Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына орай
Қазақстан – көпэтносты, көпдінді мемлекет. Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осынау қасиетті жерде жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір мақсат-мүдде аясында тірлік кешіп келеді. Бұған біз әуелі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отырғанымызды айтсам деймін. Бұл – халқымыздың, этностарымыздың, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегінің жемісі.
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқының бірлігін сақтап қалуда үлкен қадамға барды. Ол басқа елдерде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) құрып, барлық этнос өкілдерін бір шаңырақтың астында бейбіт өмір кешуге жағдай жасады. Бүгінде бұл қоғамдық институт елдегі тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың мызғымас тұғырына айналып отыр.
ҚХА-ның осы күнге дейін ұстанған негізгі мақсаты — республикадағы ұлттық саясатты жүргізу және қоғамдағы саяси жағдайларға болжам жасау негізінде қоғамдағы ынтымақты қамтамасыз ететін іс-тәжірибелік ұсыныстарды ойластыру, ел Президентінің республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі ретіндегі қызметіне атсалысу десек, ұйым бұл үдеден сөзсіз шығып келеді. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 15 жыл толып отыр. Ұйғыр ұлтының өкілі ретінде бұл ұйымның осыншама уақыт ішінде тапжылмай еңбек етіп келуін өте бір маңызды оқиға деп есептеймін. Мұндай қоғамдық институттың елімізде ауадай қажет екендігін өмірдің өзі де дәлелдегені анық.
1992 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан халқының бірінші форумында Елбасы ассамблея құру туралы ойын білдірген еді. Сол кезде біз Елбасының ешбір мемлекетте жоқ халықтар достығын сақтау саясатына оң көзқарас танытып, “Мұндай ұйым басқа қай елде бар екен?” деп бір-бірімізге сұраулы жүзбен қарадық. Сөйтсек, тәжірибе көрсеткендей, Қазақстанда құрылған Ассамблея посткеңестік мемлекеттердің ешқайсысында жоқ екен. Бұл Қазақстан үшін, Қазақ елінің ауасын жұтып, суын ішіп жүрген қаншама ұлт пен этнос өкілдері үшін ең батыл қадам іспеттеседі. Сөйтіп, Қазақстан Президентінің “Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы” Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында елдегі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында аталған қоғамдық институт құрылып, ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган болды.
Міне, сол уақыттан бері Ассамблея мінбері әр түрлі этностың ашық алаңына айналды. Өзім де осы ұйымның мүшесі ретінде барлық сессияларға қатысып, ой-пікірімді бүкпесіз білдіріп келемін.
ҚХА 15 жыл ішінде 15 сессия өткізіпті. ҚХА Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық халықтың мәдениетін, тілін дамытуға қолайлы жағдай жасау бағытында Қазақстан халқының фестивальдерін, тілдер фестивальдерін, басқа этностардың мемлекеттік тіл мен ана тілін білу дәрежесін анықтайтын байқауларын, тіл саясаты мәселелері бойынша халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар, т.б. өткізіп келеді. Ассамблея Кеңесінің мүшелері жетекшілік ететін республикалық, аймақтық, қалалық және аудандық этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Ұйғыр, әзірбайжан, өзбек, корей, ингуш, неміс, чешен, поляк, т.б. этномәдени бірлестіктерінің жексенбілік мектептері бар. ҚХА Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрылымдарымен тығыз іскерлік байланыстар орнатқан. Осы Ұйымның қолдауымен Ассамблея этносаралық қатынастар мәселелерін зерттейтін талдау орталығын құрды. Ал 2007 жылы Парламент мінберінен басқа да этнос өкілдеріне орын беріліп, Мәжіліске ҚХА-дан 9 депутат сайланды.
Осы тұста “Бізге Ассамблея керек емес. Ассамблея тек мақтау-мадақтаумен өтеді…”, деген пікірлерді жиі естиміз. Әрине, демократиялық қоғамда пікір еркіндігі болатыны сөзсіз. Десек те, мұның бәрі бекершілік. Өткен 15 жылда өміршең іс-әрекетімен өзге елдерге де үлгі-өнеге болған “Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” жаңа Заңның қабылдануы да бағдарлы іске деген жанды көзқарас бола білді. Аталған заңнамалық құжат елдің әрбір азаматына халық үшін аянбай қызмет етумен қатар, осы елдің патриоты болуға шақырып, нақты іс-қимыл бағыттарын ұсынды. Мемлекеттік және өзге этнос тілдерін, салт-дәстүр, мәдениетті өркендетуге толықтай мүмкіндік қарастырылған. Ассамблея туралы заңнамалық құжаттың жобасын әзірлеуге Парламент Мәжілісіне Ассамблея атынан сайланған депутаттар, еліміздегі барлық этномәдени бірлестік өкілдері, қоғамдық ұйымдар белсене қатысып, ауқымды жұмыстар атқарды.
Айтып айтпай не керек, Кеңестер Одағы кезінде де халықтар достығы жөнінде көп әңгіме болатын еді. Алайда, бұл достық бұйрықтық-бюрократиялық жүйемен жүргізілгендіктен де, “Дос боласың, ал олай етпесең, жазаңды аласың” деген саясатта өрбіді. Әр заманның талабы да, заңы да басқа. Осыны еске алғанда, Ассамблеяның көздеген мақсатының айқын әрі нық екендігіне көзім жетеді.
Біле білсек, Қазақстанның Ассамблея құрудағы тәжірибесін көптеген мемлекеттер қолданып отыр. Мәселен, 2003 жылы Ассамблеяның делегациясымен Мәскеуге барған кезімде сол тұстағы Ресей халықтары ассамблеясы атқарушы комитетінің төрағасы ұлты тува Ч.Ондармен сөйлесе кеткенімде ол: “Біз өз ассамблеямызды Қазақстанның тәжірибесіне сүйеніп құрдық”, деді. Сол шақта төбем көкке жеткендей болып, қуанғаным бар. Ал жақында Астанада өткен журналистердің “БАҚ этносаралық төзімділікті нығайту жолында” халықаралық семинарына келген Ресей Федерациясы халықтары ассамблеясының төрағасы Рамазан Қажымұратұлы Әбдуләтіпов мырза да: “Біз Ресей халықтары ассамблеясын Қазақстан халқы Ассамблеясының құжаттары мен мол тәжірибесі негізінде құрған болатынбыз. Себебі, Қазақстан халқы Ассамблеясы бізден үш жыл бұрын құрылған еді. Біз одан көп нәрсе үйрендік, бірақ әлі күнге дейін Қазақстанның деңгейіне жете алмай келеміз. Мен сіздерге қызығамын. Өйткені, сіздердің Ассамблеяларыңызды Президенттің өзі басқарады. Сондықтан сіздерде барлық жағынан мүмкіндік жоғары”, дегенді айтып еді. Шынында да, сөзінің жаны бар.
Тағы бір айта кететін жәйт, Ассамблея басшылары Қазақстанда тұратын әр этнос өкілдерімен тұрақты түрде жиі кездесулер өткізеді. Мысалы, тек өткен жылы ғана ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Алматы қаласы мен осы облыстың Ұйғыр және Панфилов аудандарындағы ұйғыр этносының өкілдерімен үш кездесу өткізді. Қазақ пен ұйғыр зиялылары қатысқан сондай бір басқосуда өткір мәселелер төңірегінде әңгіме болды. Кейбір адамдарды мазалаған мәселелерге тұщымды жауап берді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан кейін әрбір этностың өз мәдениет бірлестіктері ашыла бастады. Біз бұрын ұйғырдың, қазақтың тарихын жетік білмейтін едік. Тек мәдени бірлестіктер құрылғаннан кейін ғана әр этнос өз мәдениетін, салт-дәстүрін, ана тілін меңгеруге бет бұрды. Этностардың өз жәдігерлерімен қауышуына Ассамблеяның қолдауы мен көмегі толыққанды мүмкіндік туғызды. Бұған, әлбетте, әу баста Елбасының жанынан кеңесші орган ретінде құрылған ҚХА-ның уақыт өте келе конституциялық орган дәрежесін алғаны септігін тигізді. Демек, Ассамблеяның негізгі бағыты – мәдени-ағартушылық – тілдер мен ұлттық мәдениеттерді, салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту және насихаттау; тәрбиелік – қазақстандық және ұлттық отансүйгіштікті қалыптастыру; этносаралық қатынастарды қадағалау негізінде ұлтаралық татулық пен келісімді нығайту; Қазақстанды мекен еткен этностар өкілдері арасында достық қарым-қатынастардың дамуына негіз болатын мемлекеттік саясат жүргізу жөнінде ұсыныстар дайындау.
Республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігі ҚХА-мен және Алматы қалалық, Алматы облыстық ассамблеяларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Өткен аптада ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Ахметжан Шардиновпен бірге Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов және оның орынбасары С.Мұқановпен кездесіп, мәдени орталықтың биылғы жылға арналған жоспарын талқыға салдық. Бұған дейін біз Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдумановпен де жолығып, осы мәселелерді әңгіме еткен болатынбыз. Бір қуантарлығы, жаны жомарт, жүрегі кең осы азаматтар этномәдени орталықтарға әрқашан қолдау көрсетіп, үнемі көмек қолдарын созып келеді.
Ассамблеяның мұрындық болуымен Қазақстанның әр аймағынан тіл үйрететін 300-дей жексенбілік мектеп ашылды. Әр этнос өкілі қазақ тілін біліп қана қоймай, өз ана тілін де құрмет тұтқаны дұрыс. Біздің газетте “Ұйғыр балалары ұйғыр мектебіне барыңыздар!” деген сарында материалдар көп жарияланып тұрады. Бұл тұрғыда ұйғыр, өзбек және тәжік этномәдени бірлестіктері Ассамблеяның алдына мынадай мәселе қойды. Атап айтқанда, ұйғыр мектептерінде қазақ тілін үйрету дәрежесін тура қазақ мектептеріндегі қазақ тілін оқытатын деңгейге жеткізу керектігін ұсынды. Білім және ғылым министрлігі мұны құптап-қолдап, қазіргі таңда ұйғыр білім ұялары қазақ тілін бұрынғыдан гөрі тереңдетіп оқытып жатыр. Мұның астарында не бар? Біз ұйғыр балаларына: “Егер сен ұйғырша білетін болсаң, қазақ тілін де үйрену қиынға соқпайды”, дегенді ұғындыруымыз керек. Себебі, екі тіл де бір-біріне өте жақын түркі тілдес тіл. Осы жерде “Орыс тілі керек емес” дегенге де қосыла қоймаймын. Орыс тілі – ресми тіл. Бірақ орыс тілінен бұрын қазақ – қазақ тілін, ұйғыр – ұйғыр тілін білуі тиіс. Бұл төңіректе Ассамблея аянбай еңбек ету үстінде.
Дегенмен, Қазақстан мемлекетінен басқа елдер үйреніп жатыр деп отыра беруге тағы болмайды. Біздің де үйренетініміз, жетпеген асуларымыз әлі алда. Мысалы, 2007 жылы Мәскеуде Ресей халықтары ассамблеясының қолдауымен “Лица столицы” атты 29 ұлтқа арналған кітап жарық көріпті. Оның ішінде қазақ ұлты туралы да жан-жақты мәлімет топтастырылған. Мәскеудегі Қазақ аймақтық ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Полат Жамалов қазақ ұлты, оның тілі мен әдет-ғұрпы жайында сұхбат беріпті. Сондай-ақ, құнды кітапта қазақтың ұлы ақыны Абайды, ауыз әдебиетінің қайнар бұлағы іспеттес екі ертегісін және қазақтың ұлттық тағамынан екі астың мәзірін беріпті. Қатты қызықтым. Неге бізге осындай кітап шығармасқа? Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар туралы неге құнды дүниелер жарияламасқа? Тағы бір айта кетерлігі, бұл кітапта көпшілік біле бермейтін деректер бар екен. Атап айтсақ, 1989 жылғы мәлімет бойынша Мәскеуде 9 мыңдай қазақ бар делінсе, ұйғыр 160 екен. Жоғарыда аталған кітапта ұйғыр ұлты туралы да мәліметтер бар.
Қазіргі кезде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен “Менің елім”, “Достық-Дружба”, т.б. басылымдар жарық көруде. Оларға республикалық ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің де үн қосып отырғанын ескерген жөн. Сондай-ақ, 1957 жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан “Ұйғыр авази” газеті ҚХА-ның негізі қаланған күннен бастап оның тыныс-тіршілігін, атқарып келген жұмыстарын жүйелі түрде жариялап келеді. Айта кетсем, өткенде газетіміздің бір санын Ассамблеяның қол жеткізген табыстары мен қызметіне арнадық. Мұнда барлық этномәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігі қамтылды. Қазақ, өзбек, орыс, татар, ұйғыр, т.б. этностар ақындарының өлеңдерін туған тілінде жарияладық. Яғни, әрбір этномәдени бірлестіктің жұмысын да үнемі бақылап, үлгі тұтарлық жерін насихаттап, ақпараттық қолдау көрсетеміз. Газетімізде былтырдан бері “Қазақ батырлары” деген айдармен қазақтың батырларын ұйғыр оқырмандарына таныстыруды бастадық. Нәтижесінде ұйғыр этносының өкілдері түтінін түтетіп отырған қазақ халқының өмірінен, тарихи шежіресінен хабардар болуда.
Ерекше айтқым келетін жәйттің бірі, кейінгі кезде Ассамблеяның сессиялары негізінен қазақ тілінде өткізіледі. Өзбек пен ұйғырды айтпағанның өзінде, орыс, неміс, украин этносының қазақ тілінде сөйлегенін көргенде жүрегімді бір жылылық сезімі кернейді. Шыны керек, басқа жиналыс пен отырыстарда таза қазақ тілінде сөйлейтіндерді көргенім жоқ. Осының өзі Ассамблеяны сынап-мінеп жүргендерге берілген жауап сияқты.
Елбасы өзінің биылғы Жолдауында ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары – қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау мен ел қауіпсіздігін нығайтуға ерекше мән берді. Елбасы сондай-ақ, “Кез келген партия болсын, қоғамдық ұйым болсын барша қазақстандықтардың мүддесі үшін жұмыс істейді емес пе? Сондықтан мен барлық саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге елдің дамуы мен ұлттық бірліктің тиімді жолдарын іздестіруге септесетін өзара іс-қимылдың жаңа үлгісін әзірлеуді ұсынамын”, – деді.
Бүгінде Ассамблеяның мүшелері Елбасының Жолдауын халыққа түсіндіру үшін алыс-шалғайдағы аудан, ауылдарды аралап жүр. Мысалы, республикалық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Ахметжан Шардинов Ақмола облысына бір топ қайраткермен бірге барып, арнайы отырыстар мен басқосуларға қатысты.
Еуразия кеңістігінің нақ ортасынан орын алған елімізде әртүрлі партиялар, этностар өкілдері діни ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар өз қызметтерін жүргізіп жатыр. Алайда, олардың барлығы өздерін жеке-жеке ұйым немесе одақ түрінде сезінбей, “Біз – Қазақстан азаматымыз!” деген асқақ рухта болуы тиіс.
Қазақтың кең пейілі, тарихи төзімі мен ұлтаралық татулық негізінде Тәуелсіз Қазақстанда саяси тұрақтылық берік орнықты. Біздің бұл өнегемізді әлемнің аса беделді сарапшылары мен халықаралық ұйымдары бірауыздан әлем халықтарына үлгі боларлық басты жетістігіміз деп мойындады. Мемлекет басшысының сарабдал да салиқалы саясаты арқасында дүние жүзінде ешкімге ұқсамайтын, тек қана өз еліміздің ішкі ерекшеліктерінен туындайтын уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси, әлеуметтік, экономикалық және ұлттық дамудың қазақстандық моделін қалыптастырдық. Бұл барша қазақстандықтардың абырой-беделін бұрын-соңды жетпеген биікке көтеріп, осы мемлекетке негіз болған ұлтымыздың дарқан мінезі мен парасатын күллі әлемге паш етті. Қазақ халқы өзінің ерекше қасиетінің арқасында елімізді мекендеген этностардың басын қосып, мемлекет құраушы ұлт, тәуелсіз ел бола алатынын көрсетті.
Юлдаш АЗАМАТОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, республикалық қоғамдық-саяси “Уйғур авази” газетінің бас редакторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.