Саясат • 25 Сәуір, 2019

Сенат комитетінде халықаралық құжаттар қаралды

788 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат комитетінде халықаралық құжаттар қаралды

Келісім 2018 жылғы12 тамызда Ақтау қаласында жасалған болатын. Келісімнің басты мақсаты Каспий теңізінде Әзербайжан Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Түрікменстанның қарулы күштері әскери кемелерінің жүзуі мен әуе кемелерінің ұшуының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Келісім Каспий теңізінде, аумақтық сулардан және оның үстіндегі әуе кеңістігінен тыс жерлерде іс-қимыл жасайтын тараптардың әуедегі және судағы әскери кемелеріне қолданылатын болады.

Келісімнің 3-бабына сәйкес Тараптар өз әскери кеме командирлерінің 1972 жылғы Теңізде кемелер соқтығысының алдын алудың халықаралық қағидаларын мүлтіксіз сақтауы бойынша шараларды қабылдауы керек.

Тараптардың судағы әскери кемелер мен әуе кемелері радиобайланысты орнату кезінде ағылшын тіліндегі немесе басқа да қолайлы тілдерде шақыру белгілерін пайдаланады.

Сенатор Серік Жақсыбеков заң жобасы Каспий маңы мемлекеттерінің өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын іске асыруға бағытталғанын атап өтті.

Отырыста сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт шеңберінде берілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісім Шарт аясында жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан мен Ресей арасында 2017 жылғы 29 қарашада Мәскеу қаласында қол қойылған болатын.

Келісімнің мәні тараптардың Шарт бойынша жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі болып табылады.

Келісімнің ережелеріне сәйкес әскери мақсаттағы өнімді жеткізуші тарап әскери мақсаттағы өнімге бақылауды жүзеге асыруға:

- өнімдердің болуын және мақсатты пайдаланылуын тексеруге;

- Қарулы күштерде, басқа да әскерлерде, әскери құралымдарда, құқық қорғау органдарында және арнайы органдарда оның мақсатты пайдаланылуын растайтын қажетті құжаттарды салыстыруға;

- жеткізілген өнімді есептен шығарудың негізділігін тексеруге құқылы.

Қазақстан тарапынан келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар Қорғаныс министрлігі мен Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ресей тарапынан – Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі федералдық қызмет болып табылады.

Әскери мақсаттағы өнім жеткізілетін Тараптың уәкілетті органы осы мақсаттар үшін қалыптастырылған тиісті бақылау тобын қабылдаудан бас тартуға құқылы емес және оның бақылауды жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлар жасауға міндетті.

Бақылау 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімнің және тараптардың әскери мақсаттағы өнім жеткізілетін тәртіптік талаптарын сақтау ережелерін ескере отырып жүзеге асады.

Осы Келісімді ратификациялау әдеттегі қару-жарақтың халықаралық саудасына бақылау орнату және күшейту арқылы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ оларды заңсыз қайта бағыттау мен заңсыз айналымының жолын кесуге ықпал ететін болады.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері сол күні еліміздің «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің басшылығымен кездесті.

Кездесу барысында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Мекеме басшылығы сенаторларға алға қойылған міндеттерді іске асыру барысы туралы хабардар етті.