Аймақтар • 22 Сәуір, 2019

Қыздар университетінде Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті

1850 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Білім мен ғылымның іргелі ордасының ажарын ашқан айшықты күн. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Наурыз мейрамына арналған «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты мерекелік іс-шара өтті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметінің басшысы Жандар Асан хабарлады.

Қыздар университетінде Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласына орайластырылып өткізілген салтанатты жиынның ресми бөлімі  оқу орнының «Ақ шатыр» жазғы алаңынан бастау алды. Университет ұжымы мен студенттері жиналған көпшілік назарына оқу ордасының өнер ұжымдары мен жекелей орындаушылары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерінен сыр шертетін музыкамен әрленген театрландырылған көрініс те мереке ажарын айшықтай түсті.

Сахна шымылдығы «Ұлар» этно-фюжн ансамблінің орындауындағы «Наурыз» әнімен ашылды. Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова жұртшылықты ұлтымыздың ұлық мерекесімен құттықтап, бұл мейрам ұрпақтар сабақтастығының жəне халқымыздың тереңнен тамыр тартатын салт-дəстүрі мен мəдениетінің символына айналғанын айтты.

– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай 75 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұйымдастырылып отырған «Ұлы Даланың ұлық мерекесі» атты жиынға қош келдіңіздер! Бабадан балаға мұра болып келе жатқан Наурыз – халқымыздың бірлігінің берекесі, шынайы тірлігіміздің мерекесі. Ұлттық өркениетіміздің өлшемі. Қазақ елі бұл мейрамды қашанда биік көңілмен, кең пейілмен ерекше қарсы алады. Наурызды ұлықтау – халқымыздың салты мен дәстүрін жаңа кезеңге көтеру деп білеміз. Наурызды жаңғырту – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттар мен міндеттерді жүзеге асырумен астасып жатқан шара. Ұлттық код пен ұлттық болмыс – рухани әлеміміздің өзегі. Оны дамыту бүгінгі ұрпақтың басты парызы, міндеті және шамшырағы. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз баршаңыздың шаңырағыңызға шаттық пен несібе әкелсін! Дендеріңізге саулық, толайым табыс тілеймін, деді Гаухар Төремұратқызы.

Сондай-ақ мерекелік шараға арнайы қонақ ретінде қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Шығармашылық жұмыстар және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Сәкен Майғазиев және ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы бюросының қызметкері Мейіргүл Алпысбаева Қыздар университетінің ұжымын Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Мемлекет болашағының кілті – қазіргі жаңа технологияларды жете меңгерген, сонымен қатар түп-тамырынан ажырамаған, салты мен дәстүрін, тарихын білетін білімді де білікті азаматтардың қолында. Осы орайда Ұлыстың ұлы күні – нағыз салт-дәстүрімізді дәріптейтін, ұлттық нақышымызды насихаттайтын өрелі де, өнегесі мол мейрам. Жыл басы құтты болсын,» десті сөз алғандар.

Мерекелік шараның екінші бөлімі университет алаңында жалғасын тапты. Мұнда ақшаңқан киіз үй тігіліп, профессор-оқытушылар мен студенттер түбі бір түркі халықтарының ас мәзірін дайындап, жұртшылыққа ұсынды. Ал, «Ақ шатыр» алаңында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы басым бағыттарды тақырып етіп алған факультеттер өзара сынға түсті. Атап айтқанда, Әкімшілік «Аң стилі», Педагогика және психология факультеті «Атқа міну мәдениеті», Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті «Алтын Адам», Өнер және мәдениет факультеті «Түркі әлемінің бесігі», Жаратылыстану факультеті «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны», Физика-математика факультеті «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» және Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті «Ұлы Жібек жолы» тақырыптарында сахналық қойылымдар қойып, өнерлерін көпшілік назарына ұсынды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдеге Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті лайық деп танылды. Бірінші орын Педагогика және психология факультетіне бұйырса, екінші орынды Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті мен Өнер және мәдениет факультеті еншіледі. Ал үшінші орын Әкімшілік, Физика-математика факультеті мен Жарытылыстану факультетіне бұйырды.

Бір бұл ғана емес. Мерекелік шара қарсаңында декоративті-қолданбалы шығармашылық көрмесі мен ұлттық спорт сайыстары да ұйымдастырылды.

Қыздар университетіндегі Ұлыстың ұлы күнін тойлауға Алматы қаласындағы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келді. Мерекелік  шарада студенттер мен қонақтарға наурызкөже және басқа да ұлттық тағамдар таратылды. Киіз үй үлгісінде арнайы дайындалған сахнада Халықаралық және республикалық өнер байқауларының лауреаты «Томирис» би ансамблі, «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі мен өзге де өнерпаздардың    қатысуымен өткен гала-концерт көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Осылайша Наурыз мейрамы тағылым мен тәрбиенің қарашаңырағында сән-салтанатымен және ерекше тартымдылығымен көпшілікті тәнті етті.


Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше