Саясат • 24 Сәуір, 2019

Нұр-Сұлтандағы көпбалалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін барады

1635 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы көп балалы отбасылардың балалары биыл 1 қыркүйектен бастап балабақшаға тегін барады. Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Бақыт Сұлтановтың Есіл ауданының көпбалалы және аз қамтылған отбасыларымен кездесуі кезінде айтылды.

Нұр-Сұлтандағы көпбалалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін барады

Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік көмектің көлемі мен саны артқанын жеткізген әкім Бақыт Сұлтанов: «Елбасының тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы өз тарапынан бюджеттік бағдарламалардағы күте тұратын шараларды артқа қалдырып, үнемдеу жұмысының арқасында әлеуметтік салаға қосымша қаржы бөліп отыр. Нақты 13 шара қабылданды. Оған 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінбек. Олардың 5-і бүгінгі бюджетте бар. Ал 8-і осы айдың аяғында мәслихатта бюджетті нақтылау кезінде нақтыланады», дей келіп, ең алдымен осыған дейін көрсетіліп келе жатқан бес түрлі әлеуметтік көмекке қосымша қаржы бөлінгенін айтты. 

Атап айтқанда, бұған дейін елордада 2 мың отбасы тұрғын үй көмегіне ие болған болса, биыл оның көлемі 18 пайызға артпақ. Екіншіден, 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды күтушілерді тегін жолақымен қамтамасыз ету үшін қалалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Үшінші, үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек 25 мың теңгеге дейін (1,5 есеге) жоғарылаған. Төртінші, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тегін техникалық және кәсіби білім алуға қолдау көрсетіледі. Бұл үшін 3 мың адамға 1 жарым млрд теңге бөлінген. Бесінші, білім беру, денсаулық сақтау және әскери салада жұмыс істейтін бюджеттік қызметкерлерге берілетін тұрғын үй сертификатының санын 2 мыңға жеткізу үшін бюджеттен 2 млрд теңге қарастырылған.

«Қосымша 8 әлеуметтік шараны айтатын болсақ:

 1) Көпбалалы отбасылардың балалары мектепке, колледжге, жоғары оқу орнына тегін бару үшін 200 млн теңге бөлініп отыр. Яғни 36 мың бала тегін жолақымен қамтылады. 

2) Бұған дейін елордамыздағы барлық мектептерде оқушылар 4-сыныпқа дейін тегін ыстық тамақпен қамтылған болса, 1 қыркүйектен бастап көпбалалы отбасылардың балалары 1-11 сыныпқа дейін тегін тамақтана алады. Қазір 32 мың балаға тегін тамақ берілу үшін 1 млрд-қа жуық теңге қарастырылды. 

3) Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетім балаларға арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады. Биыл біз 10 мың балаға 500 млн теңге бөлдік. 

4) Мектеп формасымен және оқу құралдарымен тегін қамтамасыз ету үшін 38 млн теңге бөлініп, 32 мың балаға беріледі. 

5) Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, сондай-ақ мүгедек балалар балабақшаға тегін баруына қолдау көрсетілетін болады. Бүгінгі күні «Балапан» бағдарламасы бойынша әр балаға орын үшін біз 27 мың теңге төлеп отырмыз, ал сіздер тамақ үшін 17 мың теңге төлейсіздер. 1 қыркүйектен бастап көпбалалы отбасылардың балаларына бұл қаржы бюджеттен төленетін болады. Бұл үшін де биылға жарты млрд теңге бөлуді көздеп отырмыз. 

6) 180 мың балаға елорданың ЖОО-на танымал мамандықтар бойынша білім алуға арнайы гранттар бөлінбек. Бұл үшін тағы 25 млн теңге бөлініп, жылына әр балаға 500 мың теңге беріледі. 

7) Көпбалалы аналарға тіс дәрігері қызметін тегін ұсыну үшін бюджеттен 400 млн теңге қарастырып отырмыз. 8) Көпбалалы отбасыларға қысқы отынмен көмектесу үшін қосымша 1000 отбасыға қаражат бөлінді», деді Нұр-Сұлтан әкімі.  

Сондай-ақ қала басшысы әлеуметтік мәселелер бойынша үш айдың ішінде 350 жеке тұлғаны қабылдағанын, 850 адамның қабылдауда кезекте тұрғанын айта келіп, жеке мәселелердің аудан, басқарма деңгейінде де шешімін табуы үшін аудан әкімдері мен басқарма басшылары да белсенді болуы керек екенін ескертті.