Апаттың бірі аспанда екен
Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:38
Апаттың түрі көп екен. Жер қозғалысының, су тасқынының, көлік апаттарының алдын алу жұмыстары туралы ауыз жаппай айтылып жүргенде, пәле аспаннан түсті. Өткен аптаның жұма күні танертеңгі сағат 9.30 шамасында Қостанай жұртшылығы аспаннан санаулы секундтар ішінде көз қарықтырып ағып өткен шарға аң-таң болып қарады. Алдымен не болғанын білмей абдыраған жұрт оның метеорит екенін кейін барып білді. Жарқырап, ағып түскен «допты» қостанайлықтардың көпшілігі байқады.
Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:38
Апаттың түрі көп екен. Жер қозғалысының, су тасқынының, көлік апаттарының алдын алу жұмыстары туралы ауыз жаппай айтылып жүргенде, пәле аспаннан түсті. Өткен аптаның жұма күні танертеңгі сағат 9.30 шамасында Қостанай жұртшылығы аспаннан санаулы секундтар ішінде көз қарықтырып ағып өткен шарға аң-таң болып қарады. Алдымен не болғанын білмей абдыраған жұрт оның метеорит екенін кейін барып білді. Жарқырап, ағып түскен «допты» қостанайлықтардың көпшілігі байқады. Артынша интернетте оның Челябі қаласының маңындағы Шұбаркөлге құлағаны, қаланы біраз дүрліктіргені туралы ақпараттар көріне бастады. Метеоритті Қостанай облысының Челябі жолындағы Троицк қаласымен шектесетін Қарабалық ауданы тұрғындары да анық байқаған. Ресми емес дерек көздерінен алғанымыздай, осы ауданның Победа, Новотроицк елді мекендерінде де метеориттің толқыны анық білінген. Кейбір үйлердің терезелері шытынаған.
Челябідегі қандастарымыздың «Бірлік» мәдени-қоғамдық орталығының мүшесі Қарлығаш Игембаеваға хабарласқанбыз.
– Метеориттің толқын күші өте қатты болды. Көпке дейін не болғанын білмей аңтарылып, одан қорқыныш бойымызды биледі. Біздің үйдің терезесі сына қойған жоқ, бірақ үйдің маңайындағы балабақшаның әйнектері қирап, бүлдіршіндер ауруханаға жеткізілді. Шытынап ұшқан шыныдан жарақат алғандарды естіп жатқан боларсыз. Біздің жұмыс кеңсесінің терезесі қирап, бөлмелердің төбесіне жапсырылған пенопластың барлығы түсіп қалды, – дейді Қарлығаш.
Қандастарымыздың айтуына қарағанда да, интернет және Ресейдің электронды бұқаралық ақпарат құралдарынан байқағанымыздай, Челябі қаласының халқын аспаннан түскен апаттан жаратқан иенің өзі сақтап қалғандай.
Сенбі күні өткен НАСА мамандарының баспасөз мәслихатында Урал жеріне түскен метеориттің 1908 жылғы Тунгус апатынан кейінгі ірі аспан денесі болғанын және оның энергиялық толқын қуаты Хиросимада жарылған ядролық бомбадан да бірнеше есе асып түскені айтылды. «Метеорит жерден 20-25 шақырым биіктікте жарылған, оның жарылған кезде бөлген энергия қуаты 300 килотонна болды», деп мәлімдеді Маршалл атындағы ғарыштық ұшулар орталығының метеориттік бөлімшесінің маманы Билл Кук.
Мамандар жүз жылда бір рет болады деп бағалаған аспан апатының салдарынан 1200-дей адам медициналық көмекке мәжбүр болған. Метеорит түскен аумақтағы тұрғын үй, әлеуметтік нысандар – барлығы үш мыңдай ғимарат бүлінген. Метеорит көршіміз челябіліктерге 1 миллиард рубль шамасында шығын әкелді. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Көршінің тайы озса қуанатын қазақ емеспіз бе, адамның амандығына қостанайлықтар да шүкірлік етті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.