16 Наурыз, 2010

ЖАҢА ӘКІМДІ ЖАРҚЫН ІСТЕР КҮТУДЕ

513 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Республика Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола облысының  әкімі А.Рау басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Республика Үкіметінің басшысы К.Мәсімов облыс активінің жиналысында жұртшылыққа Елбасы Жарлығын таныстырып, оны облыстық мәслихаттың депутаттары қолдағанын атап көрсетті. – Альберт Павлович Рау астаналық облысты басқарған екі жылдың өзінде өңірге заманалық тұрғыдағы жаңа тыныс алып ке­луі­мен ерекшеленді, – деді Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мов. – Елбасы тапсырмасы бойын­ша облыс Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруда жетекші орын алады. Осыған сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісінде қуатты қайта өңдеу кәсіпорындары пайда болды. Соңғы жылдары респуб­ли­калық маңыздағы иннова­ция­лық жобалар жүзеге асса, биыл­дың өзінде нақты қайтарым бере­тін 8 жоба қолға алынып, қар­жы­лан­дырылды. Бурабайдағы ар­найы экономикалық аймақтың құ­рылуында, туристік кластердің назар саларлық қадамдарында, өңірдегі әлеуметтік кешенді тап­сырмалардың шешімін табуында А.Раудың ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі танылды. Біз осы үшін Альберт Павловичке ризалығымызды білдіреміз. Одан кейін Үкімет басшысы облыстың жаңа әкімі болып та­ғайындалған С.А.Дьяченконы таныстырды. Сергей Алексан­дро­вич — осы өңірдің тумасы. Көк­ше­тау қаласының комсомол, партия ұйымдарына басшылық жасап, республикамыздың атқарушы және билік органдарында тәжіри­бе қалыптастырған азамат. Ол бұған дейін Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары қызме­тін атқарып, ел дамуына серпін берген заңнамалардың қабыл­дануына ұйытқы болды. Премьер-Министр К.Мәсімов Альберт Раудың жаңадан құрыл­ған Индустрия және жаңа техно­ло­гиялар министрінің орынбаса­ры болып тағайындалғанын хабар­лап, ғылым докторының жаңа қыз­метінде табысты болуына ті­лектестік қосты. Өз сөзінде А.Рау Елбасы сенімін абыроймен ақтайтынын білдірді. Жаңа әкімнің алдына облыс тұрғындарының өмір тіршілігін жақсартуға бағытталған маңызды міндеттер қойылды. Өңір бас­шы­лығы Елбасы Жолдауында алға қойылған тапсырмалардың та­быс­ты орындалуын қамтамасыз етуге тиіс­ті. Мұнда, ең алдымен, мемле­кеттің индустриялық-инно­вациялық бағдарламасын орын­дау, тәжірибеде үлкен қайтарым бер­ген “Жол кар­та­сы” бағдарла­ма­сын жүйелі жал­ғас­тыру, “Биз­нестің жол картасы-2020” бағдар­ламасының серпіні, бас­қа да өмірлік маңызды бастама­лар­дың салтанаты сұралатын болады. Актив жиналысына Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин қатысты. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.