Аймақтар • 24 Сәуір, 2019

Тұлғалар аллеясы ашылды

1126 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жалынды жыршы Мұрат Мөң­кеұлы, ел тарихында ерекше орны бар эт­нограф Мұхамбет-Салық Баба­­жанов, Алаш қайраткері Бақты­герей Құлманов, көркем сөздің зергері Ығылман Шөрекұлы, мемлекет қай­раткері, академик Салық Зи­манов, белгілі жазушы-академик Зей­нолла Қабдолов, әйгілі актер Нұрмұхан Жантөрин, заманымыздың заңғар тұлғасы атанған жазушы Әбіш Кекіл­баев...

Тұлғалар аллеясы ашылды

Жолыңыз түсіп, Атырауға бара қалсаңыз, Халел Дос­мұхамедов атын­дағы мем­лекет­тік университеттің алды­нан осы тұлғалардың тас мүсін­дерін көре аласыз. Білім орда­сының алдынан орын алған Халел ескерт­кішінің екі жағы қазақ елінің тарихында есімдері құрметпен аталатын көр­некті тұлғалардың бюст бей­не­лерімен толықты. «Тұлғалар аллея­сының» ашылу салтанатына мү­сіндері қойылған қайраткерлердің ұрпақтары арнайы келіп қатысты.

– Ұлтымыздың тарихы мен руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаларды жастар біліп жүрсе екен, солардың өмір жолдарынан тағылым алып, еліне, жеріне қызмет етсе екен деген ниетпен осындай бастама көтерген едік. Елдігіміз үшін қызмет еткен ардақты тұлғаларымыздың мүсіндері білім орда­сының көрнекті жерінен орын алғаны – біз үшін үлкен абырой, мақ­таныш, – дейді университет ректоры, химия ғылымдарының докторы Абзал Талтенов.

«Тұлғалар аллеясының» ашылу салтанатында Қазақстанның Ре­сей­­­дегі Төтенше және өкілетті ел­ші­сі Иманғали Тасмағамбетовтің құт­тық­тау хаты оқылды.

– Бір алаңдағы сегіз арыстың сегіз мыңнан астам жас білім алатын қара­шаңырақтың кіреберісінде тұрғанының өзі рух береді. Жігеріңді жаниды. Ұлы­­­лардың жанына аялдамай өтуге дәтің бармайтындай  әсерлі мү­сін­дер, әсіресе ескерусіз қалып жүрген арыс­та­рымыздың тұғырға қонғанына риза пейіл­деміз, – деп атап өтті қоғам қайрат­кері Рашиля Мүрсәлиева.

Аллеяның ашылу сәтіне аймақ­тағы зиялы қауым өкілдері, жастар мен қоғамдық ұйым мүшелері куә болды. Рухани жаңғырудың сөзбен емес, осылайша іспен көрсетілуі де кө­ңілге қуаныш сыйлайды.

 

АТЫРАУ