Президент • 02 Мамыр, 2019

Президент Алматы облысының жұртшылығымен кездесті

1328 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жиынға зиялы қауым, ардагерлер мен кәсіподақ ұйымдары, жастар өкілдері, мәслихат депутаттары және өңірдің мемлекеттік қызметшілері қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Алматы облысының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы Жетісу жерінің тарихи тамыры терең екенін атап өтіп, облыстың қайта жаңғырған Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы өңірді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.

– Бүгінде Жетісу аймағы жоғары қарқынмен дамып келеді және ауыл шаруашылығы өндірісі көлемі жөнінен көш басында. Өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі еліміздегі ең жоғары – 86 пайыз. Алматы облысы адам капиталы жөнінен Қазақстан бойынша алдыңғы қатарда. Олар – еліміздің дамуына өз үлесін қосып жатқан өздеріңіз сияқты жас мамандар, кәсіпкерлер, ақын-жазушылар мен еңбек ұжымдарының өкілдері, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті жедел шешім қабылдауды қажет ететін мәселелерге назар аударды.

– Басқа өңірлердегі сияқты Алматы облысында бұрынғыша ауызсумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Әкімдік елді мекендердің перспективті дамуын есепке алып, сумен қамту жүйесінің құрылысы мен қайта жөндеу жөнінде кесте жасап, жұмыстарды жүргізуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептердің проблемаларына тоқталып, Үкіметке және облыс әкімдігіне 2021 жылға дейін мектеп құрылысына қатысты мәселені шешуді тапсырды.

– 14 мектептің құрылысына 2018-2019 жылдары республикалық бюджеттен 15,4 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, аймақ тағы да 20 мектепке зәру болып отыр. Бұл үшін 2020-2021 жылдары 29 миллиард теңге бөлу керек. Бұл менің тапсырмам, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы облыста дәрігерлердің жетіспейтіндігін атап өтіп, медициналық қызмет көрсету сапасының төмендегенін айтты. Сонымен қатар, жас мамандарды қаладан ауылға көшіру үшін ынталандырып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында жас кадрларды жұмысқа қабылдау үшін жағдай жасау керектігін айтты.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды баспанамен қамту мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Баспана кезегінде әлі күнге дейін 41 мың адам тұр. Оның 11 мыңы – бірінші кезекте мәселелері шешілуі тиіс тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар. Жас мамандар мен жас отбасылар үшін тұрғын үй құрылысын белсенді түрде жүргізу қажет. Әкімдік жас мамандарды баспанамен қамту үшін өзге өңірлердің үлгісімен «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаны жабатын тұрғын үй сертификаттарын беру тетігін іске қосуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына қажетті жерлерді мақсатты пайдалану, суармалы жүйелерді модернизациялау мен ирригацияларды қалпына келтіру сияқты мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, жер учаскелерін бөлу және оларды тиімді пайдалануға бақылауды қамтамасыз ету ісінде облыстың агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін көліктік қызметтерге тарифтерді төмендету керектігін атап өтті. 

– Тағы бір маңызды мәселе – Жетісудың туристік индустриясын дамыту. Өңір еліміз үшін туризм орталығы ретінде кеңінен танылды. Бұл жерде туристерді тартатын негізгі орын – емдік қасиетімен аты шыққан Алакөл көлі. Өткен жылы ғана 2 миллион адам демалып, туристер саны 20 пайызға өскен. Алайда қызмет көрсету деңгейі, көліктік, қонақ үй инфрақұрылымы сын көтермейді. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, шипажай аймағының инфрақұрылымын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын, – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті аймақтың көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше тоқталып, жергілікті жолдардың сапасын арттырудың маңызды екенін атап өтті.

– Алматы облысы – стратегиялық аймақ. Еліміздің маңызды көлік торабы мен логистикалық орталығы болу үшін облыстың әлеуеті жеткілікті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль магистралі құрылысының аяқталуына байланысты Алматы облысы Азия мен Еуропаның арасын жалғайтын көлік қозғалысы үшін қақпаға айналды. Сонымен қатар, облыс жолдарының 22 пайызы сын көтермейтін болғандықтан, бұл өзекті мәселе болып отыр. Облыс әкіміне аталған мәселемен жүйелі түрде айналысып, тозығы жеткен жолдарды біртіндеп қалпына келтірудің 2025 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында мемлекеттік наградалар еңбек адамдарына, әсіресе ғалымдар, құрылысшылар, қарапайым жұмысшыларға берілуі керек екенін атап өтті.  

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқаны үшін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Келемсейітті, «Хильниченко и К» басқарма басшысы В.Хильниченконы, «Алматы көпсалалы ауруханасының» бөлім меңгерушісі Е.Кенжебековті және №40 орта мектебі директорының орынбасары А.Ибраимованы алғыс хаттармен марапаттады.