Руханият • 24 Сәуір, 2019

Петропавлда халықаралық «Глория» ән фестивалі өтті

738 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өнер майталмандары Юрий мен Надежда Ткаченколарды еске алуға арналған халықаралық «Глория» байқауы биыл 25-ші рет ұйымдастырылды.

Петропавлда халықаралық «Глория»  ән фестивалі өтті

Өнер додасына көрші Ресейдің бірнеше қалаларынан дарынды жастар келді.  Жылдағыға қарағанда  қатысуға үміт білдіргендердің қатары көп. Байқау шымылдығын бірінші болып  Екатеринбург қаласының үкілі үмітіТимофей Брызгалов ашты. Оның ешкімге ұқсамайтын ән айту мәнері көрермендерді тәнті етті. «Бүгін  «Дача» деп аталатын өзімнің төлтуындымды орындадым. Осымен Қызылжар жеріне екінші рет келіп отырмын»,дейді ол.

Фестивалдің бір ерекшелігі, келген  жастағы орындаушы өзіне ұнаған немесе қаламынан туған шығармасын шырқап, бақ сынай алады. Мәселен, петропавлдық Алексей Бойко  жұртшылық назарына Фахртдиновтың «Мама» атты туындысын ұсыныпты.

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда,  байқау таланттарды анықтап қана қоймай, олардың орындау қабілетін дамытуға да ықпал етеді.

«Жыл өткен сайын Халықаралық «Глория» фестиваліне қатысушылардың саны артып келе жатқаны қуантады. Араларында жас орындаушылар аз емес», дейді  «Союз-Автор»  бірлестігінің жетекшісі Аида Туртаева. Ол өзі құрған шығармашылық орталықтың  30 жылдығы қарсаңында осы іспеттес ән кешін жоғары деңгейде  ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бірнеше күнге жалғасқан халықаралық  «Глория» фестивалінің үздіктері 5 аталым  бойынша анықталып, түрлі сыйлықтармен марапатталады.


Солтүстік Қазақстан облысы