Руханият • 25 Сәуір, 2019

Әсерлі сәттер мен жылдар

1430 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайлықтарға әдемі әсер қалдырған көрмесін суретші-мүсінші Александр Воткал «Әсерлі сәттер мен жылдар» атапты. Оның мамандығы инженер. Алайда бойға біткен өнер бәрібір өзінің жолына салады екен. Әулиекөлдегі Аманқарағай кентінде туып, қалың қарағай орманын кезіп өскен бала ағаштан мүсін жасауға әуес болды. Рудный индустриялық инс­титутын жақсы бітіргенімен, ол өнер­ді тастай алмады. Александр Николаевичтің бағына қарай, ол белгілі мүсінші Леонид Белоусовтан тәлім алды. Леонид Прокопьевичпен өткізген он жылда ол өзін шығармашылыққа то­лық бағыштады. Арнайы білімі бол­ма­са да, мүсін мен сурет өнерінің қыр-сы­рын ұстазынан үйренді, терең бой­лады.

Әсерлі сәттер мен жылдар

65 жасқа толуына орай көрермен­дерге ұсынған бұл көрмесінде Николай Вот­кал өзі айналысатын мүсін және сурет өнері бойынша жасаған еңбектерін қо­йыпты. Әсіресе, оның қоладан, ағаштан, пластиктен, гипстен жасалған шағын мүсіндері көрермендерін ойға тартты. Воткалдың қолынан шыққан мүсін­дерде бейнеленген Крылов шығар­маларының кейіпкерлерін көрермендер бірден байқады. И.Крылов мысалдары қазақ әдебиетінің төл шығармасындай болып кеткендіктен, қарға мен түлкінің бейнесі аңғалдық пен қулық туралы айта жөнелетіндей әсер береді.

– Шағын мүсіндерді бірнеше та­қырыпқа бөлдім. Соның бірін еңбек тақырыбына арнадым. Кеңес Одағы кезінде шығармашылықтан еңбек та­қырыбы талап етілетін. Кейіннен оның өнерде солғын тартқаны рас қой? Мен де осы ең­бек тақырыбын шағын мүсіндерде көрсеткім келді, – дейді Александр Нико­лаевич.

«Үшінші боласың ба?», «Іске шық­ты» немесе «Жоғалғандар» секілді жұ­мыстарында мүсінші адам жанын психологиялық тұрғыдан аша түсуге ұм­тылады. Бұл оңай жұмыс емес.

– Жалпы мүсін жасау – ауыр жұмыс. Кейіпкердің жан дүниесіндегі ойды бейнелеу қайдан жеңіл болсын. Қоламен жұмыс істеу тіпті қиын әрі арзан да емес. Кейіпкерімнің бәрі бірдей жағымды бол­мауы да мүмкін. Есесіне нағыз өмір­­ді шынайы көрсетуге ұмтыламын, – дейді Александр Николаевич.

 

ҚОСТАНАЙ