Медицина • 24 Сәуір, 2019

Қазақстан-Корея онкологтары бас қосты

938 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Университетінің медицина мектебінің ғимаратында Корея Республикасы Президентінің Қазақстанға сапары аясында Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрі Пак Нын Худың қатысуымен «Қазақстан-Корея» онкологиялық симпозиумы өтті.

Қазақстан-Корея онкологтары бас қосты

«UMC» корпоративтік қоры мен Кореяның денсаулық сақтау индустриясын дамыту институты­ның (KHIDI) ынтымақтастығы шеңберінде өткен басқосуда екі ел онкологтары Қазақстан мен Кореяның онкологиялық аурулармен күресінің жалпы саясаты, протонды терапияның қазіргі заманғы әдіс-тәсілдері, сүт безі обырын ерте кезеңде анықтау, лапароскопиялық хирургия сияқты т.б. саладағы өзге де өзекті мәселелерін талқылады. 

Симпозиум жұмысын ашқан «UMC» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Ж.Жұмаділов мұндай іс-шаралар өзара тәжірибе алмасуға, қатерлі ісік ауруларымен күресте күш біріктіруге мүмкіндік беретінін атап көрсетті. 

Кореяның Ұлттық онкология­лық орталығының президенті Ли Ын Сук қатысушылардың назарына орталық қызметі мен оның даму кезеңдері, көрсетілетін қызмет түрлері жөнінде баяндама ұсынып, сүт безі обырын ерте анықтау, лапа­роскопиялық хирургия әдістері туралы тәжірибелерімен бөлісті. «Корея Республикасындағы Онко­ло­­гиялық қызметті ұйымдаст­ыру жоспары 1995 жылы алғаш рет әзірленіп, қолданысқа енгізілді. 2001 жылы осы жоспарға сәйкес Ұлттық онкология орталығы ашылды. Алғашында онкологияға шал­дыққан пациенттердің 5 жылдық өмір сүру қабілеті 40% деңгейінде еді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 71%-ға дейін артты. Бұған онкопациенттерді жоғары дәлдікпен дер кезінде тіркеу де себеп болып отыр. Бұл барша халықтың 99%-ын қамтиды. Осыған байланысты республикамызда негізгі мәліметтер базасы құрылды, бұл ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу және дараланған әрі нысаланған терапияға дайындау үшін де үлкен септігін тигізді. Қазақстанда онкологиялық көмек көрсету қызметі ұйымдастырылуда, сондай-ақ протондық терапияны ұйымдастыру мәселесін қарас­тыруда. Протондық терапия ба­ғытын біз 2001 жылы әзірлей бас­­тадық, 2007 жылы Протондық те­ра­пия орталығы ашылды», деді ол. 

Сондай-ақ басқосуда Кореяның онкологиялық орталығының құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері онкологиялық ауруларды бақылауды күшейту, түрлі қатерлі ісік ауруларын емдеуде протондық терапияны пайдалану бойынша тәжірибелерімен бөлісті. 

«UMC» корпоративтік қорының Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының Он­когематология және кемік ма­йы трансплантациясы бөлімінің жетек­­шісі В.Кемайкин Қазақстанда гема­тологиялық қызметті қалыптас­ты­ру­дың негізгі кезеңдері мен да­мы­ту бойынша жүргізілген жұ­мыс­тар­дың нәтижелерін баяндады. 
Айта кетейік, Қазақстанда был­тыр қатерлі ісік ауруларына шал­дыққан 35 мыңнан астам адам анықталған, ал жалпы онколо­гиялық нау­қастар саны 170 мыңнан асады.