Руханият • 22 Сәуір, 2019

Қазақ киносындағы ұлттық болмыс киносыншының көзімен

2059 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жалпы, кинодағы ұлттық болмыс туралы әр түрлі пікір айтылады. Тіпті біреулер кино мүлде «ұлттық» деген ұғымнан тәуелсіз болуы тиіс деген пікірді де көлденең тартады. Ал, қазақ киносының тарихы мен оның теориясы жайлы іргелі еңбектер жазған белгілі киносыншы Бауыржан Нөгербек «Киноны ұлттық па деп сұрақ қоюдың өзі парадокс болып көрінеді. Өйткені, әдебиет болсын, кино болсын, ол ұлттық болуы тиіс. Егер ондай сұрақ туындаса, онда оның ұлттық болмыс, бояуы жағынан проблемалар бар деген сөз»,- дейді.

Қазақ киносындағы ұлттық болмыс киносыншының көзімен

Бауыржан Рамазанұлы зерттеулерінде қазақ киносының ұлттық болмысы алпысыншы жылдарда түсірілген Ш. Аймановтардың фильмдерінде айқын көрініс тауып, кейіннен, «жаңа толқын» кезеңі фильмдерінде өз қасиетінен айырылғанын тиек етеді. Ал, мұндай өзгерісті қазақ кинематографиясына қазақылық санадан алшақтау қала балаларының келуімен байланыстырады. Осының дәлелі, БМКИ (ВГИК) түлектері, соның ішінде, режиссер Ермек Шынарбаевтың жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» шығармасының желісімен түсірілген қысқаметрлі фильміндегі кәсіби деңгейдегі режиссерлік шешімі, экрандағы сұлуды бейнелеу тәсілі емтихан қабылдаушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Алайда, кейіннен бұл фильм отандық телеарнадан көрсетілгенде әдебиеттанушылар мен сыншылар тарапынан үлкен сынға ұшырады. Осы тұста, кинотанушы Бауыржан Нөгербек: «себебі, жас режиссер өзінің фильміне арқау еткен шығармадағы халықтың ұлттық психологиясын, тұрмыс-тіршілігін жете білмеуінен» деген пайым айтыпты.

Бауыржан Нөгербек өзінің баласы, кинотанушы Баубек Нөгербекпен бірлесіп жазған «Казахское  игровое кино: экранно-фольклорные традиции и образ героя» кітабында қазақ киносының бүкіл тарихын, кеңестік және кеңестік кезеңнен кейін деп екіге бөліп, әр кезеңге кәсіби талдау жасайды. Еңбекте тарихи-революциялық және тарихи-биографиялық фильмдерді халық өнері, анық айтқанда, фольклор мен тығыз байланыста зерттейді. Ш. Аймановтың «Махаббат туралы аңыз» режиссерлік тырнақалды туындысы халықтық жанрға негізделгенінін айқындайды. Бұл ұстанымды ой, Ш. Аймановтың  «Алдар Көсе», С.Қожықовтың «Қыз Жібек» және тағы да басқа кинотуындылардың бойынан жалғасын табады. Осы сынды, фольклорға негізделген кинотуындылардың өзара байланысын, сол кезеңдік тарихи жағдаймен қапталдастыра зерттейді.

Зерттеу барысында, 1980 жылдардың соңында пайда болған «жаңа толқын», аты айтып тұрғандай, қазақ киносына жаңа бағыт, жаңа көзқараспен алдыңғы буын режиссерлардан мүлде бөлек үрдіс қалыптастырып, классикалық фильмдердің басты формасы болған поэтикадан алыстап, шынайы көзқарасты алып келгенін дәйектейді. Ал, режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Жол», Серік Апрымовтың «Үш ағайынды» фильмдерінде  халықтық фольклордың, оның ішінде халық нақылы, ертегі  сияқты дүниелердің көрініс тапқанын айтады.

