Аймақтар • 03 Мамыр, 2019

Абсентеизм – азаматтық емес

1994 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентін сайлау – қазақстандықтар үшін ғана емес, біздің елімізбен қандай да бір мүдделес мемлекеттер мен әлем халықтары үшін де аса маңызды саяси науқан. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз еркімен өкілеттілігін тоқтатып, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтуі – біздің тұсымызда болып жатқан ең елеулі оқиға.

Абсентеизм – азаматтық емес

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауының ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ететінін айт­ты. Сондықтан бұған әр­бір естияр азаматымыз елең етпеуі мүмкін емес. Өзім кез келген сайлаушының таң­дау құқығын, көзқарас-пікі­рін құрметтеймін, тек қалыс қалуды жөн көрмеймін. Сая­саттануда «Абсентеизм» деген ұғым бар. Оған саяси түсін­дірме сөздікте: «Абсентеизм (лат. absent, absentis) – қатыс­паушы, сайлау­шы­лардың сайлау кезінде саналы түрде дауыс беруге қатыспауы. Билік етіп отырған басқару түріне, саяси тәртіпке енжар наразылығы, өзінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруда селқостық танытуы. Кең мағынада – адамдардың сая­си өмірге «менің ісім емес», «менің даусымнан еш­теңе өзгермейді» деп немқұрай­лық­пен қарауы», деген анық­тама береді де, әрі қарай се­беп­­терін түсіндіреді. Мен де осы ұстаным иелеріне өз пікі­рімді білдіргім келеді. Сөз­дік­те: «Үйреншікті санада абсен­теизм «саясаттан шаршау» түрінде көрініс табады. Бұқаралық абсентеизм қоғамды басқарудың демократиялық тетіктерін күйретіп, халықты айлалы әрекеттердің нысанына айналдыруы, «жоғарыға» тәуелді, самарқау тұлғаларды қалыптастыруы әбден мүмкін. Абсентеизм дамыған немесе дамушы демократиялық, тоталитарлық және кез келген қоғамда да болады. Ол саяси институттардың тиім­ділігіне күмәнмен қарау, саяси мәдениеттің төмендігі, т.б. себептерден туады», – дейді. Азаматтық қоғам қалыптасқан отыз жылда, таңдау құқығы беріл­ген тәуелсіздік тұсында өз мүм­кіндігіңді өзің пайдаланбау, яғни абсентеизм – азаматтық емес деп есептеймін.

Абыз Әбіш Кекіл­бай­ұлы Парламентті бас­қар­ған тұста түрлі себептермен мерзімінен бұ­рын таратылғанын біле­міз. Жүрегі жұмсақ жазушы оған қатты күйзеледі. Ыза­­лана­ды, торығады. Бірақ мұ­қал­майды. Кейін сұхбат үстінде сол жағдайды есіне салған қаламдас-замандасы Сұлтан Оразалы сұрақ қойып: «Осыдан кейін саясатқа қолды бір сілтеп, біржола кеткіңіз келген жоқ па?» – дегенде, жа­рық­тық Әбекең: «Футбол мен­сіз де ойналады. Ал Қазақ­станның тәуелсіздік алып жатқан тарихи оқиғасы – ме­нің тұсымда болып жатқан ең басты тарихи оқиға, мен үшін ең қымбат оқиға. Мен оның ортасында таяқ жесем де жүруім керек, өліп қал­сам да жүруім керек!» деп нығар­лап, қысқаша жауап береді.

Тіпті оппозициямыз деп жүрген кей партиямыздың өзі жайшылықта жүйені сынап жүріп, маңызды сайлауларға кел­генде қалыс қалып, бо­й­кот жариялаған жылдары бол­ды. Бұл да кейбір саясат сер­ке­лері­нің сөзіне сенген қоғамды бел­гілі бір деңгейде абсентеизмге алып барады. Бірақ еш­кімді айып­тай алмаймын, қай­сы­бір пар­тияға дауыс беруге, үгіт-на­сихат жүргізуге ша­қыр­май­­мын да. Тек сайлауға қаты­су­дың маңызын ғана айтқым келеді.

Өз тәжірибемнен айтар болсам, бұған дейінгі бірнеше президенттік, парламенттік сайлауларда өзім қызмет ететін Маңғыстаудағы жалғыз мемлекеттік жоғары оқу орны Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне тиесілі сайлау учаскелерінің жұмыстарына атсалысып, сайлау комиссия­сымен тығыз байланыста қо­ғамдық қызметтермен айналыстым. Сол тәжірибемді осы жолы да пайдалануға ынталымын және оны өзімнің азаматтық борышым деп есептеймін. Маңғыстаулықтар әрқашан қай-қай сайлауға да белсенді қатысып келеді. Бұл жолы да барша қазақ­стан­дықтар елдігін танытып, мемлекет басшысын таңдауға түгел қатысады деп сенемін.

 

Нағбду ҚАМАРОВА,

Yessenov University профессоры

 Маңғыстау облысы