Қазақстан • 30 Сәуір, 2019

Бейбітшілік пен келісім – тұтастырар ел ішін

89599 реткөрсетілді

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өтті.

Оған еліміздің барлық өңірінен 1300 делегат келген. Сондай-ақ Ресей, Түр­кия, Қырғыз Республикасы, Герма­ния елдерінен қонақтар қатысып, келген­дердің жалпы саны 1500 адамнан ас­ты. Жиынға қатысқандар арасында Ас­­сам­блея ардагерлері, барлық респуб­ликалық, облыс­тық және аймақ­тық этномәдени бір­лестіктердің төр­ағалары, Парла­мент депутаттары, ор­талық атқару орган­дар­дың басшы­лары, саяси партиялар мен діни бірлес­тік­тердің, ҮЕҰ, ЖОО басшылары және шетелдердің дипло­ма­тиялық мис­сияларының өкілдері, ғылым және шығармашылық интеллигенция, БАҚ өкілдері қатысты.


Сессия жұмысын ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, алқалы жиын «Бейбітшілік пен келісім фор­-
муласы: жаңғыру мен бірлік» тақы­­ры­бында өтетінін жариялады. Сессия жұмысын ұйым Төрағасының орын­­басары – Хатшылық меңгерушісі Жан­сейіт Түймебаев жүргі­зіп отырды. Ол баяндама жасау үшін алғаш­қы сөзді ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.


Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындауды бе­кіт­ті. Ротация тәртібімен Ассамблея төр­­ағасының екі жаңа орынбасары бо­лып Ассамблея Кеңесінің биылғы мү­шесі, «Вайнах» чешен-ингуш мә­дени орталы­ғының мүшесі, кәсіби ме­диатор Юсуп Келигов пен ҚХА мү­шесі, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этно­мәдени орта­лығы» қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы Шерзод Пулатов тағайындалды. Қалып­тасқан тәртіп бо­йынша этномәдени бірлестіктер атынан өкілдік ететін ҚХА төрағасының екі орынбасары жылына бір рет ротация тәр­тібімен Ассамблея сессиясында тағай­ын­далады.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өзінің баян­дамасын жасады. Ол Ассамблея құрылған күннен бас­тап еліміздегі мыз­ғымас бірліктің ұйытқысы, сар­қыл­мас берекенің бас­тауы болып келе жатқанын атап өтті. «Ассамблея – көп­этносты еліміздің басын біріктіретін, қо­ғамның пікірін тыңдайтын үлкен мінбер. Бүгінгі таңда құ­рылым еліміздегі татулық пен тұрақ­тылықтың ең басты кепілі болып отыр», деп сөзін жалғастырған Төраға ға­лам­дық бейбітшіліктің аса құбылмалы өз­­ге­­ріс­терге ұшырап отырғанын атап өтті.

«Біз бүгін мүлде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп отырмыз. Елдің экономикасы, қоғам өмірі, технологиялар күрделі өзгерістерге ұшырады. Біз олардың көбін қабылдап, біразын үйренудеміз. Осы өзгерістердің арасында өзгермейтін қуатты құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлт­ара­лық келісім. Қазір ол біздің басты құн­дылығымызға айналған. Күн­делікті өмірде біз оны байқамайтын да шығар­мыз, бірақ болашақта нақ осы фак­тор біздің бәсекелестікке төтеп бере алуы­мызға мүмкіндік береді», деген Ел­басы оның себептерін де ашып көр­сетті.

Біріншіден, өтпелі кезең әлемді бұрынғыдан қауіпсіз ете алған жоқ. Бүгінгі таңда әлемде кикілжіңі 30-дан астам елге жайылған 40-тан артық «ыстық нүкте» бар. Олар­да­ғы кикілжіңнің басты себебі – ішкі эт­носаралық және дінаралық қақты­ғыстар. Бұдан қазір ешкім де сақ­тана алмайды. Екіншіден, этнос­ара­лық кикілжіңдер тіпті аса қуатты деген елдердің туын құлатып жатқанын сараптамалардан көріп отырмыз. Ұлтаралық және дінаралық саясатта жіберілген болмашы қателіктің өзі тарихи ауыр драмаларға соқ­тырып, мыңдаған адамдарды қайғы-қасіреттерге ұрындырды. Үшіншіден, әлемдегі бейбітшілік өте құ­был­малы және осал болып тұр. Күн сайын бірнеше мың адам жайлы жер іздеп, туған жерінен көшіп кетуде. Бүгінгі таңда дүние жүзіндегі мигранттардың саны 250 млн адамнан асты. Соның ішінде 70 миллиондайы – босқындар.

Төртіншіден, қазіргі заманның көңіл аудармауға болмайтын тағы бір қаупі – цифрлы коммуникацияның дамуы. Пайдасымен қатар ол деструк­тивті әлеует тудыруда. Цифрлы ком­­му­­никацияның мүмкіндіктері этнос­­аралық және дінаралық жеккөрі­ніш­терді туғызуға пайдаланылады. Кейбір жүйелі қауымдастықтар жау­лық пен ксенофобияның тұтастай ошағы бо­лып отыр. Мемлекет мұн­дай­ларға қар­сы батыл шаралар қолдануы керек». Елбасы бұдан бөлек 30 жыл бұрынғы пікірлерді еске алып, Ор­талық Азияны тұрақсыздық ошағы болады деген болжамдарды айтып өтті.

«Алайда Қазақстан Тәуелсіздік жыл­дарында барлық деструктивті болжамдарды жоққа шығарды. Біз серпінді экономикасы бар мығым мемлекет орнаттық. Сонымен бірге прагматикалық және болжалды сыртқы саясаттың арқасында халықаралық беделге де қол жеткіздік», дей келіп Нұрсұлтан Назарбаев осы биікке шығарған құралдарды атап берді.

«Біріншіден, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Халықтың қалауымен құрылған Ассамблея беделді конс­титуциялық органға айналды. ҚХА мемлекеттік құрылысқа барлық қазақ­стандық этностар мен діни конфессия­ларды тарта білді. Ассамблеяны мем­лекеттің саяси жүйесімен астастыра отырып, біз ұлттық бірлікте өзіміз­дің айрықша бағытымызды таңда­дық. Міне, 12 жылдан бері ол Пар­ламент Мәжілісінде ресми өкілдік­ке ие. Екіншіден, этносаралық және кон­фессияаралық теңдіктің қуатты құ­қықтық базасы жасалды. Үшіншіден, этносаралық саладағы біздің мем­лекетіміздің саясаты «Әралуандықтан бірлікке» қағидаты негізінде құрылды. Бұл әсіресе, тіл саясатында көрініс тапты. Қазір елімізде мемлекеттік тілде оқытатын мектептер жүйесі артып келеді. Олар қазір 4 мыңға жетіп қалды. Бұл 90-жылдармен салыс­тыр­ғанда 2 есе көп. Ал қазақ тілін үй­ре­тетін орталықтар бәріне қолжетім­ді», деген Елбасы «Мәміле» атты си­туа­­циялық қазақ тілі жобасын ұсы­на­ты­нын жеткізді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев этностар тілінде оқы­­татын мектептер санына тоқталды, соның ішінде өзбек, тәжік, ұйғыр және ук­раин тілдерінде 88 мектептің бар еке­нін айтты.

«Туған жер» бағдарламасы бойын­ша Қазақстан азаматтарының жауап­кершілік пен патриотизмі жоғары екендігі көрінгенін, осы орайда көп­теген кәсіпкерлердің аймақтарда әлеу­меттік нысандар тұрғызғанын сөз етті. Солардың ішінде Елбасы, Гарик Бернецян, Владимир Лыткин, Никон Ким, Шамсадин Гусейнов, Виктор Хильниченко, Виктор Сычев, Хасан Абуев, Сергей Блок, Рубик Аветисян және басқаларды атап өтті.

«Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасында 20-дан артық этностық топтар өкілдері бар. Ал биыл біз Жастар жылы аясында көптеген шаралар атқаратын боламыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бейбітшілік пен келісім құнды­лықтарын халықаралық қоғамдастық аренасына шығаруда қандай шаралар іске асырылғаны туралы айтқанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездері өткізіліп келе жатқанына, сонымен қатар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясындағы белсенді әрекеттерге екпін берді.

Елбасы: «2017 жылдан бастап біз мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағ­­дарында жүйелі шараларға баста­ма­шылық жасадық», деп олардың аясында халықтың табысын өсіру, аз қамтылған тұрғындарды қолдау мәселелері қамтылғанын айтты.

Сондай-ақ Елбасы: «ҚХА – бұл қо­ғамдық сананы жаңғырту процестерінің белсенді қатысушысы. Білімге жүгіну, жаңа идеяларға жол ашу, ұлттық кодты сақтау және Қазақстанның эволюциялық дамуы – міне, осылар жалпыұлттық тарихи сана мен біртекті құндылықтарды қалыптастырудың негіздері. Осылар Ассамблеяның тікелей жауапкершілігіне жатады. Осыдан екі жыл бұрын мен тұсауын кескен «Рухани жаңғыру» жобасы оған барлық қазақстандықтардың қатысуына мүмкіндік береді. Қоғамдық сананы жаңғырту дегеніміз – барлық қоғамның рухани және интеллектуалды жаңаруы. Біз күшті және жауапты адамдардың біртұтас халқымыз, біздің ойлау жүйемізді және тәртібімізді нақ осылай қалыптастыру керек», деді.

Елбасы ендігі жылы Ассамблеяның 25 жылдық мерейтойы болатынын атап өтті. Ал Төраға сөзінің со­ңын «Халықтың береке-бірлігі пат­риотизмді және ортақ құндылықтарды дәріптеу арқылы нығая түседі. Біз әл-ауқатымызды арттырып, жұртымызды биік мақсаттарға жұмылдыру үшін берік негіз қалыптастырдық. Ассамблея әрдайым татулық пен тұрақтылықтың кепілі болып қала береді деп сенемін» деп аяқтады және қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

Елбасынан кейін сөз кезегі жазушы Смағұл Елубайға берілді. Ол алдымен 90-жылдардағы өтпелі кезеңді еске түсіріп өтті. «Сол бір алмағайыпта ел батасын алған Елбасы тәуекелдің ақбоз атына мінді. Алайда алда тұрған өтпелі кезең көпірі оңай кедергі емес еді. Ол көпірде көшбасшы бір шалыс қадам жасаса, шашылып қалу қаупі болды. Бірақ бізді Құдай сақтады, көшбасшымыз жүрістен жаңылмады. Қиын өткелден Қазақстанды аман-есен алып шықты. Қазақстан халқы сол тұста бір атаның баласындай бірігіп, жаңа елдің қабырғасын көтерді. Жаңа астана салынып, әлем елімізге атбасын бұрды. Қазақстан Орталық Азияның көшін бастады.

Біз бүгін тағы да еңсесі биік, төрі кең қазақ шаңырағында отырмыз. Осы орында тәуелсіздік жылдары заманауи саясат көгіне самғап, бір жұлдыз туды. Ол – Назарбаевтың жұлдызы еді. Сол жұлдыздан жанартаудай атқылап, ұлттық пассионарлық рух оянды. Оны оятқан пассионар тұлға Назарбаев еді. Жас, жаңа Қазақстан өмірге келді. Осының арқасында қаншама мәдениет, спорт жұлдыздарымыз жанды, әлі де жанып келеді», деді С.Елубай. Бұдан бөлек ол Ұлы дала жазуын латын әліпбиіне бұруды ең ірі реформа деп санайтынын атап өтті. «Өйткені тіл жұлдызы жанғанда ғана ел жұлдызы жанары хақ. Ел жұлдызы жансын десек, тіл жұлдызын жағайық, ағайын», деді жазушы.

Сондай-ақ С.Елубай Елбасының тапсырмасымен ұлт санасын жаң­ғыртқан киножобалардың өмірге келгенін, әдеби жауһарларымыздың әлем тілдеріне аударылғанын еске салды. «Сіздің бастамаңызбен түгел түркінің бесігі Түркістан түлей бастады, ендігі жерде Әзірет Сұлтан басында түгел түркінің бас қосқан күніне аман жетейік», деп сөзін аяқтады.

Одан кейін сөз Мәскеу қаласы халықтары ассамблеясының төрағасы, ресейлік Светлана Смирноваға берілді. Ол Қазақстан халқы Ассам­блеясы секілді азаматтық институттың әлемде жоқ ерекше түрі екенін атап өтті. «Мен үнемі Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблеяны бүкілхалықтық өкі­леттіктің инновациялық моделі деп бағалаған сөзін айтып жүремін. Ол шын мәнінде біздің жас демократиямыздың табысты институтына айналды», дей келіп С.Смирнова Ресей Ас­сам­блеясының тарихы туралы сөз етті. «Біздің Ассамблеяны құрушылар барлық тәжірибені Қазақстан халқы Ассамблеясынан алған еді. Тіпті бүгінгі күні де біздің Ассамблеямыздың сіздерден үйренері көп. Қазақстанның түрлі халықтар арасында өзара татулық пен келісімді сақтау үлгісі бізге ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне үлгі болуға тұрарлық», деді ол. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрылып: Сіз өз еліңіздегі тұрақтылық пен ты­ныш­тықты ғана сақтап отырған жоқсыз, Сіз барлық әлемге үлгі көрсе­тіп, түрлі халықтардың өзара қатынасы осындай болу керектігін танытып отырсыз. Еуразиялық экономикалық интеграция идеясын да алғашқы болып Сіз айттыңыз. Осы идеяны ММУ-дің үлкен аудиториясынан жариялағаныңызға да 25 жыл болып отыр. Бүгінгі таңда Сіздің идеяларыңыз бен ұсыныстарыңыздың дұрыстығын өмір көрсетті. Ол саясаткерлер мен экономистердің тарапынан ғана емес, барлық тұрғындар тарапынан қолдау табуда. Нақ Сіздің осы идеяңыз біздің елдеріміздің стратегиялық дамуының бағдары болды», деді.

Сөзінің соңында С.Смирнова бей­біт­шілік мәселесі – барлық әлем қатыс­қанда ғана шешіледі, сондықтан бәрі­мізге ұлы мақсат жолында бірігу керек. Жыл сайын болатын Еуразия ха­лықтарының форумында кездесіп, бей­бітшілік пен тұрақтылықты қам­­та­масыз ететін этномәдени ерекше­лік­терді сақтау жолдарын тал­қылап отыруымыз қажет, деді.

Осыдан кейін сөз әл-Фараби атын­дағы ҚазМУ-дің студенті Ми­лина Вавулидиге берілді. «Мен Гре­кияға барған сапарымда жергілікті қауымдастықтың төрағасымен кез­дес­тім. Менің Қазақстаннан екенімді білген ол «Назарбаевтай басшысы бар елдің болашағы жарқын. Біздің Грекияда бәрі бар, тек Нұрсұлтан Назарбаевтай басшы ғана жетіспейді деп қатты күрсінді», деді М.Вавулиди. Өз әжесінің «қазақтар мен гректер – өмір-бақи туысқандар» дейтін сөзін еске алған ол мен грек қызы болсам да, жүрегім қазақ деп соғады», дей келіп, Н.Назарбаев өзінің өкілеттігін тоқтату туралы жариялағанда көзіне жас алғанын жеткізді. «Енді не болады деп қорықтым. Біз көрші елдердегі би­лікке таласқандардың кикілжіңі неге соқтырғанын көріп жүрміз ғой. Бірақ мен Сіздің таңдауыңызға таң­ғалдым. Сіз нағыз лайықты адамды атадыңыз. Сіз қай күндегідей ең қиын мәселеде ең дұрыс шешім қа­был­дадыңыз. Сізге осы істеріңіз үшін де рахмет айтқым келеді. Олар біздің ер­теңге деген сенімімізді арттырады. Журналист ретінде мен елдегі ты­ныштық пен келісімді, бейбітшілдік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы өзімнің жауапкершілігімді түсінемін. Мен өзімнің өмірімдегі ең басты жос­парымды Елбасының идеяларын ілгерілетуге арнайтын боламын», де­ді ол.

Мінберге көтерілген «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бас­тығы Джамалайл Элимханов Шешен­стан­да туып, сәби шағы соғысқа тура кел­генін және сол ауыр шақта қазақ халқының көрсеткен бауырмалдығын атап өтті.

– Шешенстанда соғыс басталғанда мен екі жаста едім. Соғыс – әр отбасы үшін зор ауыртпалық пен қасірет. Сол тұста біздің көпқабатты үйіміз қирап, әкемнің ағасы опат болды. Ал менің көзім көрмей, зағип болып қалдым. Мыңдаған шешендер сияқты бізге де туған жерімізді тастауға тура келді. Сонда менің ата-анам ойланбастан Қазақстанды бетке алды. Өйткені осыдан 75 жыл бұрын 1944 жылы қиын-қыстау күндері кеңпейіл қазақ халқы шешендерді панасына алған еді. Қазақ жері бізді тағы да құшақ жайып қарсы алды, өзім қазақ отбасында тәрбиелендім, осында екінші өмірім басталды. Қазақстанда жасалған мүмкіндіктің арқасында мектеп пен университетті үздік бітіріп, қазақ, ағылшын және қытай тілін меңгердім. Бұрынғы босқын, соқыр, соғыс жылдарының ұрпағы – мен 26 жасымда малайзиялық «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бастығы болдым. Енді маған келіп, өз еңбегіңмен жетістікке жету мүмкін емес деп ай­туға ешкімнің дәті жетпес. Жастар, бі­лім ал да, білікті бол. Бәрі – өз қолың­да. Менің өмірім – соған дәлел», деді.

Сондай-ақ шешен халқының басына күн туғанда бірінші көмек қолын созып, арнайы тапсырмасымен мектеп пен көпқабатты үй салып берген Елбасының еңбегін ерекше атады. Бүгінде ол мектеп пен үй тұрған көшеге құрмет ретінде Нұрсұлтан Назарбаев­тың есімі беріліпті.

Ал көп балалы ана, математи­ка пәнінің мұғалімі Лариса Крав­цова ата-анасымен Қарағандыға Баш­құртстаннан 1976 жылы келген екен. 43 жылда әулеті қазақ жерінде өркен жайыпты. Ол өзінің жұбайы – орыс, күйеу балалары – татар және қазақ, оған қоса тату-тәтті шаңырағында да­ғыс­тандық пен корей ұлтының өкіл­дері барын айтып, отбасымыз – қазақ­стандық бірліктің кішігірім үлгісі, деді. Л.Кравцова Қазақстанда көп ба­лалы аналарға барлық жағдай жасалғанын айтып, өзінің төрт қыз, бір ұлдың анасы екенін жеткізді.

Анкарадан келген саясаттанушы Күршад Зорлу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі әлеміндегі көш­бас­шылық тұлғасы туралы сөз қозғады.

– Мен Қазақ елі туралы ең алғашқы зерттеу мақаламды 1999 жылы жаздым. Халықаралық шолушы ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбектерін жиырма жылдан бері зерттеп келемін. Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласы – тек қазақ халқы үшін ғана емес, түркі халықтары үшін де болашаққа жол көрсеткен айқын бағдарлама. Менің жақында «Елбасы Назарбаев» атты кітабым төрт тілде жарық көреді. Бұл еңбектен әлем көшбасшылықтың жаңа қыр-сырымен қанық болады. Екі жыл бұрын Түркияда әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздім. Қатысқандар Ел­басыны бірауыздан Түркі әлемінің ең көрнекті және танымал тұлғасы деп таныды. Сізді бүгінгі күннің Біл­ге қағаны деп біледі. Сирияға қатысты келіссөздер Елбасының бітім­герлік қасиетін айқын танытты. Сіздің президенттік өкілеттілігіңізді өз еркіңіз­бен тоқтатқаныңызды естігенде Түркияның миллиондаған халқы алаңдаушылық білдірді. Қазақстан – қазір тәуелсіздігін енді алған жас мемлекет емес, болашағына нық сеніммен қараған Мәңгілік ел. Сіздің тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көтерген Түркі әлемін біріктіру идея­ңыз бүгінде толық жүзеге асты. Сіздің бастамаңызбен құрылған Түрксой, Түркі кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы түркітілдес мемлекеттердің темірқазығына айналды», деді түр­киялық саясаттанушы.

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласынан келген Чу Ионг-Мин – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты. Кореяда жүріп, қазақ тілін меңгерген ол өз елінде 97 пайыз корейлер тұратын, моноұлтты мемлекет екенін, сондықтан Қазақстанның көпэтносты құрамы қатты әсер еткенін тілге тиек етті. Чу Ионг-Мин осы жер­дегі татулық, теңдік, ауызбіршілік таң­ғал­дырғанын, Қазақстан корейлері шы­найы патриот, қоғамның белсенді мү­ше­лері екеніне көз жеткізгенін сөз етті.

Жергілікті корейлердің арасынан 60-тан аса ғылым докторы, 400 ғылым кан­дидаты шыққанына қуанышты екенін жеткізген оның зерттеп жүрген тақырыбы – Қазақстанның көпэтносты қоғамы және Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы. Ол бұл зерттеуі арқылы моноұлтты мемлекеттерге татулық пен келісім салтанат құрған Қазақстанды танытқысы келеді екен.

Қазақстанда дүниеге келіп, бүгінде тарихи Отанына оралғандардың арасынан Гаукс Вальтер сөз алды. Біздің елден 15 жасында көшіп кеткен ол қазіргі таңда Германияға шеттен келген немістердің жастар ұйымын басқарады.

«23 жыл бұрын мен туған ауылым Қоңыраттан Германияға қоныс аудардым. Бүгін қайтадан Қазақстанға оралу бақыты бұйырды. Қазақстан қашанда менің Отаным болып қала бермек. Осы сәтте Елбасына Еуропадағы миллиондаған неміс­тің атынан алғыс білдіргім келеді. 800 мыңнан аса неміс тарихи Отанына ора­лып, туысқандарын тапты, отбасын құрды. Алғыс айту күнін біз назар­дан тыс қалдырмай, қазақ халқына шын жүректен алғыс айттық. Бізді Гер­манияда қазақстандық немістер деп атайды, ал Қазақстанда 180 мыңнан аса неміс қазақ халқының бір бөлшегіне айналып кетті. Елбасына неміс мәдениеті мен тіліне көрсеткен қолдауы үшін ризалығымызды білдіреміз», деді Г.Вальтер.

Ал Қазақстанда кәсіпкерлерге жа­сал­ған қолдау туралы Елена Свечникова әңгімеледі. ZIBROO брендімен белгілі спорттық киімдер тігетін компанияның негізін салушы Елена тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өз кәсібін қалай бастағанын баяндап, Елбасы жүргізген сарабдал саясаттың септігі тиіп, бүгінде жетістікке жеткенін айтты. Ол Елбасының «Кез келген дағдарыстан жаңа мүмкіндіктер іздеу керек» деген сөзін басшылыққа алады екен. Қазір ZIBROO брендімен танымал өнімдер кеңге жайылып, олардың тіккен киімдерін ұлттық құрамамыз Азия ойындары мен Олимпиада ойындарына киіп барыпты.

Атажұртқа Моңғолиядан 2005 жылы 17 жасында оралған Дұрвудхан Сұраған – бүгінде математика ғы­лымы бойынша философия докторы, Д.А.Қонаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. 2018 жылы математика саласындағы зерттеуімен халықаралық Ferran Synyer i Balaguer сыйлығын иеленген, бұл жыл сайын әлем бойынша математика саласындағы ең үздік еңбекке беріледі.

Ол Елбасының арқасында шеттегі қазақтарға елге қарай жол ашылып, ата-баба аманаты орындалғанын ерекше атап өтті.

«Моңғолияда орта білімді сырттай аяқтадым. Қазақстанға келіп Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, соның нәти­жесінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетіне грант жеңіп алдым. Университеттен кейін «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда теориялық физика мамандығы бойынша магис­тратураны үздік аяқтадым. Елге келген соң конкурстан өтіп, Назарбаев Университеттің оқытушысы болдым. Бұл – орындалған ғажайып арман. Сіздің бастамаңызбен құрылған Назарбаев Университет – қазір әлемге таны­мал оқу орындарының бірі. Біздің оқы­тушы-зерттеушілеріміздің ғылыми еңбектері әлемнің ең басты басылымдарында жарық көріп жатыр. Бастысы еліміздің жастары халықаралық деңгейдегі жоғары сапалы білім алатындай толық мүмкіндіктерге ие болды», деді Д.Сұраған.

Жиында талапты жастардың бірі, қазақ­стан­дық жас ІТ-маман, 11-сынып оқушысы Ев­гений Демиденко өзі жасаған біре­гей жобалары туралы мәлімет беріп, мүм­кіндігі мол ұрпақтың өкілі ретінде Елбасының қамқорлығына алғыс білдірді. Евгений былтыр арнайы білімсіз-ақ цифрлық технологияның көмегімен Boeing 757 ұшағының базасы негізінде техникалық және жобалық ұшақтардың апгрейді бойынша жоба әзірлепті. Бұл жобаны Boeing компания­сы сатып алып, қазір Ұлыбританияның Кренфильд аэроғарыш университетінде жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатыр екен. Бұл жоба әуе кемелерін құрастыру құнын төмендетіп, жолаушылар санын көбейтуге, лайнердің қауіпсіздігін және энергия тиімділігін арттыруға арналған.

Бұған қоса Е.Демиденко YouTube-тің баламасы – «I LEARN» мобильді қосымшасын дайындап жатқанын айтты. Жаңа буынның сұранысына сай келетін бұл қосымша «Google scinse fair» олимпиадасында 25 мың қатысушының ішінен екінші орынды иеленіпті. Ол алдағы уақытта Назарбаев Университетте білімін шыңдағысы келетінін, жастар бір-бірімен білімін бөлісу керектігін айтып, «Зерен» жазғы лагерінде Ассамблеяның арнайы жас­тар маусымын өткізуді ұсынды.

Тәжірибелі журналист, Қостанай облыстық телеарнаның жүргізуші-ре­дакторы Алла Чечеткина мемле­кет­тік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты пікірін білдірді.

«Ұлтым – молдаван. Өзім қазақтың салт-дәстүрі және мәдениетімен сусындап өскенмін. Қазақ тілін білу үшін мен сияқты әженің тәрбиесін көріп өсу керек. Қолдың сары майы қосылып дайындалған таба нанның дәмі әлі таңдайымнан кетпейді. Ата-анамның ақылымен қазақ сыныбында оқыдым. Қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқимын. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін» деген сөзі – мен үшін өмірлік мақсат. Сондықтан мен қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен қазақ тіліне құрмет көрсетілуін жөн деп білемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді?! Барлық қандас ба­уырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өмірлік рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақи тәрбие ұмытылмаса екен деп тілеймін», деді А.Чечеткина.

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сессия жұмы­сын қоры­тын­дылап, «Айтылған сөз, жа­сал­ған баяндама – барлығы бағытымыздың дұрыс еке­нінің дәлелі» деді. Сондай-ақ ортада сөз сөйлеген Алла Чечеткина сияқты жастарға қа­рап, әр сессия сайын қазақ тіліне деген құрметтің арта түскенін байқағанын жеткізді.

«Мен кеше ғана Бейжіңнен кел­дім. «Бір белдеу, бір жол» екінші халық­аралық ынтымақтастық форумына 40-тан аса мемлекет басшылары жи­налып, бірлесіп экономиканы дамыту мәселелерін талқылады. Жібек жолы 150 елді жалғайды, сол жолдың бо­йында экономика өсіп-өркендейді. Бұ­ған біз де кірісіп кеттік, өз жолдарымызды салдық. Қазақстан арқылы жүк тасымалын өткізіп, былтыр 2 млрд доллар пайда таптық. Мен қашанда интеграциялық процестерді қолдап келемін. 25 жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы идеяны ұсындым. Осы идеяны жүзеге асырғанымызға биыл бес жыл болады. Енді елордада ЕАЭО-ның бесінші мерейлі сессиясы өтеді», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Елбасы татулық пен тұрақтылық және еңбек қана алға жетелейтінін айтып, жастарды еңбекқор болуға, білікті маман атануға шақырды.

Қатысушылар лебізі


Әли БЕКТАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты:

– Қазақстан халқы Ассамблеясы – әлемде теңдесі жоқ ерекше институт. Ол – біздің хал­қы­мыздың, елімізде тұрып жатқан барлық этнос өкілд­ерінің басын қосатын, бәріміз жиналып ақыл­дасатын, бір-бірімізге тілеулес болатын, еліміз­дегі ынтымақ пен бірлікті арттыруға зор қыз­мет жасап жүрген керемет ұйым.

Ассамблеяның кезекті сессиясына респуб­ли­камыздың түкпір-түкпірінен азаматтарымыз, түрлі этнос өкілдері жиналып, еліміздің елдігін ту етіп көтеріп отырмыз. Тек бұл ғана емес, Ас­сам­блеяның әр сессиясында өзекті, маңызды мәсе­лелер қарастырылады. Қазір еліміз жаңа өмір­ге аяқ басып келе жа­тыр. Алда мемлекет үшін маңызды президенттік сай­лау бар. Халық­аралық қоғамдастықта болып жатқан тұрақ­сыз­дық, әлбетте, елімізге әсер ет­пей қоймайды. Тәуел­сіздік алған жас мемлекет үшін ел тұтастығы, ынты­мақ­тастығы, бірлігі үлкен маңызға ие. Ел ынтымағы мен бірлігіне негіз­дел­ген институттар, қарым-қатынас, татулық жал­ғасын таба беруі керек.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Қазақстан халқы Ассамблеясының жетіс­тіктерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Түрлі этнос өкілдері тұрып жатқан елде ауызбіршілік пен татулықтың болуы – осындай институттардың жемісі. Бір-бірімізбен бас қосып, үлкен страте­гия­лық мәнге ие жоспарлар құрып, келешекке мақсат қою ел үшін маңызды деп есептей­мін. Қазақстан Республикасы ең алдымен тыныш­тығымен, бейбіт өмірімен мақтанады. Елба­сы­ның салиқалы саясаты және салып берген даң­­ғыл жолының арқасында бір-бірімізге деген махаб­батпен, сүйіспеншілікпен, құрметпен бір үйдің ба­ла­ларындай тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бұл өз жал­ғасын тауып, мәңгілікке ұлассын деймін.

Менің ойымша, қоғамның ынтымағын нығайтуға арналған шаралар жақсы нәтижесін көрсетіп жатыр. Алда да маңызды іс-шаралар күтіп тұр. Елімізде тыныштық болсын. Қоғамда, өмірде болып жатқан мәселелер міндетті түрде шешімін табады. Бізге керегі – ең алдымен бірлік. Бірлік бар жерде – тірлік бар.

Қазақбай ТАШТЕМІРҰЛЫ, ҚХА мүшесі, философия  ғылымдарының докторы:

– Алдымен, татулығы мен келісімі жарасқан еліміздің жұртшылығын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Бүгін қазақтың қасиетті жерінде елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан барлық этностардың өкілдері алқалы жиында бас қостық. Осындай бірлікті ту еткен жиындарда Қазақстанның бола­шағы жарқын боларына сенімің арта түседі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылы­ғы­­мен өтті. Бүгінгі күні халық дипломатиясының күретамырына айналған Қазақстан халқы Ассам­блеясы – мемлекетіміздегі татулық пен ынты­мақтың, бірлік пен келісімнің киелі бесігі. Бұл – Елбасымыздың ұлтаралық мәселелерді шешуде көрегендігі мен даналығының көрінісі. Қазақстан халықтарының достықты ту етіп, бірлікті жыр еткен мызғымас татулығы мәңгілік жасай 
берсін!


Асылы ОСМАН, қоғам қайраткері:

– Қазақстанда орныққан тыныштықты нығай­туда Ассамблеяның қызметі зор екенін атап көр­сету керек. Алайда Қазақстанда тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнығуы, осы бағыттағы игі істер­дің барлығы топырақтың, елдің иесі, бәрімізді бауы­рына басқан, тумысынан таза, қиянаттан шет қазағымыздың арқасы екенін айтпай кетуге болмас. Елдегі игіліктердің негізгі ұйытқысы бол­ған қазақ халқының, сол халықтың арасынан шыққан, кемел де парасатты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының жақсылығын естен шығармауымыз керек.

Елбасының ерен еңбегін, этносаралық бірлікті нығайтуға қосқан зор үлесін үнемі тілге тиек еткеніміз жөн болар деп ойлаймын. Елім, жұртым аман болсын. Тәңір берген бағынан айырмасын. Ат­тары бәйгелі, өздері әйгілі болсын деп, еліме тыныш­тық, достық, бірлік, ынтымақ тілеймін. Өзге­нің де жаны қазақтың жанындай дарқан болса екен. Дарқандығы даласынан дарыған, тектілікке бабасынан жарыған қазағым аман болсын!

Дархан МЫҢБАЙ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Жеткен жетістіктеріміздің негізі – ха­лық­тың бірлігі, ынтымағы, ауызбіршілігі. Біздің елді мекендейтін этностар тату-тәтті тірлігінің ар­қа­сында бір-бірінен көп нәрсе үйреніп, үлгі ал­ды, осы үндестік мемлекет дамуының кепілі бол­­ды. Елбасының отыз жыл бойы бірлікті ұс­тын етіп, оны маңызды бағыт ретінде алға тартып кел­гені тегіннен-тегін емес. Шын мәнінде, бір­лік ол сөз кү­йінде қалып қоймай, іспен де дәлелденіп келеді.

