Саясат • 26 Сәуір, 2019

АЭФ-2019 аясында 50-ге жуық сессия өтеді

1067 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

16-17 мамыр күні Қазақстан Республикасының астанасы Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайынғы Астана экономикалық форумы өтеді. Сұхбат алаңында әлемдік экономиканың өзекті мәселелерін және Қазақстан үшін оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуді талқылау үшін жаһандық көшбасшылар мен жетекші халықаралық сарапшылар жиналады.

АЭФ-2019 аясында 50-ге жуық сессия өтеді

XII Астана экономикалық форумының басты тақырыбы – Ынталандырушы өсу: Адамдар, Қалалар, Экономикалар бес маңызды бағытқа бөлінген: жаһандық күн тәртібі; аймақтық макроэкономикалық күн тәртібі; болашақтың қаласы; технологиялық күн тәртібі; адами капитал – Қазақстанның инклюзивтік дамуы.

Форумда барлығы 50-ге жуық сессия өтеді деп жоспарланған.

АЭФ-2019 алаңындағы ең маңызды іс-шаралар: ел басшылығының қатысуымен өтетін сессиялар, жаһандық комиссияның еңбек болашағы жөніндегі баяндамасын зерттеу және талқылау үшін халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 100 жылдығына орай Халықаралық конференциясы, 2020 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ жоғарғы органы) 12-ші Министрлік конференциясын даярлау жөніндегі аралық отырысы. Сондай-ақ, бұл күндері Қазақстан Үкіметі мен халықаралық сарапшылар арасындағы Орнықты даму саласындағы мақсаттарға (ОДМ) қол жеткізудегі халықаралық озық тәжірибені зерделеуде белсенді серіктестік пен тәжірибе алмасуды белгілеу үшін БҰҰ қолдауымен Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу бойынша алғашқы қазақстандық форум өтеді. Бұдан басқа Астана экономикалық форумы аясында G-Global Халықаралық Хатшылығының қолдауымен әлемдік зияткерлік элита және ҚР үкіметінің қатысуымен стратегиялық сессиясы, сондай-ақ Кавказ және Орталық Азия елдерінің, Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттердің және Моңғолия қаржы министрлері мен орталық банктер басшыларының дөңгелек үстелі өткізіледі.

Форумға қатысатын танымал тұлғалардың арасында – Пол Ромер, экономика бойынша 2018 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, Дүниежүзілік банктің бас экономисі (2016-2018); Кристин Лагард, Халықаралық валюта қорының Басқарушы директоры; Стэнли Фишер, АҚШ Федералдық резерві Төрағасының орынбасары (2014-2017); Рае Квон Чунг, 2007 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, Инчхон мемлекеттік университетінің (Корея Республикасы) құрметті профессоры; Ристо Сииласмаа, Nokia компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы, F-Secure Corporation-ның негізін қалаушы; Герман Греф, Ресей Сбербанкінің Президенті және Басқарма Төрағасы; Армида Алисджабана, БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары, Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (АТМЭӘК) атқарушы хатшысы.

Қатысушылар үшін тіркеу және БАҚ өкілдерін аккредиттеу форум сайтында ашылып қойды: http://astanaeconomicforum.org