23 Наурыз, 2013

Қазақтың ақыны, чешеннің батыры

727 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Қазақтың ақыны, чешеннің батыры

Чешен Республикасының ең жоғары «Ұлт намысы» орденінің иегері, Чешенстан Мемлекеттік және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, белгілі жазушы, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің өзі һәм өлеңі хақында ой толғау әбден орынды сияқты.

 

Чешен Республикасының ең жоғары «Ұлт намысы» орденінің иегері, Чешенстан Мемлекеттік және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, белгілі жазушы, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің өзі һәм өлеңі хақында ой толғау әбден орынды сияқты.

Рафаэль Ниязбеков деген «күшті» ақын барын алғаш 1971 жылдың көктемінде таластық курстасымнан естігенім есіме түсіп отыр. «Келер күндер» атты өлең кітабы шыққан, ал таяуда жарық көрмек жыр жинағының атын «Алатау мен Қаратау» деп қойыпты» дейді. «Алатау мен Қаратау» деп ауқымдап та қаусыра, қамти сөйлер ірілік пен батылдық ол кезде 18-ге жаңа аяқ басқан біздей сары ауыз балапанның бойынан табыла бермейтін-ді. Бәлкім, өреміз де жетпейтін болар. Әйтеуір, олай сөйлеу өзім үшін өң мен түстің арасындағы нәрсе. Қалай болғанда да әлі бір де өлеңін оқымаған мына Рафаэль дегеніңіз көрмей-білмей жатып бір жұмбақ жан, сұсты да мысты ақын болып елестеді.
Арада тағы бір он сегіз жыл өткенде Рафқаңмен Мұхтар Мағауиннің «Жұлдызын­да» жолымыз тоғысарын, келе-келе ағалы-інілідей сыйласып кетерімізді ол кезде қай­дан біліппін. «Рафқа» деп Мұхаң айтады. Мұхаң айтқасын біз «Рафқа» деп қалай атап кеткенімізді өзіміз де білмей қалдық. «Рафаэль» деген еуропалық үрдістегі сұлу-сырлы есімді «Рафқа» деп жаныңа сон­шалықты жақын етіп қазақыландыру, одан ақ самалды жайма-шуақ жылылық естіру тек қазақтардың ғана қолынан келетін болар. Әмбе тілінен және жүрегінен. Бұған қоса Рафқаңа Рафаэль деген аты да бек жарасымды. Өлеңге іңкәр бір бауырымыздың: «Альпі тауында – Рафаэль Санти, Алатауда – Рафаэль Ниязбек!» деп арда ақынымызды ұлы суретшімен шендестіре үндестіруі де қандай ғанибет.
Алыстан айбарлы көрінетін, арсы-күрсі делінген атағы бар Рафқаңның көңілі ақжайлау болып шықты. Өне бойы суынып үлгермей Жазушылар одағының белдеуінде тұратын көк «Жигулиінің» қызығын көбіне-көп проза бөлімінің меңгерушісі Тұрсын Жұртбаев көрді. Рафқаң, әсіресе, поэзия бөлімінің тізгінін қолына алысымен-ақ Алматыда біразы әлі үйсіз-күйсіз, арқырап жүрген ақын інілерін маңайына үйіріп алды. Ғалым Жайлыбай, Нұрлан Мәукенұлы, Қазыбек Иса, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Жақып сияқты дарынды жастар бірінен соң бірі «Жұлдыз» журналында жарқырап көрініп, жүремелете, үдемелете шыға бастады. Ақын досы Есенбай Дүйсенбайұлымен арқа-жарқа телефондатып сөйлеседі де жатады. Сол жылдарда «Жұлдызда» біздің өлеңдерімізді де алғаш молынан жырғап берген жарылқаушымыз осы Рафқаң болғанын айтпай тағы қалай тұра аламыз.
Мұны айтатын себеп, қай-қай әдебиетте болсын ақын-жазушылардың бір-бірімен адами қатынасы, шығармаларын шығаруға септесуі, талантты ашуы өте маңызды. Бұл жақсы үрдістің жарқын мысалдары бізде жетерлік. Мысалы, Шерхан Мұртазаның сонау Алтайдан Оралханды тауып Алматыға келтіруі. Осы жағынан алғанда, өзінен кейінгі толқынға көп қамқорласқан, өзі де алдыңғы ағалардың мейірім-шапағатын көбірек көрген Рафаэль Ниязбектің жолын әдебиеттегі ұрпақ сабақтастығының бір үлгісі дей алсақ керек.
Рафаэльді поэзияға, әдебиетке алып келген ұстазы да, қамқоры да Қасым ақын болған екен. Анығында, оның өлеңдері. 1955 жылы мектепте оқып жүрген 12 жасар балаға ауылдың бір азамат жігіті Қасым Аманжоловтың үш томдығын сыйлайды. Өлең жазуға әуестігін біліп өзінше жасаған қамқорлығы ғой. Бала Рафаэль бір ғаламат әлемге енді де кетті. Жүрегінде от тұтанды, кеудесінде қызығушылық пен құштарлық оянды. Әсіресе, махаббат туралы өлеңдері көп әрі ғажап. Соларды қыздарға ғашық болған бозбалаларға көшіріп беріп жүрді.
Сол құдіретті Қасым ақынның тағылымы текке кетпепті. Алпысыншы жылдардың орта тұсы. Әдеби кештерде жас ақындарды жарыстырып өлең оқытады онда. Осы кезде Рафаэль де мықтап ашылды. Сонда Қазақ университеті филология факультетінің 3-ші курс студентінің өлеңін Зейнолла Қабдоловтың көкке көтере бір мақтағаны бар. Сол жылдары Мұқағали мен Қадыр ақындардың да қасында көп жүрді. Олардың да әсері мол болды. Алғашқы жинағының шығуына, әсіресе, Қадыр Мырзалиев қатты көмектесті. «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі ғой, өзі жоспарға кіргізіп қойыпты. Бұл ақындықтың әуселесімен жүргенде оқудан шығып қалып, Қазрадиода істеп жүрген. «Өлеңдеріңді тез мәшінкеге бас­тырып әкел» дейді. Содан жалма-жан 3 күнде бастырып апарды. Редакторы біраз өлеңдерді өзінше жаратпай алып тастаған екен, Қадағаң бәрін қадағалап қайта кіргізіп, қалпына келтіріпті. Сол «Келер күндер» атты тұңғыш келешегін айқындап, Рафаэльді қазақтың ақындар әулетіне қосып еді. Содан бергі 45 жылдың бедерінде ұзын-ырғасы 33 кітап шығарыпты. 6 поэма, бірнеше роман-повестер жазып, прозада да қабырғалы қаламгер танылыпты. Құдай-ау, қарап тұрсақ, жаңа айтқан ақындар әулетінің ендігі ақсақалдарының бірі де өзі болып қалыпты.
Халық жазушысы Қадыр Мырзалиев аламанға өзі қосқан Рафаэль ақын туралы мынадай аталы пікір айтты: «Жолбарыстың баласы жемтігіне алғаш қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде жетіңкіремей қалып, үшіншісінде дәл түседі деген әңгіме бар… Өзекті өнердің өнегелі перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен, мінездес олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап кетіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара-бара сабаларына түсіп, салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның бірі Рафаэль Ниязбеков деп есептеймін». Осы арада Рафаэльдің жалпы суреткерлік, оның ішінде, әсіресе, ақындық дарын табиғатын Мырзалиев сынды мэтр мейлінше дәл таңбалаған. Күйіп тұрған тарлан тақырыптарға дөп тиер қырағы мергендік те, өмір мен өлең ақиқатын айырмай-алаламай толғайтын жолбарыс мінез де Рафаэль Ниязбектің бітім-болмысына тәңір дарытқан табиғи қасиеттер екендігін әділ қазы уақыт өзі көрсетіп берді. Бір кездері оның, Жұмекен ақын сияқты, қара сөзге қалам тартуы да сол жүректіліктен деп білгеніміз жөн.
Иә, проза ауылында әуелі ат шалдырып, одан соң бірнеше жылдар жайлап жатып алуы да бір қызық. Бұдан да дендей түссек, қазақ әдебиетіндегі кәдімгідей сирегірек құбылыстардың бірі. Өлеңге сыйғыза алмайтын ойлар болады екен. Бір нәрселерді іштей булығып айтқысы келіп жүрді. Содан Рафаэль отырып «Жауатар» деген тоғыз беттік бір қысқа қайырым әңгіме жазды. Онысын өзі жақсы көретін, керемет шығармаларын оқып өскен, баршаға бауырмал Сайын Мұратбеков ағасына көрсеткен. «Не дер екен?» деген қорқыныш да бар жүрегінде. Ол кезде «Жұлдыз» журналында істейді. Бір күні Сайын аға ұстап алып: «Рафаэль, әңгімеңді оқыдым. Әңгімелесейік» деді. Сосын айтты: «Әңгімең жақсы екен. Тілі де шұрайлы. Ақындардың тілі жақсы болады ғой. Бірақ бір кемшілігі бар екен…»  Осылай дегенде жүрегі зырқ ете қалды. Мақтамен бауыздап келіп, ақырында: «Прозаны қайтесің, жазба!» деп тыйып тастайды екен деп ойлады. Сөйткенше, Сайын аға сөзін әрі қарай сабақтаған: «Әңгіме жақсы, мұны бұлай қалдыруға болмайды. Сен оқиға енді басталған жерден әңгімені үзіп тастайды екенсің. Әңгімең біткен жерден оқиға басталып тұр. Сен осыны ерінбей-жалықпай повесть етіп жаз» деді.
Сайын ағаның сол ақылы ақжолтай болды. Әуелгі «Жауатар» атымен повесть те жазылды. Проза бөлімінің меңгерушісі Оралхан Бөкеев те оқып ұнатқан. Әйткенмен: «Енді мұны бассақ, өзі «Жұлдызда» істеген соң беріп отыр деген әңгіме болады. Сен мұны «Жалынға» апар. Бұдан кейінгі повесіңді өзіміз басамыз», деді. Сонымен, «Жауатар» «Жалында» жарқ ете қалды. Сөйтіп, Рафаэльдің прозадағы алғашқы қадамы повестен басталды. Енді «Жұлдызға» шығу керек деген аңсар-құштар бойын билеп алды. Оралханның уәдесі орнында тұрғанда «Отағасы» деген повесті дөңгелетіп тастаған. Атам қазақтың әдетінше, алтын шыққан жерді белден қазып, прозаны қиналмай еркін жазып кетті. Жүре-бара, әсіресе, «Жазушы» баспасына ауысқаннан кейін бойында роман жазамын деген батылдық туды. Поэзиядағы тұсауын Қасым мен Қадыр ақындар кескен Рафаэль Ниязбектің прозадағы бағын осылайша айкөл жазушы Сайын Мұратбеков ашып еді. Ол кездегі әдебиет өмірінде ағалар алақаны сондай аялы болатын.
Жолбарыс тегеурінді талант прозада да көздегенін қапысыз алып түсті. Тақырыбын кеңінен толғайтын, жанр талабының барлық қатпар-қалтарыстарын түгендей бойлайтын, тіршіліктің тоқсан тарау түйткілдерін барлайтын, ойларын кесек турайтын салиқалы прозашы жұрттың көз алдында көтеріліп те көркейіп өсіп шыққанын көрдік. «Қызыл үй» романында сол үйдің қожайыны боп отырған кеңестік кердең билікті, сол заман мен қоғам қайшылықтарын өткен шақпен емес, осы шақта отырып-ақ шенеді. Болашаққа жетіп алғасын алыстан адыраңдап жұдырық түю емес, қату қабақ Қызыл үйдің қасында тұрып-ақ сол кездің өзінде солай батырып та батым айту, әрине, батылдық болатын. Рафаэльдің қалыптасып болған жазушылық шеберлігі сондайлық көптен-көп өмір ақиқаттарын көркем шындыққа жымын білдірмей жанастыра білді. Ал сталиндік зобалаң зардаптарын, 32-ші жылғы ашаршылықты уытты қыжыл қоса шынайы суреттеген «Тас құдай» романының қалай жазылғанына куәдүрлікке де жүре аламыз. 1989-1990 жылдары «Жұлдыз» журналында «Сары кітап» деген айдар жүргізіп, сонда сонау ашаршылық сұмдығын көзі көрген, көзі тірі куәларды көбірек сөйлеткенбіз. Авторларымыздың ішінде Ғалым Ахмедов, Сейтен Сауытбеков, Мәриям Хакімжанова сияқты асылтек зиялылар да болды. Сол кісілер айтқан нәубеттің бұлтартпас айғақтары, налаға толы естеліктері, баспасөзде жарияланған деректер мен құжаттар жазушы санасында жедел қорытылып, Рафқаң романының көркем суреттеріне, толымды тарауларына келісті кейіпкерлер бейнесіне айналып жатты. Бұл да іздемпаздықтың, әдеби олжасын қыран бүркітше қиядан шалып бүріп түсудің бір үлгісі ғой. Арқа жағында ма екен, Ақсүйек деген жер бар. Олай аталған себебі, адамдар арып-ашып келе жатып әуелі әлі құрыған біреуі құлайды. Е-е, мен де біттім ғой деген оймен алғашқы адам құлаған жерге басқалары да құлай береді екен. Сөйтіп, өле берген, өле берген. Содан Ақсүйек атанған. Міне, кезінде болған оқиғалардан өрілген осындай шерлі сюжеттер Рафаэльдің «Тас құдайында» аз емес. Осы кітаптың жақсы бағалануының бір сыры да ашаршылық ақиқаттарын тірнектеп жинай білуінде, нанымдылығында болар.
Ақындық алапаты мінезден шығады. Қазақтың қазіргі үлкен ақыны Рафаэль өзінің жаны жәннатта болғыр Есенбай досы айтқандай: «арсы-күрсі мінезде адайға нағыз жақыны» десек, қателеспейміз. «Именной қанжар сапылы, Қап тауының батыры» атануы сондықтан. Ашық күнде жарқылдап найзағай ойнатып жүреді. Көл көңілді шағында жайдарман-жайсаңдыққа да кенен. Күркіреп жүріп кейде күйдіреді де, бірақ сол Алланың сыйындай ақындық мінездің сүйіндіруі мол. Ең бастысы –  ұзағынан сүйіндіріп келеді. Себебі, тағы да бозала бұлтты, итала қаздың құмайындай текті Есенбай ақын ағамыздың сөзімен толғасақ, бұл Рафқаңның: «Аузынан шыққан сөзі де өр, өлеңі де өр, өзі де өр. Бақан бет мына заманда, Махамбеттердің көзі дер». Осы бір шумақта Рафаэльдің ақындық рухы, адами болмысы, азаматтық ажары жарасымды айтылып, жақсы қамтылып тұр. Ақындар әулетіндегі ағалары да, тұстастары да, інілері де оны осы мінезімен жақсы көреді.
«Кешегі ес білмеген есер шақта» дегендей-ақ, жасырақ кездегі бір жайы еске түседі. Шерхан Мұртаза «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Рафаэль – қызметкері. Жұмыс бабында Шерағаң суық қарағандай, бір-екі сөгіс те беріп жіберіпті. Содан бір ашық партия жиналысында Рафаэль тұрып алып Шерағаңды ал сынасын: «Шерхан Мұртаза өзі лауреат, өзі бас редактор, өзі менің ағам, соған қарамай маған күн бермейді, шетке қағады, тегі жібімейді. Осындай бола ма екен?» дейді. Жиналыс біткесін Одақтың екінші қабатында Шерағаңмен кездесіп қалады. «Әй, жаңағың не?» деді ағасы мұрты тікірейіп. «Енді, солай болды, аға!» дейді бұл бастығынан әлде де ықпай. Сонда Шерағасы жайлап бетіне қарап тұрып: «Әттең, кеш туғансың. Ерте туып соғысқа қатысқаныңда не бірінші оқтан омақасып кетер едің, не Герой Советского Союза болып оралар едің» деген болатын. Аузына құдай салған шығар, Шерағаңның сол айтқаны ақыры айдай келді. Қазақ ақыны Рафаэль Ниязбек жылдар жылжып өткенде басқа бір соғыс өртінің жалынына шарпылып, Чешен елінің ардақтаған батырына, Қап тауының құрметтеген қаһарманына айналды.
