Әдебиет • 22 Сәуір, 2019

Балконымда ғана ақынмын

980 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгін назарларыңызға талантты ақын Олжас Қасымның өлеңдерін ұсынып отырмыз. Олжастың отты жырларында боямасыз өмір бар. Өлең - сонысымен өміршең. Автордың ешқайда жарияланбаған жаңа тотамасынан жан сарайына көктем сыйлай отырыңыздар. Олжас Әбілұлы Қасым – 1989 жылдың 22 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Төлеужан Ысмайылов атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Халықаралық «Қазақстан ZAMAN», республикалық «Дарабоз» журналы, «Алматы» телеарнасында қызмет етті. Бүгінгі таңда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасында шеф-редактор. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарық көрген. «Алтын қалам-2011», XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Алтын тобылғы» Ұлттық жүлдесінің жеңімпазы, «Серпер» Жастар одағы сыйлығының, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. «Бозбеткей» өлеңдер жинағының авторы.

Балконымда ғана ақынмын

Бара жатыр

Қайқаң жолдар бара жатыр дидарыңды көруге,
Раушан гүлдер бара жатыр құшағыңа енуге.
Сұлу сөз де бара жатыр жүрегіңде еруге,
Жылы жел де бара жатыр маңдайыңнан өбуге.


Көбелектер бара жатыр бұрымыңа қонуға,
Көлеңкелер бара жатыр саған сая болуға.
Ақ ұлпа қар бара жатыр еру үшін қолыңда,
Аппақ үміт бара жатыр жүру үшін соңыңда.


Әсем қайық бара жатыр сені айдында тербеуге,
Сансыз ойлар бара жатыр сені күнде тергеуге.
Жүйрік күндер бара жатыр сені мұңнан емдеуге,
Қызыл жалын бара жатыр жанарыңда сөнбеуге.


Түмен шаттық бара жатыр қолтығыңнан демеуге,
Жұлдыз тартып бара жатыр тұру үшін төбеңде.
Таулар саған бара жатыр түсірмеуге төменге,
Арман саған бара жатыр қуанышқа бөлеуге.


Мұрат жүйткіп бара жатыр шығарам деп асуға,
Сұрақ ұйтқып бара жатыр әлеміңді ашуға.
Бақ та сеніп бара жатыр қалу үшін басыңда,
Бақыт желіп бара жатыр болу үшін қасыңда!

       


Қар еріген

Кездескен шақ. Нұрлы сәт.  Қар еріген,
Қар еріген қарсы алған әлемімен.
Қойнымда құшақ-құшақ шаттық тұрды,
Мойныңда ойнап тұрды әдемі мең...


Бір шуақ тарағанда жүз, өңінен.

Тоң жібіген, жүректе  мұз еріген.

Таңғы шықтай тап-таза аңсарым мен,

Ықыласымнан ып-ыстық  қыз еріген.


Аппақ қыздың алғаусыз тілегінен,

Қолымдағы нарт қызыл гүл еріген.

Аңдап қалғам мен сонда сезім жасы.

Сырғып бара жатқанын жүрегінен.


Қос жүректің ынтызар сәлемінен.

Ебіл-дебіл егіліп, жан еріген.

Мекенінен сезімнің көштік қалай?

Өштік қалай мезгілдің бәденінен?!    


Шуақ қайда сондағы сызды еріткен.

Қуат қайда бойдағы қызды еліткен?!

Қар ерісе қағамыз неге дірдек? 

Қар ерісе тоңамыз біз неліктен? 


Қоштасқан шақ. Мұңды сәт. Қар еріген,

Көңіл қайтқан, жаңылған әуенінен.

Ерудей-ақ, еріппіз ол да, мен де.    

Ештеңе жоқ, ешкім жоқ, бәрі еріген...         



Балконымда ғана ақынмын

Шабыт түзде менен аулақ,
Балконымда ғана ақынмын.
Тұрам ылғи өлең аулап,
Құшағында қара түннің.

Бұл қаланың лезде жадым,
Көшіреді мың-мың түсін.
Көшеді оңай кезген ағын,
Тұншықтырған қыз күлкісін.

Түртер мені маздап келіп,
Ұйқастардың керуені.
Бәрін тізіп жазбақ болып,
Қара қалам еліреді.

Нөпір ойлар келгенімен,
Жараспайды көңіл тасқан.
Сол ұйқастар керуенімен,
Жарар еді мен ұйқассам...

Жұлдыз көктен бал ашады,
Сол жұлдызға самғайды арман.
Жазсаңшы деп жел ашады,
Кітабымды толмай қалған.

Болса-дағы бұл маусым бап,
Күйде емеспін күй тілердей.
Алматыда туған шумақ,
Астанада ұйқы бермей.

Әр өңімде түс көрем мен,
Демегенде нәзік шыдам.
Ақ параққа түспегенмен,
Жүйкеме жыр жазып шығам.

Құшағында қара түннің,
Тұрам ылғи өлең аулап.
Балконымда ғана ақынмын,
Өлең түзде менен аулақ!



Ауадан ақша жасайтын адам

(Баллада)  

Сағым ғана бұлдырап лаулайтұғын,
Маң даладан өзге ешкім бармайтұғын.
Айналдыра бір күні қақты қазық,
Біз білетін Айнабек алмай тыным.

Жаралғандай құрыштан тәні мүлдем,
Қызған сайын жұмысы жаны кірген.
"Айдаладан ақ отау тігем дей ме?",
Не көрінді бұған деп бәрі күлген.

«Алысыңдар, алыссаң басқаменен»,
Деп егесін Айнабек бастап ерен.
Тәуекелден қашпаймын қара да тұр,
Мен ауадан жасаймын ақша деген.

Жанарынан бір жалын ұшқындаған,
Сол адамға өзгелер пысқырмаған.
Қу даладан көрерміз пайда тапсаң,
Күлгендер көп, мазақтап мысқылдаған.

Мақсатынан айнымай ол әуелгі,
Ауа көшкен үдере қалаға елді.
Шығарып сап баппенен шырт түкіріп,
Жалғыз өзі жапанда қала берді. 

***

Игілікке жететін таңды санай,
Ол қиыннан түзді абат жолды солай.
Боран менен жауынға арқа тосып,
Атыраптан сарыалжын салды сарай.

Бұрып әкеп тентектеу тау бұлағын,
Маңайына қаптатты талды қалың.
Шипажайы жансебіл Айнабектің,
Әйгіленіп, баршаға болды мәлім.

Аспанынан күдіктің бұлты арылған,
Айдай ару өлкеге гүл тағынған.
Көрмек болып, шаттыққа енбек болып,
Шалғайдағы қаладан жұрт ағылған.

Қойнауына қызықтың болды енер күн,
Аз-ақ күнде еленді еңбегі ердің.
Айнабекке күлгендер жүрді ішінде,
Ауа таппай қаладан келген елдің.

Деген оймен іргемді жайлайды құт,
Тосқан таңын қарсы алды талмай күтіп.
Ал адамдар жүр мұнда Айнабектен,
Сатып алған ауаны тоймай жұтып...

***


Тұр қасқайып жуынған шықпен жаңа,
Ауа іздеген адамды күткен дала.
Түу алыста күркілдеп жөтеледі,
Көк түтіннен өкпесі біткен қала!


Қырсық

Мен жақсы өлең жазар кезде ұнаған,
Шәй ішуге шақырады бір ағам.
Жалған күліп отырамын алдында,
Жырларымды жұбата алмай жылаған.

Төгер сәтте бір тылсым жыр тасқынын,
Жиналысқа шақырады бастығым.
Берекемді қашырады қарадай,
Мерекелік шаралар деп басты мұң.

Мен жақсы жыр жазар кезде дұғалы,
Азық-түлік бітеді де тұрады.
Жетеді ынтық ала сөмке қарыма,
Кетеді үркіп шабытымның пырағы.

Мен жақсы өлең аулар кезде құр тұрмай,
Телефоным безілдейді бір тынбай.
Күйбең күннің ыңғайынан шыға алмай,
Өлең бағым қурап жатыр құлпырмай.