Бауыржан Нөгербек «Экранда «Қазақфильм» кітабында С.Апрымов пен Д. Өмірбаевтың режиссурасына кәсіби тұрғыда жан-жақты талдау жасайды. Талдауда тоқсаныншы жылдары түсірілген фильмдердің арасынан ұлттық кино атауына лайық фильм деп С.Апрымовтың «Ақсуат» фильмін ерекше атап көрсетеді. Яғни, ешқандай идеологияны дәріптемей, біреудің ырқына жығылмай, қоғамының хал-ахуалын суреткер өзінің субьективті көзқарасымен көру нағыз тәуелсіздіктің рухын арттырған деп түсіндіреді. Режиссер С.Апрымовтың өзге фильмдерін талқылай келе, «Қиян» фильмінен бастау алған өз туған ауылын өзі танымай қалған жат кейіпкері жайында кеңінен сөз етеді. Ешқандай бағыт-бағдарсыз қалған бұл кейіпкердің сапары ары қарай режиссердің басқа фильмдерінде де жалғасын табады. Бірақ, кейінгі фильмдерінен білетініміздей С. Апрымовтың кейіпкері әлі де жалғыз, әлі де барар нақты бағыты жоқ. Бауыржан Рамазанұлы психологиялық, эстетикалық құндылықтары жағынан талқылай келіп, адамның ішкі жан дүниесіндегі мұңын, сол кездегі қоғамдағы жағдаймен байланыстыра білген Апрымовтың фильмдерін өзіндік ерекше нақыштағы ұлттық колоритке ие деп тұжырымдайды. Бауыржан Рамазанұлының ойы мен келіспеске болмайды. Ұлттық деген ұғымда сөзсіз арғы дәуірді алып, кейіпкерге кестелі шапан кигізу шарт емес қой. Шынында Апырымовтың тоқсаныншы жылдар қоғамының көңіл-күйін еш боямасыз көрсететін «Ақсуат», «Қиян» сынды фильмдер дәл қазіргі уақытта тоқырау жылдарындағы халықтың тағдырын таспаға түсіріп алған бейнежазба кейіпіндегі құжат сынды емес пе?

Бауыржан Рамазанұлы өз сұхбатында жаңа толқын мен алдыңғы аға буынның айырмашылығы – біріншісінің өз заманының болашағын бұлыңғыр көруі деп айтқан болатын. Яғни, бұл режиссердың ішкі жан дүниесінде болып жатқан дағдарыспен де тікелей байланысты. 1960-1970 жылдардағы фильмдердің енді шарықтап келе жатқанда тоқтап қалуын Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев сынды білікті мамандардың мезгілсіз өмірден өтуімен түсіндірсе, одан кейінгі Шәріп Бейсембаев, Жардем Байтенов, Виктор Пұсұрмановтар алдыңғы буын өкілдерінің жолын лайықты жалғай алмағанын айтады. «Жаңа толқынның» бір жарқ етіп (Серік Апрымовтың «Қиян», Дәрежан Өмірбаевтың «Қайраты» т.б фильмдер) сол кездегі қоғамның көңіл-күйін өз кейіпкерлері арқылы кино тілімен байланыстырған туындылардың бірден тоқтап қалуын режиссерлердің жоғарыда аталған фильмдердің тақырыбынан шыға алмай қалуымен, яғни, идея тоқыруымен байланыстырады.

Бауыржан Рамазанұлы кино саласын зерттеген, оның ішінде қазақ киносының нағыз жанашыры бола білген тұлға. Оның жазған еңбектерінде қазақ киносының басталған күнінен бастап, барлық кезеңдер қамтылған деуге болады. Ол еңбектерінде киноның айтулы кезеңдеріндегі басты тақырыптарды қамтып қана қоймай, оның барлық саласындағы проблемалардың жауабын табуға ізденіс жасаған. Мысалы, жаңа толқынның болашағына алаңдаулы екенін «Новая волна без будущего?» мақаласынан байқай аламыз. Мақалада, Бауыржан Рамазанұлы «жаңа толқынның» ғұмыры ұзақ болуы үшін, ұлттық нақыштағы фильмдер түсірулеріне экономикалық жағдайларын жақсарту керек деген мәселені көтереді.

Жалпы Б. Нөгербек еңбектерінде «жаңа толқын» қазақ киносындағы Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаевтардан кейін жаңа леп әкелген жастар деп қарастырады. Олай деуге толық себеп бар. Өйткені, италияндық неореализм, неміс киносындағы экспрессионизм, атақты «Догма-95», француздық жаңа толқынның белгілері қазақ киносының тоқсаныншы жылдарыда пайда болған фильмдерінде айқын көрініс тапты. Мысалы, постмодернизм бағытының барлық ережелеріне сай режиссер Ә. Қарақұловтың «Жылама» фильмін де жатқызуға болады. Ондағы қол камерасының қолданылуы, дыбыстардың, көріністердің шынайылығы сөзімізге дәлел.