Біздің пайымдауымызша, Рафаэльдің айбарлы да айдынды ақындық үлкен тынысы еліміз азаттық алған қыдырлы жылдарда ашылды. Оның тау өзеніндей өршіл ағынды жырларынан, сөз атасын өлтірмес тебіреністі сырларынан, елдік пен ерліктің биік қияларына құлаш ұрған дара бітімді дастандарынан анық тұлпардың ақтаңгер шабысын аңғардық. Елім деп елжіреген жүректі, жерім деп еміренген тілекті таныдық. Уақыт тынысын тамыршыдай тап басар ақын бақ-берекелі бостан өмірге риясыз қуана да біледі, тіршіліктегі кемдік пен етектен тартқан ездікке, іштен шалған мырт-мерездікке налып мұңая да біледі. Сондайда жұлынқұрттар мен жымысқыларға алдаспан жырдың алмас зұлпықарын сілтеп салар жасын шабытты кездері де аз емес. Сол бір өмірсүйгіш өжет жырларға бір сәт зер салайықшы.
Атқа жегіп көрмеген жат шананы,
Туған елдің Тыныштық – аңсағаны.
Туым неге құласын,
Мәңгі-бақи
Азаттықтың тұрса есіп ақ самалы.
Рафаэль ақынның ең аңсарлы ақ тілегі осы. Ел бақытының баяндылығын, қазағының мерейі таси бермегін мұрат тұтуы қандай ғажап.
Найзағайлар ойнаса төбемде көп,
Қажығанда жүгінем өлеңге кеп.
Болашақтың көзіне үңілемін,
Туған елді төрінен көрем бе деп.
Шынайы сезімді шыншыл шайыр күмән-күдігін де жасырып-жаппайды. Жүрегінің кірін ақ жаңбырлы өлеңімен жуып тұрады.
Болашағым тұрған соң тұманданып,
Көп нәрсеге қараймын күмәнданып.
Қазынаны күзеткен қарауылдай,
Дүниенің қабағын тұрам бағып.
Бүгінгі жаһан – қылпыған ұстараның жүзі. Сондықтан да исі Алаштың баласына мына алмағайып әлемде қапысыз қырағылықты, өр рухын, сергек серпінін жоғалтпауды аманаттайды. Осы орайдағы ақын жүрегінің лүпілі мінеки:
Рухы бірге көктеген көгерсе елі,
Ей, Алаштың баласы өр еңселі.
Қилы-қилы заманнан жетсең де аман,
Ақ семсердің жүзінен көрем сені.
Елі-жұрты үшін біздің Рафаэль ақын басын бәйгеге тігуден тайынбайды, жанпидалықтан жалтармайды. Тусаң ту!
Боз көйлекті өмірім жырымдалып,
Қай жау мені басынсын қырына алып.
Ауызында оқталған мылтықтардың
Тұрған жоқ па жүрегім тығындалып.
Рафаэль Ниязбектің батыл ақын, батыр ақын екенін жұрт әлдеқашан мойындаған. Сол мойындаудың басында чешен халқының ерлікке толы азаттық күресін ереуілдеп жырлаған «Шешендер» атты ер-дастан тұр. Поэма, дас­тан емес, ер-дастан. Поэзиялық көлемді де тұрпатты туындының жанрын айқындаудағы бұл да бір жаңалық. Сонымен бірге, бұл ер-дастан тар жол, тайғақ кешулі бауырлас халықтың рухын көтерген әрі сол кезде көз жанары көмескіленіп, ауыр сырқатпен алысқан ақынның өз өмірін де өксітпей биік қияға жетелеген тағдырлы туынды болды. Есенбай досы: «Қолында жүрді қарулы әрбір таулықтың – Құран мен сенің дастаның!..» десе, сол рас еді. Себебі, орысшаға да аударылып, Қазақстанның Халық қаһарманы, партизан жазушы Қасым Қайсенов ақсақалдың алғысөзімен жарық көрген қос кітаптың (қазақша 2 мың, орысша 8 мың) көбі чешен жеріне мұрты қисаймай жеткізіліп, қалың қауымға түгелдей тегін таратылған болатын. Өздерінің тарихын, елдігі мен ерлігін, сондай-ақ, бодан елдердің баршасына ортақ тақсіретті толғаған ер-дастанды оқыған чешендер біздің Рафқаңды хан көтеріп әкетті, қаһарманым деп таныды. Президент Аслан Масхадов қазақ ақынын құрметті қонағы етіп шақырып, кітабын көкірегіне басып тұрып жүрекжарды сөзін арнады, елдің ең жоғары орденімен марапаттады. Чешеннің тағы бір ер перзенті әрі президенті, өзі де ақын Зелімхан Яндарбиев: «Бұл кітап басымызға ауыртпалық түсіп, таулы өлке өрт құшағына оранғанда қанатымен су тасыған алғашқы қарлығаш» деген риясыз лебізін толғады. Ер-дастанның әрбір өлең жолы олардың жауларына бір-бір оқ болып атылып, жүректерде кек қоздатты, намысты жырлар намыс отын алаулатып, Рафаэль өлеңдері чешендік сарбаздарға айналып кеткендей болды. Грозный сапарында оның ер-дастанның авторы екенін білген бойда бір топ чешен сарбазы қаумалай қоршап, құрмет білдірген-ді. Басқыншылар жермен-жексен еткен Самашки ауылында бір чешен әйелі көп оқылып, көп қолдан өткеннен тозуға айналған ер-дастан кітабын көрсетті. Осы сапардан кейін Ер-дастанның жырлары, чешен тақырыбы одан әрі кеңейе жалғасты, таулықтардың арыстан ұлы Аслан Масхадовқа арналған поэма туды. Кейінірек бұлардың бәрі өлең-жырлармен өрілген роман дәрежесіндегі «Қан қасап» атты қалың кітапқа айналды.
Ақын Рафаэль Ниязбектің әдебиетіміздегі өзіндік елеулі орыны туралы ой-пайымды тас-қаяқтай қағыстырып екшегенде ол да Мұқағали ағасындай «Махаңдардың сарқыты» ғана емес, солардың жалғасы, қазақтың Махамбет пен Мағжан рухты өрлік пен ерлік поэзиясын жалғастырып алға апарушы деп бағамдасақ, орынды сияқты. Лев Гумилев айтатын, Кенесары рухындағы пассионарлық, яғни асыл мұрат жолында жанкешті жанпидалыққа барудың аңсар-идеясын асқақтата, намыс шарығымен ширықтыра жырлау, әсіресе, кейінгі ширек ғасыр бедеріндегі Р. Нияз­бек шығармашылығының өзегіне алтын арқаудай тартылған жаңашылдықтың жарқын көрінісі дер едік. Алаш ардақтысы Асанбай Асқаров әділетсіздікке ұшыраған кездегі «Тамұқ отына жанбаған» атты шер-дастаны, халқымыздың біртуар алыбы Дінмұхамед Қонаев хақындағы «Кемеңгер» өлең-романы, Қазақстанды бар әлемге паш еткен қадірменді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Туған елдің аспаны», дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы құрметіне 200 өлеңнен құралған «Махамбет майданы» атты жыр кітаптары, Абай хакіммен және Жамбылдың жолбарыс рухымен сырласулары, одан кейінгі «Құлагердің құлыны», «Күркіреп өткен күндерім», әдебиетіміздің ең биік аламан атағына қол соза алған «Қағанат» атты бірегей де бітімді кітаптары осыған айғақ. Бұлардың әрбірі бір-бір монографияға татырлық. Осындай Рафаэльдің ақындық әлемін, жазушылық жан күйін біз бір мақала ауқымына қалай сыйдырмақпыз. Ол ашқан көркемдік құбылалары да көз сүйіндіріп, көңілді қанаттандырады. Бөлек-бөлек жүздеген өлеңдерден бүтін тақырыпты қамтыған біртұтас жыр кітаптарын тудыруы жанрды байытқан һәм түрлендірген жаңашылдығы деп білсек керек. Ақын үшін жаңа замандағы, жаңғырған жаһандағы махамбеттік майданның әлде де ұшы-қиыры жоқ. Абайды біз де пір тұтамыз. Бірақ Рафаэльдің қазақтың бас ақынына деген ерек те бөлек құрметінің өзі құрметтеуге лайық деп ойлаймын.
Сайын дала,
Сарыарқа сайран бағы,
Атақ-даңқың кетті асып айдан да әрі.
Құдайсың деп айтуға қорқып тұрмын,
Өлең-жырдың ақ арыс пайғамбары.

