шыққаны еді.

Кейін екеуі жақсы тілтабысып кетті. Сол жылы қыста Ақмарал да өзінің туған қаласына ауысып кеткен екен. Ал қазір ол да Ардақ сияқты Астанаға көшіп келіпті. Екеуі бір қалада тұрады екен. Осы уақытқа дейін қалай кезігіп қалмағандарын айтып, таңғалысты. Енді кездесейік деді. Ақмарал бұрынғыдай бұл жолы да Қырмызы туралы жақ ашқан жоқ.

Екеуі кездесіп, әңгімелесті. Бірақ Ардақ тіпті Ақмаралдың қолынан ұстауға да бата алмады. Осы уақытқа дейін тұрмысқа шықпаса да, біреуі болған шығар деген ой келгенде, алақаны ысып, көзі қарауытып кеткендей болды. Сұрауға дәті бармады. Соны сезгендей Ақмарал бір ыңғайы келгенде ол мәселені өз қозғады. Ұялып күлімсіреп отырып, әзер айтты. Ардақтың көзіне жас келді. Сол күні іштей шешім қабылдады.

Бұрындары күн сайын көбейіп келе жатқан ақшаның буы қысып, өзі секілді бизнесмендермен көңіл көтеретіні бар еді. Ондай кезде апталап жоғалып кетіп, үйге қайтып оралғанда да Қырмызыдан онша ұялмайтын сияқты еді. Кейін өмірге басқаша қарай бастағалы көлденең жүрісті сап тиған. Балалар өсіп, жауапкершілік артқан сайын саябыр тарта бастаған еді. Енді Ақмаралмен сөйлескелі Қырмызының алдында қатты қуыстанатынды шығарды. Бәрін айтуға бекінсе де, сәтін таба алмай-ақ қойды. Ақыры бір күні түнде ұйықтай алмай, түрегеп отырған еді, бір мезгілде Қырмызы оянды. Ардақтың арқасынан сипады да, «Біздің шалға не болған» деп әзіл бастады. Үш ұл тауып берген, туыс-туған мен Ардақтың арасын байланыстырып, берекелі келін болып қалған Қырмызы күйеуін бұрынғыдан да қатты жақсы көретін.

Ардақ орнынан тұрып, шамды жақты. Қырмызы Ардаққа қарап, не болғанын түсінбей отырып қалды. Ардақ болса төсекті айналып, Қырмызының жанына келді де, қолынан ұстап еденге отыра кетті. Басын көтеріп, төсектің шетінде өзіне бұрылып отырған әйеліне қарады.

         Қырмызы әлдебір өзгеріс келе жатқанын жан-жүйкесімен сезгендей болды. Ардақтың қарасында махаббат та, алаң да, жалыныш та бар екен. Қабылданған шешімнен ширығу да байқалады.

         Жағдайды естіген соң, Қырмызы ұзақ жылады. Ақмарал туралы нақты білмесе де, бұрыннан сезгенін айтты. Ардақ ештеңе дей алмады. Еркінен айрылып, басын төмен салған күйі отыра берді.

         Келесі күні екеуі сөйлескен жоқ. Қырмызының көзі ісіп, көгеріп кеткені сонша, бөлмеден шықпай қойды. Балаларға да көрінген жоқ. Ардақ киініп алған соң, төсекте теріс қарап жатқан әйелінің жанына келіп, үндемей отырып-отырып, шаруасына кетті.

         Кешке келгенде Қырмызы тамағын дайындап қойған екен. Дастархан басында балалар ғана сөйледі, екеуі үнсіз отырды. Тек балалар тұрып кеткен соң барып, Ардақ Қырмызының қолынан ұстап еді, ол булығып жылап жіберді. Шешім қабылдаған екен. Келісетінін айтты. Бірақ той-томалақ, құдайы астарға тек өзі барғысы келетінін жеткізді. Басқа уақыт болса Ардақ әйелінің бұл мінезіне күлер еді. Бірақ қазір Ардақта күлетін шама жоқ. Қырмызыны бөлекше сезіммен жақсы көріп, жүрегі езілді.

         Келіншегін көндіріп алған соң, Ақмаралға ұсыныс жасады. Екеуі тағы кездесіп, бірге түскі ас ішкен. Ардақ сөзін бірден айта алмай, іркіле берді. Ақыры Ақмарал жұмысына асыға бастаған соң, күмілжіп-күмілжіп, әзер дегенде ойындағысын айтты. Ақмарал менімен ақылдаспай, неге әйеліңе айтасың деп ренжи ме деген. Жоқ, Ақмарал әдетінше ренжісе де, іштей тынды. Үндемей отырып қалды. Жүзі түнере түсті. Содан соң барып, қыстығып жылай бастады. Ардақ бұрын Ақмаралдың жылағанын көрмеген еді. Он жеті жыл ішінде менсіз неше рет жылады екен деп ойлады. Іші алай-түлей болып, не қой дей алмай, не жұмысыңа кешігесің, апарып тастайын дей алмай, тағы да отыра берді. Бірақ Ақмаралдың келісетінін сезді. Келіспесе, келіскенше жалынбақшы болды.

         Ақмарал келісті.          Тек әкесі естігенде, қатты қарсы болды. Бірақ қызының талай түнді жылаумен өткізгенін білетін шешесі оны көндіріпті. Мұның бәрін Ардақ Ақмаралдан естіп, соңын күтіп қана жүрді. Ақыры бәрі реттелгенде барып, Ақмаралдың үйіне өзі барды. Сөйтіп, Ардақ Ақмаралды отыз жетіге келгенінде некелеп, әйел қылып алды.

         Қырмызы да жаңа өмірге үйренді. Екі әйелі бар еркектің бәйбішесі атанғалы туыс-туған, жора-жолдастың алдында абыройы бұрынғыдан да өскендей көріне бастады. Біреу сұраса, әзілдеп қана жауап қатады.

         Ақмарал болса, былтыр қыз туды. Ардақтан аумайды. Қазір ол үйге барғанда қызын айналшықтап, Ардақ жөндеп тамақ та ішпейді. Ақмарал балаға қарасын деп, кейінгі кезде киімін де ол үйге жуғызбауға тырысып жүрген.

Бірақ кеше мына шалбарды жуылып тұрған жерінен сол үйден өтектетіп киіп шыққан. Енді бүгін Қырмызы қайта өтектеп қойыпты. Қараса, екеуі екі жерден қыр салған. Былтыр да бір шалбарды өстіп еді.

– Қырмызы, мына шалбарға тағы екі қыр салып тастағансыңдар ма? – деді дауыстап. Ас үйде құрбысымен шай ішіп отырған әйелі іле-шала жауап берді:

– Енді, саған біреу екі әйел ал деді ме?

         Құрбысы сықылықтап күліп жіберді. Осылай деп жауап беретінін біліп тұрып сұраған өзіме де сол керек деп ойлады Ардақ.