Спорт • 24 Сәуір, 2019

Күрес: Қайсанов бас жүлде үшін таласады

870 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Сиань қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрес шеберлері бүгін тағы бес салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа салуда.

Күрес: Қайсанов бас жүлде үшін таласады

Айтулы жарыста Данияр Қайсанов тамаша өнер көрсетуде. 74 кило салмақта белдесетін қандасымыз алғашқы айналымдарда моңғолиялық Отгонбаяр Бацуури (8:1) мен өзбекстандық Артем Присяжнюкті (12:0) тас-талқан етіп, жартылай финалда бахрейндік Адам Батыровпен кездесуге тиіс еді.

Батыровтың есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Бұл күндері Парсы шығанағының намысын қорғап жүрген ол әйгілі Дағыстан күрес мектебінің түлегі. Кезінде Ресей құрамасы сапында Еуропа біріншілігінің үш дүркін жүлдегері атанды. 2016 жылдан бері Бахрейннің туы астында өнер көрсетуде. Сол елдің ұлттық командасы сапында 2016 жылы Азия чемпионы және 2018 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бірақ жарақат алуына байланысты жартылай финалдық бәсекеге әйгілі спортшы шықпады. Осылайша, Данияр үшін даңғыл жол ашылды. Енді қандасымыз бас жүлде үшін таласады. Оның қарсыласы – үндістандық Амит Кұмар Дханкхар.  

Өкінішке қарай, ширек финалда Әділет Дауланбаев (86 кило), Ералы Абдрашев (92 кило) және Олег Болтин (125 кило) сынды балуандарымыз өз қарсыластарына есе жіберді. 

 

Алматы