22 Сәуір, 2019

ҚХА мемлекеттік тілді дамыту жобаларын талқылады

899 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада ҚХА Төрағасының орынбасары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Мемлекеттік тіл – келісім мен бірліктің негізі» атты жиын өтті. Шара аясында мемлекеттік тілді оқыту мен дамытуға, латын әліпбиіне көшуге бағытталған жобалар кеңінен таныстырылды.

ҚХА мемлекеттік тілді дамыту жобаларын талқылады

Жиынға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми хатшысы Анар Фазылжанова, «Ситуативный Казахский»  кітабының авторы, жазушы Қанат Тасыбеков, оқу орындарының оқытушылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және басқа да сала мамандары қатысты. Жиында сөз алған Ж.Түймебаев мемлекеттік тіл қоғамдағы келісім мен бірліктің негізі екенін ерекше атап өтті.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі бағытының бірі – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту. Себебі, тіл – қатым-қатынас құралы ретінде көпэтносты Қазақстан халқын біріктіруші күш. Сондықтан еліміздегі барлық этностың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін барынша күш жұмсауымыз қажет. Біріншіден, Қазақстанның әрбір азаматы орта білімді тәмамдаған кезде мемлекеттік тілді толықтай білуі тиіс. Екіншіден, мемлекеттік тілді білмейтін алдыңғы буын, сондай-ақ, ұзақ уақытқа қоныс аударып келген адамдар үшін қазақ тілін аз уақыттың ішінде үйренуге жағдай туғызамыз, - деді Ж.Түймебаев. Осыған байланысты спикер Қазақстанның барлық этникалық топтары үшін мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығын атап өтті. «Бұл кезекте Ассамблея этностарға өз тілін меңгеруіне қалай қолайлы жағдай туғызса, еліміздің мемлекеттік тілдің үйренуіне де солай ыңғайлы жағдай туғызу үшін жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдарында бірнеше тілде сөйлейтін жастар өсті. Олар бірнеше тілді білу өздерінің амбицияларын және жоспарларын жүзеге асыруда маңызды әлеуметтік фактор екенін дәлелдейді», - деді Хатшылықтың басшысы. Ол Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесінің қолдауымен бес жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылған «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» жобасының қажеттілігіне назар аударды.

«Әлемдегі көптеген тілдерде ұлттық корпустар бар. Жалпы қабылданған үлгі – ағылшын тілі. Қазақ тілінің ұлттық корпусы – бұл жаһандық гипермәтін, жаңа қалыптасқан бірегей лексикографиялық жұмыс. Бұл 300 миллионнан астам қазақ сөзін қамтитын терең түсіндірілген ашық компьютерлік жүйе», - деді Жансейіт Түймебаев. Оның айтуынша, бұл томдық лексикографиялық корпус кеңейтіліп, жаңа сөздер мен тұжырымдамалармен толықтырылып отырады.


Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ғылыми-практикалық орталығының ғылыми хатшысы Анар Фазылжанова ұлттық корпус құру мен олардың түрлері туралы кеңінен баяндама жасады. Бұл тарапта бірнеше жылдан бері ізденіп жүрген ғалым аталған жобаның ҚХА қолдауымен алғашқы кезеңінің жүзеге асырылғанын жеткізді. Яғни, әрбір дамыған мемлекет, біртұтас елдерде өздерінің ұлттық-тілдік корпустары қалыптасқан. Мысалы, британ ұлттық корпусының базасында 1 миллиард сөзден тұратын ағылшын тіліндегі электронды мәтін бар.

«Мұндай мәтін Google жүйесінің дерекқорында да бар. Бірақ корпус арқылы аннотациялық мәтін арқылы, кез келген сөзді басу арқылы мағынасы жайындағы толық ақпаратқа қаныға аласыз», - деп түсіндірді Анар Фазылжанова. Оның айтуынша, қазақ тілінің ұлттық корпусы – тілді цифрландыру арқылы жаһандық желіге енгізу тұрғысынан бірден бір керек жоба.


Ал қазақ тілін елу жасқа жеткенде үйренген Қанат Тасыбеков «Ситуативный Казахский» атты еңбегін мысалға келтіре отырып, тілді өздігінен үйренудің практикасы мен оның әртүрлі әдіс-тәсілдері, тілдік ортаның мәдениеті туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Мәміле» клубының жұмысына да тоқталды.
– Негізгі мақсат – мемлекеттік тілді қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы, дәстүрлері, менталитеті мен өмірлік құндылықтары арқылы зерттеу, - деген лингвист кітабында ұсынылған әдіс мемлекеттік тілді үйренудің, әсіресе әртүрлі этникалық топ өкілдерінің өте тиімді құралы екенін атап өтті. 

Мемлекеттік тілдің қызметі мен қоғамдық аясын кеңейтуде жекелеген бастамаларымен көзге түсіп жүрген азаматтардың бірі «LINGVA TEN» тіл мектебінің директоры Вячеслав Ким де қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы жобаларын көп назарына ұсынды. Ал белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова ҚХА-ның «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы туралы баяндады. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, «Сиқырлы әріптер мен сөздер әлемінде» кешені негізінде мектеп жасына дейінгі балаларды қазақ тіліне үйрету және басқа да мәселелер талқыланды. Ал тілді меңгергісі келетіндерге тиісті орта құру мақсатында жасалған «Мәміле» жобасы және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Шаңырақ» жобасы ұсынылып, «Shuǵylakіtap» баспасының «Үш тілдің патшалығы. The kingdom of three languages. Королевство трех языков» оқу-әдістемелік кешені негізінде мектепке дейінгі үштілді білім беруді іске асыру туралы ақпарат берілді.