Конференция басталғанға дейін қонақтар «А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті: дәстүрден жаңашылдыққа дейін» атты білім ордасының ғылыми жетістіктерін көрсететін көрмені аралады. Алыс-жақын елдерден келген ғалымдарға университеттегі Ахмет Байтұрсынов, археология, энтомология музейлері де қызықты болды.
Конференцияда шет ел ғалымдары сөз алды. Доктор PhD, Дубровник университетіндегі Экономика және бизнес кафедрасының доценті Мария Бенич Пенава Хорватиядағы мәдени мұраны цифрландыру туралы әңгімеледі. Конференциядағы пікір алмасуда А.Байтұрсынов атындағы университет пен хорватиялық Дубровник университеті арасында қосдипломдық білім беру, болашақта студенттер мен оқытушылар алмасу, еуропалық жоғары оқу орнында тәжірибеден өту секілді ынтымақтасу туралы ұсыныс болды.
Кәсіби және әлеуметтік білім мекемелерінің еуропалық қауымдастығының уәкілетті өкілі Гаукс Вальтер «Шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарын кешенді жаңғырту саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту» атты баяндамасында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай университетінің базасында «Қазақстан-герман агрокәсіпкерлікті дамыту салалық орталығын» ашу бастамасын көтерді.
«Орталық қызметінің стратегиясын жасау мен жүзеге асыру оған қызығушылық білдірген екі жақтағы әріптестердің ортақ жұмысы болып саналады. Ұйымдастыру сатысында жобану дамыту жөніндегі екі жақты жұмыс тобын құру қажет» деді Гаукс Вальтер.
Конференцияда германиялық «LE» e. V. Өңірлерді дамытуды қолдау халықаралық қауымдастығы мен А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті арасындағы ынтымақтастық Меморандумына неміс жағының өкілі Генрих Цертих мырза мен қостанайлық университет ректоры Алма Досжанова қол қойды.
Конференцияға жиналғандар 5 секция бойынша жұмыс істеді.