16 Наурыз, 2010

ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

704 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанада “VІProMotіon”, “Іstіsna Corporatіon” агенттіктерінің ұйымдастыруымен және Индустрия және жаңа технологиялар министрігі мен “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың қолдау көрсетуімен исламдық қаржыландыру тақырыбына арналған халықаралық конференция өтті. Онда елімізде исламдық “Al Hіlal” банкін ашу, Қаржы мини­стр­лігінің сумук атты исламдық бағалы қағаздарды шығару туралы ұсынысын, исламдық қаржылан­ды­ру туралы заңға енгізілген соң­ғы өзгерістерді талқылау, Ислам банкі мен “Қазақстанның Даму банкі” АҚ арасында бірлескен банк құру, исламдық қаржылан­ды­ру көздерін пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Оның жұмысына Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімов қаты­сып, сөз сөйледі. Бұдан басқа жи­ын­да исламдық қаржыландыру жүйе­сінің маңыздылығы жөнінде Қазақстан тарапынан Вице-премьер – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Қаржы министрі Болат Жәмішев, меймандар жағынан Бахрейн Үкіметі басшысының экономикалық мәселелер жөнін­дегі кеңесшісі Абдулла Хасан Саиф, Исламдық қаржыландыру қызметі жөніндегі кеңестің бас хатшысы Рифат Ахмед Абдель Карим сынды осы саланың белгілі мамандары өз ойларымен бөлісті. Кәрім Мәсімов қазір елімізде исламдық қаржыландыру мәселе­сін енгізу үшін барлық мүмкін­дік­тер қарастырылып отырғанын, ТМД бойынша тек Қазақстан ғана қаржыландырудың осы жүйесіне алғаш рет қызығушылық танытып жатқанын, соған дәлел ретінде бү­гінде Үкімет аталған жүйені то­лығымен ендіру мақсатында инс­титуттық ортаны қалыптастыруға баса мән беріп отырғанынан ха­бар­дар етті. Осыған орай  ол ис­ламдық қаржыландыруда басшы­лық­қа алынатын шариғат қағи­дат­тары Қазақстанның экономикалық даму ұстанымымен сәйкес келеті­нін, еліміздегі қаржы саясатының мөлдірлігін қамтамасыз ету, оны сапалы басқару, қаржы саласы мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланыста көрініп отырғанын атап өтті. Осыдан кейін сөз алған Вице-премьер – Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрі Әсет Исе­кешев ислам банкингінің маңыз­дылығын айта келіп, елімізде жақын арада исламдық “Al Hіlal” банкінің құрылатынын, қазір оның құжаттарын дайындау жұ­мы­сы жүргізіліп жатқанын айтты. Ал Қаржы министрі Болат Жәмі­шев өз сөзінде исламдық қаржы­ландырудың еліміз үшін страте­гиялық маңыздылығына кеңірек тоқталып өтті. Оның айтуынша, көп­теген елдер исламдық қаржы­ландыруды енгізуді экономикалық мақсаттылық тұрғысынан қарас­ты­ру­да. Исламдық қаржы инсти­тут­та­рының орнықты қаржылық әл-ауқаты, базалық сипаттары, олар­дың әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайындағы тұрақтылығы ислам­дық қаржыландыруға жаңа қырынан қарауға итермелеуде. Қазір, деді ол осы орайда, Фран­ция, Ұлыбритания, АҚШ, Оң­түстік Корея және басқа да елдер қаржылық-құқықтық жүйелерін исламдық қаржыландырумен байланыстыруда. Конференцияда Бахрейн Үкі­меті басшысының экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Абдулла Хасан Саиф, Исламдық қаржыландыру қызметі жөніндегі кеңестің бас хатшысы Рифат Ахмед Абдель Карим сынды осы саланың белгілі мамандары Қа­зақстанға исламдық қаржылан­ды­ру­ды енгізу мәселесін қолдай­тын­дарын және ол үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін жасай­тындарын атап көрсетті. Дастан КЕНЖАЛИН.