Ел-жұртының жүрегін арайламай,
Туа қалсын өзіңдей Абай қалай.
Жалғыз керуен өзіңсің күнге тартқан,
Дауылдар мен жауынға қарайламай.

Түгесіліп тағдырдың шырғалаңы,
Жаңа-жаңа ашылса сұр қабағы,
Мына жарық жалғанда
Абай, сенсің
Он сегіз мың ғаламның бір ғаламы.
Абайды жанпидалықпен сүюдің, Абайды көз жасы парлаған, жүрек қаны сорғалаған тебіреністі парасатпен терең ұғып түсінудің аса өрелі көрінісі бұл. Абайды сүю – адамды сүю, Алашты ұғу. Олай болса, Абайды сүйген, Алашым деп тебіренген, қазағым деп еміренген ақтаңгер ақын Рафаэль Ниязбектің күнге бет алған қазақ поэзиясы керуеніндегі қара нарша тартқан қазыналы жырларының талай асулардан талмай өтер өміршеңдігіне де күмән болмасқа керек.

***

Аманчи ГУНАШЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты.

«Рафаэль – тарихымыздың ең қиын да қасіретті шағында Алланың өзі жаққан бақыт жұлдызы болды» дегенді өз отандас­тарым – шешендер аузынан талай мәрте естіген адаммын. Бүгінгі күні бұл ақынның есімі мен «Шешендер» поэмасы быт-шыты шығарылып қиратылса да, бас имеген Шешенстан жерінде кеңінен мәлім.

***

Зейнолла СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Рафаэль Ниязбеков – осы жасына дейін өмірге, өз ортасына деген сәбилік (тазалық) бағзы, бейкүнә еркелігін қаз-қалпы сақтай алған сирек жаратылыстың бірі…
Ержетіп, есейе келе, енді міне, рухани өрісін де, жанрлық, тақырыптық танымын да кеңейтіп, күндердің күнінде – ғасырлар тоғысында халықаралық кеңістікке өтіп кетті. Қиналған елдің тағдыр-таланы талқыға түскен сын сағаттарда азаматтық сөзін, көзқарасын ақтарыла бір айта алған ақын.

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.