16 Наурыз, 2010

ТҮБІ БІР ТҮРКІНІҢ ТОҒАНЫ

1007 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның түркі мәдениеті мен тарихын зерттеуге сіңірген еңбегі үшін 2010 жылды – “Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған жылы” деп жариялаған-ды. Алматыда ТҮРКСОЙ – Түркітілдес елдер мәдениет министрліктерінің тұрақты кеңесі, ҚР Ұлттық кітапханасы және Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен “Түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті Ахмет Зәки Уәлиди Тоған зерттеулерінде” атты дөңгелек үстел өтіп, оған отандық белгілі тарихшы ғалымдар, башқұртстандық зерттеушілер мен Түркиядан арнайы келген ғалымның баласы Сүбедей Тоған қатысып, ғалымның қайраткерлік, ғылыми қызметі мен мұралары кеңінен сөз болды. ТҮРКСОЙ жариялаған Тоған жылы Алқалы жиынның мақсатына тоқталған ТҮРКСОЙ-дағы еліміз­дің өкілі Асқар Тұрғанбаев алдымен жиналғандарды Наурыз мерекесінің халықаралық дәрежеде тойлауға қол жеткізуімізді бүкіл түркі халқының жеңісі ретінде атап өтті. – Биыл Тоған жылы деп жа­рия­лауымыз, біріншіден туғанына биыл 120 жыл толса, екіншіден түркі дүниясына үлкен қызмет жасап, еңбек сіңірген ортақ тұлға. Үшіншіден, тарихқа, мәдениетке қатысты еңбек жазып, дүние жүзіне танылған ғалым. Сондықтан да биыл ол кісінің мерейтойын туған топырағы Башқұртстаннан басқа да түркі елдерінде атап өту көзделуде. Алматыдағы осы жиын Тоғанның туған жерінен сыртта өтіп жатқан тұңғыш басқосу”, – дей келе ол ғалымның жеке мұрағатынан он­шақ­ты кітапты Ұлттық кітапханаға тарту етті. Сондай-ақ, ол ТҮРКСОЙ-да Қазақ­стан төрағалық ететін екі жыл ішінде көп жұмыс атқарыл­ға­нын, соның бірі өткен жылы Ыс­тамбұлда түркі халықтары аударма­шы­ла­ры­ның симпозиумы өтіп, онда түркі халықтары бір бірінен аударма жасау мәселесі көтерілгенін, соған орай жақында Әзірбайжанда “ТҮРКСОЙ” ауда­рма сериясы” ци­клі­мен өзбектен әзірбайжан, түр­кі­мен­нен әзір­байжан тіліне ау­да­ры­лып кітаптар шыққанын, сондай-ақ Ахмет-Зәки Уәлидидің еңбектері де биыл бірқатар түркі тіліне ауда­ры­лып, жарық көретінінен хабардар етті. Башқұрт-Қазақ Республикасын құрғысы келген... Жалпы, Ахмет-Зәки Уәлидидің қызметін белгілі тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді екі бағытқа: ғы­лы­ми мұралары мен саяси, қоғам­дық қызметі деп бөліп қарауға бо­ла­ды дегенді алға тартады. Бұл жер­де қазақ үшін өте қымбат жағ­дай, 1917 жылғы аласапыран, одан кейінгі революциялық өзгерістер, әсіресе, 20-шы жылдың алғашқы жартысындағы ауыр кезең, яғни халқымызды, жерімізді, елдігімізді қалай сақтап қаламыз деген аума­лы-төкпелі заманда екі қайраткер – Ә.Бөкейхан мен А.Уәлиди өзара келісіп, 1917 жылы қыркүйекте Уфада кездеседі. Бір жағында Ә. Бөкейхан бастаған Алаш орда үкіметі, екінші жағында Ахмет-Зәки Уәлиди бастаған Баш­құрт­станның басшылары ке­ліссөз жүргізіп, Орынборды астана етуге ұйғарып, Башқұрт-Қазақ респуб­ликасын құру туралы шешім қабылдаған. Өкінішке орай, бұл шешім іске аспайды. Оған қызыл әскер мүмкіндік бермейді, кеңестік билік екі халықтың бірігуінен қат­ты қорыққан. Соған қара­мастан, Ахмет-Зәки Уәлидидің естелік­терін оқысаңыз, бір ғажап өзек бар – ол қазақ зиялыларымен бай­ланысын үзбеген. Қазақ қай­рат­керлері жа­йын­да жылылықпен, аса құр­мет­пен, ықыласпен айтқан. Бұдан сол кездері қазақ-башқұрт арасындағы қа­тынастың үлкен маңызға ие екендігін байқау қиын емес,- дейді профессор М.Қойгелді. Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған кім? Философия ғылымдарының докторы профессор, Манчестер университетінің құрметті профес­со­ры Тоған 1890 жылы Уфа губер­ня­сының Илчик-Темір губер­ния­сын­да дүниеге келген. 1908-1912 жылы “Касимия” медресесін бітіріп, сонда араб және түркі халық­та­ры­ның тарихы мен әдебиетінен дәріс береді. 