Туризм • 25 Сәуір, 2019

Гастрономиялық туризмнің төресі – ұлттық тағамдар

2893 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде қызмет көрсету экономиканың барлық саласы мен қаржы жүйесін қамтиды. Қызмет көрсету түрлерін жан-жақты жолға қоюдың нәтижесінде бүтіндей бір ұлттық экономика қоржынын тоғайтып отыр. Мәселен, әлемнің 10-шы экономикасы шоғырланған Ұлыбританияда ішкі жалпы өнімнің 3/4 бөлігі осы салаға тиесілі. Осылайша, Біріккен Корольдік қызмет көрсетудегі әлемдік экспорттың 10 %-ын жүзеге асырып келеді.

Гастрономиялық туризмнің  төресі – ұлттық тағамдар

Ұлттық асхана іздеген Апеннин азаматы

Қызмет көрсету секторының өркендеген салаларының бірі – туризм. Жыл сайын Британ аралына 40 млн-ға тақау шетелдік келіп, осы индустриядан қазынаға 28 млрд фунт стерлингке жуық (35 млрд доллар) табыс түседі екен. Соңғы кездері гастрономиялық туризм айрықша қарқын алып келеді. Жалпы, өзімнің осы тақырыпқа тоқталуыма не түрткі болғанын айта кетейін. Оған италиялық досым Паоло Миацци себепкер. Апеннин түбегінің азаматымен елордаға бара жатқанымда танысудың сәті түсті. Жол үстінде неаполитандық азамат Қазақстандағы қоғамдық тамақтануға қатысты біраз мәселені айтты. Паоло бас шаһардағы ше­­тел­дік компанияның біріне ке­лі­сім­­шартпен жұмысқа орна­лас­қан. Мұнай-газ саласы мама­ны­ның қазақ еліндегі келісімшарты биыл тәмамдалмақ. Үш жыл­дың көле­мінде Паолоның Қазақ­стан­да­­ғы көрген қызықтары аз емес. Сұхбаттасымыз, әсіресе қоғамдық орын­­дардағы ас мәзірі жайлы кө­сі­ле сөйледі. Ол елге келген бой­да бірден ұлттық асхананы іздеу­­ге көшкен. «Нұрлы жол» буль­­варының бойындағы сауда кешен­­дерінен бастап, Astana Hub-тың маңындағы ірі сауда-ойын сауық орталығына дейін аралапты. Сондағы тапқаны – өзбектің па­­лауы, америкалық стейк және өз елі­нің пастасы. Алайда қазақтың «пастасынан» италиялық дәмді мүлде сезбегенін айтады. Әлбетте, фас­тфуд және басқа да тамақтану ор­ын­дарының көптігі артық етпейді. Десе де соның арасынан дәс­түрлі асханаға ойып тұрып орын бе­рілмеуі Паолоға түсініксіз.

– Starbucks, Costa Coffee-нің капу­чиносын немесе латтені Нью-Йорк пен Лондонның кез кел­ген метросының маңынан табу­ға болады. Сол сияқты фастфуд өнімдері де әлемнің түкпір-түк­пі­­ріне таралған. Әрине, оның Қазақ­стан­да да болуы заңдылық шығар. Деген­мен, өзге мемлекеттің азаматы ретінде мені ұлттық тағам асха­на­сы қызықтырды, бұл кез кел­ген италиялықты қызықтырады. Дәс­түр­лі мейрамхана жоқ емес, бар екен. Сыртқы, ішкі интерьерлері заманауи үлгіде безендірілген. Бірақ ұлттық колорит таппадым. Дәс­түр­­лі тағамдар бүгінге сай креатив­пен дайындалған, дәмі де соған сай. Ұлттық мейрамханада өзге елдер­дің тағамы мәзірге қосылғаны сәл түсініксіз, – дейді Миацци мырза.

 

PR-дың көкесі – қонақжайлық

Жалпы, сапалы тамақтану орындарынан хабары аз туристер тұзаққа жиі түседі. Лондондағы Лестер-сквер, Нью-Йорктегі Таймс-сквер «туристерге арналған қақ­пан» деп содан аталып кетсе керек. Бұл жайында Financial Times шолушысы Тим Харфорд өзінің «Тасадағы экономист» («The Undercover Economist») атты еңбегінде кеңінен қаузайды.

