Император Акихито өзінің әкесі, алпыс үш жыл тақта отырып, «Сёва императоры» (Шуақты әлем) деп өзі атаған дәуір атымен тарихта қалған, 1989 жылы өмірден озған Хирохитоның орнына келген болатын. Акихито император болған күні Жапон үкіметінің арнайы жарлығы шығып, оның таққа отыруына орай Жапонияда «Хэйсэй» дәуірі басталған.
Соңғы жылдары денсаулығының нашарлауына қатысты өзінің қоғамдық бірқатар міндеттерін тақ мұрагері Нарухитоға жүктеп жүрген Акихито өз еркімен тақтан бас тарту туралы ұйғарымға 2016 жылы келген. Бірақ ол бұл шешімін ресми түрде жариялай қоймаған еді. Тарқата айтар болсақ, 2016 жылы тамызда император Акихито жапон халқына бейнежолдауын арнап, онда жасының ұлғайғанын және денсаулығының төмендегенін айта келіп, ел конституциясына сәйкес ұлт бірлігінің символы ретінде өзінің міндетін жауапкершілікпен атқарғанын, «Жаратушы иеден халқының тілеуін тілеп келгенін» жеткізген-ді. Бірақ тақты босату туралы ештеңе дей қоймаған. Бірақ Акихито бұл мәлімдемесі арқылы өзінің тақтан бас тарту ниеті бар екенін аңғарта отырып, халықтың осы тұрғыдағы пікірін білуді көздеген еді. Сондай-ақ ол үкіметке әлгі ниеті жөнінде емеурін танытқандай болған.
Іле ел ішінде сауалнама жүргізіліп, соның нәтижесінде халықтың оның ішкі ниетіне түсіністікпен қарайтыны, яғни оның денсаулығына байланысты тақтан түсуіне қарсы еместігі белгілі болды. Негізінде қалыптасқан ғұрып бойынша жапон императоры тақта қайтыс болғанға дейін отыруы тиіс. Десек те, жапон парламенті халық пікірін ескере отырып 2017 жылдың маусымында Акихитоға тақты мұрагеріне дәстүр бойынша өз еркімен тапсыруына мүмкіндік беретін арнайы заң қабылдады. Одан кейін, яғни аталған жылдың желтоқсан айында үкіметтік комиссия Акихитоның тақтан кету жөніндегі тілегін ресми түрде қанағаттандырып берді әрі ауыс-түйіс жасалатын уақытты белгіледі.
Жалпы, мұрагер ханзаданы император сарайындағы кеңес сайлайды. Бұл кеңестің құрамына император әулетінің мүшелерімен қатар, парламенттің кеңесшілер палатасы мен өкілдер палатасының жетекшілері, жоғары соттың бас судьясы кіреді. Кеңеске елдің премьер-министрі төрағалық етеді. Конституцияға сәйкес, жапон императорының саяси күші жоқ. Ол ел бірлігінің символы ретінде қызмет атқарады.
Акихитоның перзенттері туралы айта кетер болсақ, мұрагер ханзада Нарухито 1960 жылы өмірге келген. Гакушюин университетінің әдебиет факультетінің тарих бөлімін бітірген, Оксфорд университетінің аспирантурасында оқыған, құрметті ғылым докторы деген атағы бар. Ол 1993 жылы синтоистік салт бойынша зайыбы Овада Масакоға үйленеді. Бұлардың екі қызы бар. 1947 жылы америкалық генерал Д.Макартурдың жетекшілігімен қабылданған император сарайына қатысты заң бойынша тақ ұл балаға берілуі тиіс. Демек, әзірге бұл жұпта тақтың келесі мұрагері жоқ.
Ал Акихитоның екінші ұлы Акишинода екі қыз және 2006 жылы туған Хисахито есімді ұл бала бар. Хисахито – император әулетінде соңғы 40 жылда туған алғашқы ұл бала.
Императордың жалғыз қызы Саяко 2005 жылдың қараша айында токиолық Йошики Курода есімді дизайнерге тұрмысқа шығады. Саяко қарапайым азаматқа тұрмысқа шығуы салдарынан дәстүрге сәйкес «құрметті ханшайым» деген мәртебесінен айырылды. Нақтылай айтқанда, Саяко 152,5 миллион иен сыйақымен ұзатылады. Осы бір реттік сыйақыны алған соң ол император әулетінің мүшесі болып танылмайды.
Енді Жапонияның императорлық билік жүйесіне қысқаша шолу жасай кетейік.
Жапонияның бірінші императоры Дзиммудың таққа отырған кезінен басталған, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі 660 жылдан бері жалғасып келе жатқан, 2700 жылға жуық тарихы бар, әлемдегі ең танымал императорлық жүйе халықаралық қоғамдастықтың үнемі назарында келеді. Аталған жүйе тарихында 58 император көзі тірісінде түрлі себептермен өз тағын босатып берген екен. Жоғарыда айтқанымыздай, өз қалауымен тақтан кету жағдайы соңғы рет екі ғасыр бұрын болған.
Айта кетейік, біз сөз етіп отырған оқиғаға ұқсас жайт осыдан 5 жыл бұрын Испанияда болды. Нақтылай айтқанда, 2014 жылы Испания королі Хуан Карлос тақтан денсаулығының нашарлауына байланысты өз еркімен бас тартып, корольдік тәжін өзінің ұлы – ханзада Фелипке ұсынған. Ал қазіргі таңда жасы 93-ке келген Ұлыбритания ханшайымы Елизавета ІІ өзінің замандастары Акихито мен Хуан Карлостың жасаған әрекетін әзірге қайталағысы жоқ секілді. ІІ Елизаветаның тақ мұрагері ханзада Чарльздің жасы жетпісте.