Шиқылдақ деген ауыл бар…
Сенбі, 2 наурыз 2013 8:29
«…Ол күнге жиырма жылдан асып кетті, жиырма бес жыл да боп қалған шығар. Ол күнде айдабол, күлік, ақ бура, тұлпар, қозған, қақсал Шідерті бойын жайлайды. Өлеңті мен Шідерті қатар аққан өзен. Өре басы Есіл, Нұрадан келе ме, кім білсін, Өлеңті – Ақкөлге, Шідерті Жайылмаға барып сарқады. Онда Шідертінің суы мол кезі. Жалғыз-ақ Шиқылдақ ауылы болмаса, о кезде Шідерті бойын қыстаған ел де жоқ. Сәуірдің ала шабыр бұлты арылмай-ақ Баянауыл, Қызылтаудағы қалың сүйіндік атандарын алқынтып, бұйдасын кеш құлаш созып, Бөкембай, Арқалық, Жаманадыр, Желді адырдан асып, Шідертіге қарай ағыл-тегіл құлай бастайды….»
Сенбі, 2 наурыз 2013 8:29
«…Ол күнге жиырма жылдан асып кетті, жиырма бес жыл да боп қалған шығар. Ол күнде айдабол, күлік, ақ бура, тұлпар, қозған, қақсал Шідерті бойын жайлайды. Өлеңті мен Шідерті қатар аққан өзен. Өре басы Есіл, Нұрадан келе ме, кім білсін, Өлеңті – Ақкөлге, Шідерті Жайылмаға барып сарқады. Онда Шідертінің суы мол кезі. Жалғыз-ақ Шиқылдақ ауылы болмаса, о кезде Шідерті бойын қыстаған ел де жоқ. Сәуірдің ала шабыр бұлты арылмай-ақ Баянауыл, Қызылтаудағы қалың сүйіндік атандарын алқынтып, бұйдасын кеш құлаш созып, Бөкембай, Арқалық, Жаманадыр, Желді адырдан асып, Шідертіге қарай ағыл-тегіл құлай бастайды….»
Жүсіпбек Аймауытов,
«Күнікейдің жазығы». 1928 жыл.
Екібастұз жаққа жолсапарға жиі шығамыз. Өндірістік өңірде шоғырланған кәсіпорындардың, қала мен ауылдардың жаңалықтары аз емес. Барған сайын Алаштың ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесінде жазылған Шиқылдақ ауылына соқпақ болғанымызбен, жолымыз бір түспей-ақ қойған еді. Ақыры не керек, биылғы боранды күндердің бірінде Шиқылдаққа атбасын тіредік.
Шиқылдақ атауын алған бұл ауыл қызыл кеңес кезінде «Киров», «Комсомольский» бертін Құлболды деп аталыпты. Бірақ, ауыл халқы Шиқылдақ атауын ауыздарынан тастаған емес. Шиқылдақ аталатын көл де бар осы жерде. Адам да бар.Сонда адамның аты да Шиқылдақ болғаны ма? Ол кісі кім болды екен? Осындай сұрақтар жан-жақтан қаумалай берді. Аймауытовтың жазуынша, Шідертінің жағасында сол кезде жалғыз осы Шиқылдақ ауылы ғана болыпты.
Ауыл әкімі Асан Рахматуллин Шиқылдақтың арғы тарихын Сағит ағадан сұрау керек деген еді.
Сағит Иманғазиев облыс орталығында тұрады, дәрігер, хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ағамыздың көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін қағазға түсіретін әдеті де бар. Осы жақында ғана «Есімде менің сол бір кез…» деп аталатын өмірбаяндық еңбегі жарық көрді.
