Дөңгелек үстелдің салтанатты ашылуында сөз алған Қордың Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық компанияларды өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. «Қордың жаңа даму стратегиясы аясында біз Қазақстандағы жобаларға белсенді түрде инвестиция құямыз. Қор портфелін әртараптандыру мақсатында «Самұрық-Қазына» өзге тәуелсіз қорлармен және инвесторлар консорциумымен стратегиялық серіктестікке кіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы ара-қатынасының барлық салаларында көршілік татулық орнаған. Екі мемлекет басшысының стратегиялық көзқарастарына сүйене отырып, біз екіжақты қарым-қатынасты дамытып келеміз», деді Ахметжан Есімов сөйлеген сөзінде.
Іс-шара барысында Қор мен оның компаниялары қытайлық серіктестерімен бірқатар келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» АҚ пен Қытайдың Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық қоры арасында инвестициялар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім жобаларға инвестиция құю мүмкіндігін бірлесіп қарастыруға жол ашады.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ-тың «Eurasian Nurly Investment Fund» қорына әлеуетті инвестор ретінде қатысу ниетіне байланысты меморандумға қол қойды. Жаңа қордың серіктестері – «СITIC Group», Baiterek Holding, Asian Investment Finance Group және «Самұрық-Қазына» АҚ. «Eurasian Nurly Investment Fund» 500 млн АҚШ долларын тартуды жоспарлап отыр. Шетелдік инвестициялардың пропорциясы 1:8-ді құрайды, яғни Қазақстан Республикасы құйған 1 долларға 8 доллардан астам шетелдік инвестиция тартылады.
Ал «Біріккен химиялық компания» ЖШС және «Huajin Group» арасында минералды тыңайтқыштарды өндіру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойылды. Жобада Қытайдың стратегиялық қытайлық инвесторы Huajin Group (NORINCO) қатысуымен Қазақстанда қуаты 800 мың тонна болатын зауыттың құрылысы қарастырылған. Алдын ала есеп бойынша жобаның құны 600 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл жоба Қытайдың және Еуропалық одақтың нарықтарындағы Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтеді. Жобаны іске асыру мерзімі 2020 жылдан 2023 жылға дейін жоспарланып отыр.