Қош, сонымен біздегі проблема мұнымен шектелмейді. Неапо­ли­тан­дық инженердің бұл әңгімені қоз­ғауы тегін емес екен. Оның ағасы Витторионың Неаполь провин­ция­сы­на қарасты Кварто коммунасында жеке дәмханасы мен мейрамханасы бар көрінеді. Паолоның тағам­ға талғаммен қарауының сыры осында жатыр. Оның қырағы көзі сервистегі олқылықтарды да бай­қаған. Біріншіден, отандық мейрамханаларға тән құбылыс – тұрақты кадрдың жоқтығы. Ол әкімгерден бастап даяшыларға дейін құрамның жиі өзгеріске ұшы­рай­тынын алға тартты. Жасыратыны жоқ, біздегі даяшылық қызметке көбіне студент жастар тартылады, дені қосымша табыс ретінде көреді. Еуропада керісінше. Батыс елдерінде тіпті даяшылардың династиясы қалыптасқан әулеттер бар. Мәселен, жоғарыда келтірген Витторио Миаццидің мейрамханасында жасы 60-тан асқан, 30 жылдық тәжірибесі бар кәнігі дая­шы қызмет етеді екен. Тұрақты меймандар басқа емес, дәл сол даяшының қызмет көрсетуін талап ететін көрінеді.

Ондағы даяшылардың орташа жалақысы сағатына шамамен 800-1000 еуроны құрайды. Жұмыс уақытының мөлшері 4-7 сағатқа аралығында. Қарапайым даяшының материалдық жағдайын өзіңіз бағамдай беріңіз. Мақтаулы қыз­меткер Милан шаһарында кәсі­би мектебін де ашқан. Оның клиенттермен байланыс жасау­да­ғы құпиясы – интерактивті қаты­нас. Бұл екінші мәселе, келген әр адамның көңілін таба білу – күрделі өнер. Мейрамхана әкім­ге­рі бастаған ұжым барлық келу­ші­нің психологиясын зерттеуге күш салатын көрінеді. Тапсырыс алын­ған соң, деректер базасы бас аспазға табысталады. Нәти­же­сінде, әр тапсырыс адамның мінез-құлқына сай әзірленеді екен. Үшіншіден, клиенттердің қал­та­сы мәзірдің құнын көтермеуі ықти­мал. Осындайда тегін қыз­мет көрсетуден де қашпайды екен италиялық рестораторлар. Өйт­кені туристердің, көрсетілген қыз­мет жайлы басқалармен ой бөлісуі, жылы пікір білдіруі әбден мүм­кін. Ал тегін жарнама ешкімге, ешқашан артық болмаған.

Енді мына бір қызықты қара­ңыз. Шетелдік азамат астанадан үш жыл іздеп таппағанын қара­пай­ым ауылдан тауыпты. Паолоға жұмыс­та­ғы әріптестерінің бірі Шығыс Қа­зақ­станның Абай ауданына са­пар­лап қайтуға кеңес береді. Бұл кеңесті құп алған ол Наурыз мерекесіндегі демалысты сәтті пайдаланып, Шығысқа аттанған. Осы сапарда ол Марко Полоның Дешті Қыпшақ даласын тапқандай әсер алғанын тамсана баяндап берді.