Тағы айтарымыз, Бауыржан Рамазанұлы өзінің қазақ киносы жайында жазған еңбектерінен кинодағы ұлттық сана мәселесіне баса назар салғанын түсінеміз. Оған дәлел, «Қазақстанкиносы» атты кітабында «қазақ киносы ұлттық па?» деген ірі сауал арқылы қазақ киносының тағдырын зерттеудегі алтын қазығы іспетті қабылдануында. Кітаптың бұл тарауында ол қазақ киносындағы жаңа толқын режиссерларының фильмдерін ұлттық болу тұрғысынан талқылайды. Бұл турасында, Бауыржан Нөгербек ұлттық сананы дәріптейтін фильмдердің аз болуы, режиссерлардың мақсатталған тақырыпты шын түсіне алмағандығымен және қанша жыл өзге елдің боданында болып, кейін де сол елдің ойымен санасып отыру әдетінің әсері, қазақ киносындағы өзіндік ұлттық сананың қалыптасуына кері әсерін тигізуде деген ойға тоқтам жасайды.

Бауыржан Нөгербек өзінің қазақ киносының тарихы, анимация жанры, фольклордың кинодағы көрінісі, М.Әуезовтың шығармаларының экрандалуы сияқты ауқымды тақырыптарға мақала, очерктермен кітаптар жазды. Ұлттық сана тек режиссерге немесе сол елдің фольклорына ғана емес,сонымен бірге, халықтың көріп отырған фильміндегі «кейіпкерлердің» өздеріне түсінікті болуын маңызды санаған. Себебі, «ұлттық нақыштағы кино жасаудың бірден-бір жолы – өз елің туралы киноны өзге көрсін, әлемге танылайын деген мақсатта емес, фильмді өз халқыңа түсінікті болатындай етіп жасау керек» дей отырып, бүкіл әлемге танымал Феллинидің ең алдымен италяндықтарға, содан соң басқаларға түсінікті екенін алға тартады.

«...Әдебиетте Абайдан бастап, өз ұлтының адамдары ғана әдебиет жасауда. Киноның кішкене өзгешелігі, өзіндік ерекшелігі бар. Оны  интернационалдық өнер, ал, тілін халықаралық деп айтуға болады. Монтаж, ірі план болсын, кез-келген бейнелеу тәсілдері ортақ. Ал, әдебиетте тілдің өзі шығарманың ұлттық негізін қалайды. Өйткені, кез-келген әдеби шығарма нақты бір тілде жазылады, кино өнерінде олай емес. Себебі, түсіру жұмыстары, прокаты халықаралық өлшеммен іске асады. Сондықтан, режиссердің дүниетанымы, көзқарасы мен ішкі сезімі ғана ұлттық ерекшелікті жеткізе алады» дейді ол.

Бауыржан Нөгербек ұлт фильмі тек, режиссердың тың әдіс-тәсілдерімен іске асқан экрандық жақсы дүниелердің жиынтығы емес, бастысы ұлтқа деген шынай жанашырлық екенін алға тартқан киносыншы тағы да: «Ұлттық кино, жалпы өнер дегеніміз – ең алдымен қайталанбас рухани дүние. Суреткер экранда өзінің шығармашылығы арқылы, халқының рухани әлемін, оның өзекті мәселелерін бейнелей алғанда ғана ұлттық киноға айналады» дейді.

Отандық киноның тарихы мен теориясын барынша зерделеген қазақ киносы саласында өшпес із қалдырған Бауыржан Нөгербек «Ертегілерге жан біткенде»,  «Қазақстан киносы», «Экранда «Қазақфильм», «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүр» монографиялары, «Қаза киносының тарихы» оқулығыныдағы, «Қазақ анимациялық киносының тарихы» сынды кітаптарын жазып, іргелі еңбектері ТМД елдері, Югославия, Германия, Голландия, Италия, Оңтүстік Кореяда тілдеріне аударылып басылған аса ірі тұлға. Өзін кино саласынан көргісі келетін жастар үшін бір пайдасы болар деген оймен тәлімгер тұлғаның қазақ киносының ұлттық бағыты жөніндегі ойларының бір парасын осылай ортаға салғанды жөн көрдік.


Балжан Сауырбаева,

Қазақ ұлттық өнер университеті,

кинотану мамандығы бойынша 3 курс студенті.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше