Қазақстан • 01 Мамыр, 2019

Э.Демирчиев: Бір үйдің баласындаймыз

1345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

123 этномәдени бірлестік шоғырланған Шығыс Қазақстанда әр ұлттың өз тілін меңгеріп, дәстүрін дамытуға толық жағдай бар. Елбасының ұйытқы болуымен 24 жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты – татулық туын биік ұстап, бейбітшілікті насихаттау.

Э.Демирчиев: Бір үйдің баласындаймыз

Бүгінде бұл қоғамдық институт өзге елдер үшін ұлтара­лық келісімнің үлгісіне айналды. Бірлессек, бірге болсақ, барлық халықты ойласақ қана үлкен жеңістерге жетеміз.

Еліміздегі тұңғыш Достық үйі шығыста – Өскемен қала­сында 1992 жылы ашыл­ға­ны белгілі. Ол кезде 9 ұлттық бірлестік қана болған-ды. Ал қазір өңірімізде 13 Достық үйі бар, олардың құрамында 123 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істеуде. Мемлекет тарапынан ұлттардың мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін дамытуға барлық жағдай жасалып келеді. Ол жерде неміс, татар, белорус, чешен, армян, әзербайжан, украин, иврит, корей тілдері оқытылады.

Соңғы екі жылда облыс әкімі, облыстық Қазақстан хал­қы Ассамблеясының төр­аға­сы Даниал Ахметовтің баста­масымен «Шығыс Қазақстан этностарының мәдени мұра­сы» жобасы аясында өңір елді мекен­дерінде сақталған қазақ, орыс және татар фольк­лорын зерттеуге жеткілікті қаржы бөлінді. Об­лыс басшылығы тарапынан этно­мәдени бір­лестіктерге этнос­тық мере­келерді өткізуге, көр­ме­лерді, семинарларды, шебер­лік сабақ­­тарын, конферен­­ция­лар­ды ұйымдастыруға, ұлт­­тық киім-кешектер тігуге жәр­дем­десіп тұрады.

1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, бүгінде өзім жетекшілік ететін облыстық әзербайжан этномәдени бір­лес­тігіне 2500 адам мүше. Біздің бірлестігіміздің «Ритм» деген би тобы бар. Өңірдегі, қаладағы барлық іс-шараға қатысып жүреміз. Өскемендегі Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы жанындағы Жаңғыру мектебінде аймақтағы ұлттар мен ұлыстардың тілдері тегін оқытылады. Әзербайжан тілі де аптасына бір рет оқыты­лады. Бізге өз тілімізді, ділі­мізді, салт-дәстүрімізді оқып-үй­ренуге мүмкіндік беріп отыр­ғаны үшін мемлекетке алғысымыз шексіз.

Тіл дегеннен шығады, жалпы, шығыстағы әзербайжан жас­тарының көбі қазақ тілін жақ­сы біледі. Қанша дегенмен түбі бір түркі жұртының ба­ла­сымыз ғой. Менің зайыбым – қазақ қызы. Достық, та­ту­лық, бірлік-береке осыдан бас­талмай ма? Маған елі­міз­дегі өзге диаспора өкіл­дері бір үйдің балаларындай көрі­не­ді. Бір-бірімен араласып, бі­те қайнасып кеткен. Осы бір­­л­і­гімізден, осы ырыс-ынты­мағы­мыз­дан айырыл­масақ екен. Бар­­ша­­лары­ңызды 1 мамыр – Қазақ­­стан халқының бір­лігі күні мерекесімен құттық­таймын.

 

Элвин ДЕМИРЧИЕВ,

облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы

 ӨСКЕМЕН