Соның бір айғағы – Ассамблеяның жылда өтетін осы дәстүрлі жиыны. Әр сес­сияның мақсат-міндеті бар. Сол жолдан айнымай, бүгінгі сессияда да маңызды бағыттар нақ­тыланып, Қазақстанның алдағы дамуына серпін беретін, тұғыр болатын дүниелер әңгіме болды. Этносаралық татулық жалпыұлттық бірлік деңгейіне шықты. Жалпыұлттық келісім – бұрын сөз болып жүрген этностар арасындағы достықтан жоғары тұратын сапалы саты. Ал сапа жағынан қарағанда бұл ұйым өскен, өркендеген. Ол Қазақстанның ортақ мақсатына қызмет ете береді деп ойлаймын.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты:

– Бұл сессияның маңыздылығы үлкен сая­си оқи­ға – сайлаудың алдында өтіп жатқаны. Та­ри­хи өтпелі кезеңге сәйкес келген сессияның та­­қы­­­ры­бы – татулық пен келісімнің, бірлік пен жа­ңа­­ру­дың формуласы. Бүгін тыныштық пен бірлік­­тің ар­­қасында жеткен жетістіктеріміз баян­дал­­ды. Ен­дігі мақсатымыз – президенттік сайлау­да ұйым­шыл­дық танытып, өркенді ел екенім­ізді көрсету.

Ассамблея – ұлт пен ұлыстың арасындағы ауыз­біршіліктің, келісімнің ұйытқысы. Бұған біз ҚХА мүшесі ретінде көз жеткізіп келеміз. Биыл Ел­басы сессияға өзі төрағалық жасады. Қо­ғамдық не­гіз­дегі екі орынбасары тағай­ын­дал­ды. Күн өткен сайын Ассамблея ха­лық­тың арасында бе­делі өспесе, түспейтінін дә­лел­деп келе жатыр. Мұның бар­лығын жақсылықтың нышаны деп есеп­тейміз. Ал­дағы 1 мамыр – Қазақ­стан хал­­­қы­ның бірлігі күні құт­ты болсын, ынты­ма­ғы жарас­­қан, тату-тәтті хал­қымыз жасай берсін!

Хасан САГАЕВ, Ақтөбе облысы «Вайнах» этно-мәдени орталығының төрағасы:

– Біз жыл сайын Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқының бірлігі қарсаңында кездесіп отырамыз. Ассамблея Төрағасы біздің алдымызға жаңа міндеттер қойып, жаңа тапсырмаларын береді. Еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын көздеген ондай тапсырмаларды орындауға біз әрқашанда әзірміз.

Біздің Төрағамыздың алға қойған жаңа міндеті елдің жарқын болашағына байланысты болып отыр. Бүгінгі таңда еліміздің алдында өте үлкен жауапты науқан тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі президенттік өкілеттігін тоқ­татты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы Nur Otan партиясының атынан президенттік сайлауға ұсынылды.

Біздің міндетіміз – Елбасы бастап, іргесі қа­ланған Тәуелсіз елімізді тұтасымен сақтап, келер ұрпаққа аман-есен жеткізу. Келісім болған жерде бірлік бар. Ал бірлік болса, бәрі де болады, биік табыстарға жете беретін боламыз.

Бақытбек СМАҒҰЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ел­ба­сының ұстанымы – елдің ынтымағы, қоғамның бірлігі. Елбасының ел үшін, туған жер үшін сіңіріп жатқан еңбегі ерен. Тыныштықты ту еткен халықтың бірлігі мызғымайды. Ол бірлікті бір ұяда қанаты қатайған балапандай болған, тонның ішкі астарындай бір-біріне етене жақын, ауыр кезеңдерді басынан бірге өткізген ата-баба­ларымыздан үлгі алған ұрпақ қана сақтайды.

Бүгінгі тарихымызды ертеңгі ұрпақ «менің тарихым» деп танығаны маңызды. Өйткені тағ­дыр­лас халықтардың қилы кезеңдерде келгені белгілі. Оларды қазақ халқы құшағын ашып, бауыры­на тартқан. Бүгінгі таңда қазақ халқының ая­сында ынтымағы жарасқан ел атанып отырмыз. Осының барлығын менің тарихым деп қа­рауы үшін татулық пен бірлікті ту етіп, нақты істермен болашаққа қадам жасау керек.

Әлемде бейбітшілік орнағанын қаласақ, өз еліміздегі ынтымағымызды сақтай білгеніміз жөн.



Жақсыбай САМРАТ, 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»




Баннер
Соңғы жаңалықтар

Оралда Digital In West форумы өтті

Аймақтар • Бүгін, 12:09

Ерікті болу - ерлік

Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2019

Өзен жағалағанның өзегі талмайды

Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2019

Инвестиция тарту тренингі өтті

Экономика • 13 Қыркүйек, 2019

Ұқсас жаңалықтар