Бүгін анық шабытымның шырқары,
Тұр көктемнің ыңғай беріп бұл таңы.
Ал жазуға отырайын, иә сәт,
Түу,
Есігімді қағып тұрған кім тағы?!


Шырамыту         

Аялдама әлде, жағалаудан көрдім,

Ерттім бе екен оны, бәлкім оған ердім.

Таппай қалып тұрдым жүректегі орнын,

Шырайына қарап шырамыта бердім.

Неткен жылы бейне, неткен суық өңі,

Жақын әрі алыс оның маған жолы.

Айтар ма екен бәрін айды аунатсам бері,

Жымияр ма шіркін, жылды ағызсам кері.

Кетті ме оған өшім, болған сынды досым,

Бұл келісі қызық, бұл келісі тосын.

Есінейді алдан ес кірмеген кешім,

Есіл күнім бе едің, өшкіндеген есім?!

Бірде сеніп қатты, енді бірде сенбей,

Сөзім болып жұтаң, сезімге еріп көлдей.

Ендім оған түстей, көрдім оны өңдей,

Танысқым да келіп, танығым да келмей.

Оттай жанып барам, сансырады санам,

Ей, көңілге келші, көзімдегі адам.

Таусылар ма шарам, бітер ме екен шамам,

Қандай сұраққойып, қандай жауап алам?!

Тілегіме тұнып, жүрегіме кіріп,

Кетсе қайтем жылап, кетсе қайтем күліп.

Ашылғандай болып, арадағы құлып,

Жанар ма екен үміт, болар ма екен ұмыт?!

Елестей ме қашқан, белестей ме қуған,

Өмір неткен баяу, өмір неткен жылдам.

Ойларыма шомып, толқын болып туған,

Өзімді өзім мен бе, шырамытып тұрған?!    



Де-жа-вю    

Көрген едім бұрын бәрін,

Кенет назар аударғанын.

Дәл осылай бұрылғанын,

Дәл осылай таң қалғанын.


Қимаймын деп сол даланы,

Әңгімесін айтады әлгі.

Сәл мұңайып салған әні,

Бүгін тағы қайталанды.


Ол отырды түсі қашып,

Еске салып күздің күнін.

Дәл осы бір ұшырасу,

Болған сынды жүз жыл бұрын.


Сәт қой деп ем кешпейтұғын,

Тағы міне кезіктірдім.

Оның қазір не істейтінін,

Іштей ғана сезіп тұрмын.


Шешімі жоқ сұрақ әр күн,

Өмір сырын білдірмеген.

Өткен күнін бір адамның,

Қайта сүріп жүрмін бе мен?!


Менің қалашығым!


5 жатақханаға бармадым, бүгін басқамын,

Жүрегім бұлқын.   

Бар еді тұп-тұнық аспаным,

Бар еді жәудіркөз бұлтым.


КазГУ-де өлеңдер өрген,

Мекендеп жан төрін.

Тұр ма екен құлазып бөлмем,

Момақан балконым?!


Ығыстырды ол жақтан бізді,

Алмасқан күміс жал толқын.

Сағындым жаураған күзді,

Жастықтың өртін.


Құдды бір мөңкіген өзен,

Өткерген жылым.

Секілді ұшқындап, басылған кезең,

Мұрат Шаймаран* шеккен шылым.


Сол мәлім, беймәлім алаңда,

Әрине, жасанған қыз көп.

Солардың жүрегінен табам ба?

Барсам баяғы өзімді іздеп.


Тудырып жүректен ізгі ой,

Болмады кету де оңай.

Сен айтшы сиреген біз ғой,

Сүйкімді тоғай.


Көктің алқымын жыртпай,

Тынбастан селдете жаудым.

Сосын бір шөкім бұлттай,

Алматыдан Арқаға аудым.


Сан уақыт өтіпті арада,

Аулаққа салғалы іргемді.

Төрт жол осы өлең ғана ма?

Төрт жылдан қалған бір белгі?!


*Мұрат Шаймаран – ақын, ҚазҰУ-да сабақ берген ұстазым                    





Соңғы жаңалықтар