«Атырау-ақпарат» медиа холдингіне қарасты «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» облыстық газеттері мен «Серпер», «Кең Жылой», «Мақат тынысы» сияқты 7 аудандық газеттің бас редакторлары мен тілшілері ел газетінде екі күн бойы болып, өзара тәжірибе алмасты, шеберлік сағаттарына қатысты.
Бас басылым басшысы Д.Қыдырәлі аталған басқосудың қазіргі ақпарат нарығындағы бәсекелестік жағдайында маңызы зор екенін атап өтіп, дәстүрлі басылымдардың сапалы контентін қалыптастыру бағытындағы медиаменеджментке қатысты ойларымен бөлісті. Сондай-ақ «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті мен «Атырау-ақпарат» ЖШС басшылары өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойып, алдағы уақытта да екіжақты тығыз қарым-қатынас орнатуға уағдаласты.
«Отанымыздың шалғай шетіндегі өңір ретінде бізге осы іспетті кәсіби байланыстардың берері мол», дейді атыраулық әріптестер.