– Шиқылдақ дегеніңіз бұл бір жатқан тарих, шежіре ғой, – деді дәрігер ағамыз үлкен бір әңгіме бастамаққа дайындалып. – Бұл 80-ші жылдардың соңы болатын-ды. Қуғын-сүргінге түскен арыстарымыздың есімдері жаңғырып жатқан уақыт. Сондай күндердің бірінде шешем Қапен:
«Сағитжан, Жүсіпбек Аймауытовтың кітабында нағашы атаң Мұсатай туралы жазылыпты, тауып алып, оқып шықшы», – деді. Содан, «Күнікейдің жазығы» повесін оқып шықтым. Айтса айтқандай, повесте Мұсатай атамның аты тіпті бірнеше жерде аталады, кәдімгі кейіпкер болып шыққан. Ал, Аймауытов жазған әңгіменің оқиғасы Шиқылдақ ауылының маңында өткені белгілі.
Сағит ағаның айтуынша, нағашысы Мұсатай Елтайұлы Аймауытовпен құрдас, туыстықтары да бар. Әнші, ақын, сері адам болыпты. Бала кезінде талай көрген екен. Жазушы кейіпкерлерін жанынан іздейді ғой, сондықтан «Күнікейдің жазығындағы» Мұсатай – менің нағашы атам болар, – дейді дәрігер ағамыз. Сағит аға нағашы атасына тартса керек, әнші, домбырашы, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы азамат. «Сұржекейді» шырқағанын көрсеңіз.
Ал енді, Шиқылдақ деген кім дегенге келсек, бұл Сағит ағамыздың ұлы аталары, яғни, Иманғазының әкесінің аты болып шығады. Бабаның ұрпақтары түгелдей осы Шідерті өзені жағалауын мекендеген екен. Ауылдары «Сары төбе» аталатын Шідерті өзенінің оң жағасында болса керек. Батысында Шиқылдақ көлі. Сол төбе басына Шиқылдақ атамыз, оның әкесі Тоқтыбай жерленген көрінеді. Иманғазыдан-Баймұқан, одан Сағит ағамыз тарайды. Ал, Шиқылдақтың қызы Дінке әже 105 жасқа келіп қайтыс болыпты. Шиқылдақ ата ел аузында аты қалған құрметті адам, ауылнайлық жұмыс та атқарыпты.
Бүгіндері ауылда 500-дей адам тұрады. Ауыл әкімі Асан Рахматуллиннің айтуынша, ауыл аман-есен. Мал жетеді, дастарқаны мол. Мектебі, балабақшасы, дәрігерлік пункті – бәрі жұмыс істеп тұр. Әр үйде монша бар. Шаруа қожалықтары ел-жұртқа көмектерін аямайды. Шиқылдақта 20-ға жуық шаруа қожалығы бар. Мысалы, «Жарсор» шаруа қожалығында – жылқы, қой, 5 бас түйе күтілуде.
Ал, «Жана ауыл» шаруа қожалығының басшысы Кайрат Ибраев – қалалық мәслихаттың депутаты. Мал басын көбейту үшін, биыл 15 миллион теңге кредит алыпты. Одан кейінгі «Төменгі база» деген жерде Николай Арсютин және Юрий Родоманов басқаратын «NOMAD» және «Родоманов» қожалықтары мектептің оқушыларын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, «Иманмахмут» шаруа қожалығы «Сыбаға» жобасы бойынша кредит алып, мал өсіруде. Түпкі мақсат – мал басын көбейтіп, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу.
Ауылда «Құлболды батыр» атындағы мешіт бар. Мұқатай имам былтыр қажылыққа барып келіпті. Өткен көктемде «Қарағанды – Ертіс» қаналынан ауылдағы өзен мен Шиқылдақ көліне су жіберіліпті. Көл тазарып суы молайыпты.
Міне, бізді аталуы қызықтырған ауылдың өткені мен бүгінгі тіршілік-тынысы осындай.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Шиқылдақ ауылы.
––––––––––––
Суретте: «Күнікейдің жазығының» кейіпкері Мұсатай атамыздың отбасы (ортадағы Мұсатай ата, сол жақта отырған Сағит ағаның анасы Қапен).