– Көшпелі халыққа тән нағыз мә­де­ниет­ті мен қаладан емес, қа­ра­­­пай­ым қазақ ауылынан көр­дім. Ауыл тұрғындарына сенің кім екенің, лауазымың қандай екені бәрібір. Олар үшін келген қо­нақтың барлығы тең. Әсіресе алыс­тан келген жолаушыны кү­тіп алу дәстүрі қатты ұнады. На­ғыз асылған етті – қазақтың про­вин­­циялық аймағынан таптым. Дәмі тіл үйі­реді. Сол ерекше дәм әлі таң­дайымда тұр­ған­дай. Ал оны жасы сексеннен асқан, 10 баланы дүниеге әкел­ген қарт ана дайындағанын есті­ген­де, таңданысымда шек болмады. Етті пісірудің технология­сын бүге-шүгесіне дейін жазып алдым. Ешқандай креативтің, замана­­уи трендтің қажеті жоқ. Бар дәс­түр­ді бағалап, сақтай білу керек. Шынайылық дегеніміз осы. Көрсе­тілген қызметтеріне қаражат ұсы­нып едім, үзілді-кесілді бас тарт­ты. Керісінше шапан деген дәстүрлі киімдерін сыйлап, көп қылып ет салып берді. Дала фило­софиясын енді ұғып отырмын. Қазақтың қарт аналары Миш­лен жұлдызына әбден лайық. Америка ашып, брендті сырттан іздеудің қажеті жоқ. Ұлттық колорит жойылмаған қонақжайлық мейрамхана бизнесіне енгізілсе – ұтылмайтындарыңыз анық, – деп ойын түйіндеді Еуропа тұрғыны.

 

Қоғамдық тамақтану индустриясы дами түседі

Статистикаға көз жүгіртсек, көрші­лес Қытай мемлекетінде қызмет көрсетудегі өсім динамикасы 5,5% деңгейінде. «Жэньминь жибао» газетінің дерегіне сәйкес, былтыр Қытай елі қоғамдық тамақ­тану өндірісінен 4 трлн юань кіріс тапқан.

Қытайлықтар инновациялық технологиялардың көмегімен тамақтану индустриясын кеңейтуді көздеуде. Қазірдің өзінде онлайн-нарықты кеңінен пайдаланып жүр. IIMedia Research жаһандық консалтингтік агенттіктің мәлі­ме­ті­не жүгінсек, бұл елде 300 млн-нан аса адам асқа тапсырыс беруде онлайн-қызметті қолданыпты. Қытай нарығына қазақстандық өндірушілердің де шығуына мүмкіндік бар. Себебі олар қазақ жерінде шығарылатын өнімді экологиялық тұрғыдан таза деп қабылдайды, сұраныс жоғары.

АҚШ-та қызмет көрсету сала­сын­дағы оң динамика білім, ден­сау­лық сақтау, ғылым, қаржы, сауда, көлік және байланыс, мемлекеттік органдардың қызметтері, сон­дай-ақ түрлі кәсіби әрі жеке қыз­мет­терде байқалады екен. Қазір алып елдегі мейрамхана бизнесі құл­ды­рау кезеңінде. Сарапшылар, оны онлайн-қызметтер мен жедел тамақ­­тандыру кәсіпорындарының артуы­­мен байланыстырады. Деген­мен премиум санатындағы мей­рам­­ханаларға және жылдам тағам дәмханаларына сұраныс әлі де болса жоғары. Қолжетімді бағаға сапалы ас мәзірін ұсынатын, сонымен қоса мобильді қызмет көрсететін орындарға клиенттердің қызығушылығы басым. Мәселен, Chipotle Mexican Grill (CMG, NYSE) желісінің танымалдығы күн санап артып, сауда нүктелері көбейіп келеді. Starbucks-тың да абыройы уақыт санап нығайып жатыр. Тамақ өнімдерінің саудасынан компания табысы бір жарым есеге өсті. Алдағы уақытта жаңа ас мәзірінің көмегімен қосымша сатып алушылардың санын еселеп, орташа чектің құнын көтеру жоспарланып отыр.

Қазақстандағы ахуалды ба­ғам­­­да­сақ, таяуда Үкімет отыры­сын­да Ұлттық экономика минис­трі Руслан Дә­ленов 2018 жылы отандық та­уар­­лардың және көрсе­тіл­етін қыз­мет­тердің экспорты 68,3 млрд АҚШ долларын құрағанын атап өтті. Оның ішінде көрсетілетін қыз­мет­тер экспорты 7,3 млрд АҚШ доллары болыпты.

Р.Дәленовтың сөзіне қарағанда, 2022 жылға қарай көрсетілетін қыз­мет­терді 2,4 млрд-қа өсіріп 9,7 млрд дол­ларға жеткізу межесі қойылып отыр. Осының арасында туризмге тиесілі сома 2,4 млрд-ты құрамақ.

 

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

журналист

 СЕМЕЙ