1935 жылы Вена уни­вер­си­тетін тәмамдаған соң, “Түрік және татар тарихы” атты тұңғыш кө­лемді зерттеуі 1912 жылы Қа­занда жарық көреді. Бұқара мен Фер­ғанаға жасалған археогра­фикалық экспеди­цияға қатысқан Тоған 1915 жылы Ресей Дума­сы­ның мұсылмандық фракциясында сая­си қызметін бастайды. Төң­ке­ріс­тен кейін бір­жо­ла­та күрес жолына түседі. Кейінірек Түркіменстан, Иран, Түр­кия және Германияға эмиграция­ға кетеді. Ыстамбұл, Бонн, Геттинген уни­верситеттерінде сабақ береді. Бе­ртін келе Ыстамбұл университеті жа­нын­дағы Ислам зерттеулері инс­титутын басқарған оған 1970 жылы түрік жерінен топырақ бұйырған. Жиынға арнайы келген сол асыл­дың тұяғы, ұлы Сүбедей мыр­за әкесі жайлы әңгімеледі. Ол кісінің естеліктерін оқығанда қа­зақ­­тар жайында көп айтыл­ғанын, әсіресе Мұс­тафа Шоқай, Ә.Бө­кейхан, Ахмет Байтұрсынов, Мұх­тар Әуе­зов, Міржақып Дулатов сияқ­ты аза­мат­тар ерекше орын ал­ғанын асқан ықыласпен жет­кіз­ді. Қазаққа ортақ тұлға Жиынға қатысып сөз сөйлеген көрнекті ақын Мұхтар Шаханов: “Тоған тәрізді тұлғалар бол­ма­ғанда, түркінің салмағы әлсіздеу болар еді” десе, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инсти­туты­ның директоры Саттар Мәжитов Мұс­тафа Шоқай мен Әлихан Бөкейханның Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанмен кездесуіне назар аударды. Ал медицина ғылым­дарының док­торы, профессор Мұрат Каримов “Ахмет-Зәки Уәлиди түрік әлемінің қайраткері” атты баяндамасында Уәлидиді башқұрт, татар, қазақ, өзбек халқы өз ұлдары санай­ты­нын, демек ол түркі елінің қайрат­кері екенін, бірақ оның тағдыры өте қиын болғанын, заманның аумалы-төкпелі кезінде өз пікіріне әуелі тоқтай алмағанын, бірақ әр уақытта да ол түркі халқының ұлы екенін ұмытпағанын, оның білімі, жасаған қайраткерлік ісі Шоқай, Рысқұлов, Исхакидің деңгейінде екендігін, ал биылғы жылды “Тоған жылы” деп жариялау соған дәлел екенін баса айтты. Философия ғылымдарының кандидаты Гүлнар Хужахметова ғалымның Башқұртстанда жарық көрген әдеби шығармаларына шолу жасай келе, Тоғанның саяси қайраткерлігі мен уақыт кезең­де­ріне тоқталған кез келген тарихшы одан аттап өте алмайтынын еске салды. Сондай-ақ, “Уфа-центр” газеті редакторының орынбасары Айнұр Хужахметов “Қазіргі баш­құрт прозасындағы ком­позиция мен сюжет мәселелері”, ал “Ақеділ” башқұрт мәдени орта­лы­ғының жетекшісі Азамат Рыс­келдин Тоғанның рухани мұра­сының өзектілігіне тоқтала келіп, ғалымның еңбектерінің толық жинағын қазақ, башқұрт, түрік тілдерінде шығару туралы ұсыныс білдірді. Жиын соңында түркітанушы, қытайтанушы ғалым Мунир Ерзин: “Тоғанның да, Ахмет­жан­ұлы­ның да, Мерсейіт Сұлтан­ға­лиевтың да бізге қалдырып кеткен ең маңызды мұрасы – ұлт азаттық қозғалысына адалдығы. Олар Лениннің қитұрқы саясатын түсініп “Ресейдегі оқиғалар қоғам­дық дамудың заң­дылығына қара­ғанда, кездейсоқ оқиғалар болды” дегенді айтқан. Ол Мәс­кеудің Татар, Башқұрт автоно­мия­лы рес­пуб­ликаларына шектеу қоюына байланысты, олармен қарым-қа­тынасын үзілді-кесілді үзіп, Түр­кіс­танға келеді. Мұнда оны түр­кістандықтардың ұлттық бір­лес­тігі ұйымына төраға етіп сайлайды. Төраға кезінде Орта Азия мен Қа­зақстандағы советтің шап­қын­шылығына қарсы қарулы күштер ұйымдастырады”, дей келе, Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған­ның “Тоған” ныспысын дұрыс жазу керектігін, “Тоған” емес, “Ту­ған” деп жа­зылса, өйткені, ол барша түркіні өзінің туғанындай бауыр көрген деген ойын ортаға салды. Иә, біздер туыс елміз. Ендеше, Ахмет-Зәки Уәлиди бастап мұра етіп қалдырып кеткен екі халықтың арасындағы өзара ықылас, өзара жылылық, қолдау­шылық дәстүрді сақтап, одан әрі жалғастыруымыз керек. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.