Әдебиет • 03 Мамыр, 2019

Мұсақұл балуан (Жалғасы)

1516 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгін назарларыңызға ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қорғанбек Аманжолдың әлі еш жерде жарық көрмеген жаңа поэмасын екі бөліп жариялап отырмыз. Тілі шұрайлы, оқиғасы қызық көлемді шығармада автор қазақтың көшпелі салт-дәстүрін, ат сынын, қазақ күресін дәріптейді. Аруақты бабалардың атын жаңғыртып, Көкшетаудың көркем табиғатын кестелі тілмен суреттейді. Поэманың басы алдыңғы жарияланымда.

Мұсақұл балуан (Жалғасы)

(Жалғасы. Басы алдыңғы жарияланымда)


*    *    *


Арттан мал асықпай-ақ келер деді,

Бір Құдай осыншама шебер ме еді?

Балуан мен жүйрігіне көңілі өскен

Би Қанай одан әрі бөгелмеді.


Алды да бір қос жігіт кетті жөнеп,

Арысқа алқам-салқам ат тіремек.

Межелі жерге жетті Шудан өтіп,

Екпіні осы жолғы тіпті бөлек.


Арыстың алабы да арда мекен,

Жағалай базаршылар қонған екен.

Үш жүздің кілең игі жақсылары

Жиылып би төбеге қалған екен.


Өзенсіз өзек, сірә, жалғанған ба?

Сыймайды екі беті мал мен жанға.

Күткені көпшіліктің Қанай би-ді,

Төрелік айтады деп жанжал-дауға.


Алдына лек-легімен келді қауым,

Ер құнын, барымта мен жердің дауын,

Ақ шешіп, ел арасын бітістіріп,

Безеді би Қанайым тіл мен жағын.


Қазыны әділ айтқан сөгеді кім?

Жарты айда тамам қылды төрелігін.

Жалғасты одан кейін ойын-сауық,

Тартқандай тағылымды тәберігін.


Қазақтың жанына бұл жақынырақ,

Балуаны күш сынасты, ақыны - бақ.

Жаршылар жағы талмай жарлағанда,

Би Қанай Мұсақұлды шақырып ап:


– Аққуы айдын көлге шырай берер,

Алламыз пенделерін сынай берер.

Ай, балам, Кершолақты сал бәйгеге,

Көрейік, сынымызға шыдай ма Кер?!


... Қонаға кеткен аттар ертең түсте

Құлады қолат қолтық, бір тегіске.

Кершолақ кең тыныспен еркін шауып,

Жүз елу аттың алды – келді жеке.


Тізгіні жас жауқазын ер Нұрбекте,

Үш жүздің додасында дүбірлете,

Көмбеден «Қарақайлап!» өткен кезде

Жайланып өрлей берді көңіл көкке.


Ташкентке қотарылды жиын енді,

Ұлы той елеңдетті дүйім елді.

Ашылды хан базары ту көтеріп,

Сәніне кім болса да сүйінер-ді.



Әкелген не дүрлерін әркім екшеп,

Мерейін асырғанның дәрпі өспек.

Ұрпағы Кіші жүзде Темір бидің –

Шығыпты жамбы атуға батыр Төстек.


Ер Төстек топ алдында ат ойнатқан,

Садағын алып қолға атойлатқан.

Тоқтаусыз қозы өрісі жерден шауып,

Тартқанда кетпеді мүлт тай тұяқтан.


Ақыртар адырнаны алып күшті,

Жамбыны сұр жебесі қағып түсті.

Осылай атады деп біздің елде

Сарттарды шаян тілмен шағып түсті.


Бір кезде жаршылар да салды жарын:

– Жамағат, хабарыма сал құлағың.

Алқаға айтып жылдам жаздырыңдар

Бәйгеге ат қосатын елдің бәрін.


Есебі болсын түгел санақшыда,

Білерсің кім озғанын әлі-ақ, шыда.

Кетеді айдап бүгін ат айдаушы,

Жетеді ертең түсте қарақшыға.


Көгінен нұр саулатып сөнбес күні,

Ерекше байсалданып ер кескіні,

Қазақтан Қанай шешен ат қосты деп,

Мұсақұл үкіледі Кербестіні.


Ойқастап олай-бұлай жүргізеді,

Үстіне Нұрбек-жанды мінгізеді.

Ішінде үш жүз аттың келіспеген

Сипаты сын-сықаққа ілгізеді.


Құшбегі көріп тұрып қылды мазақ:

– Уа, Қанай, қосқан атың болды-ау «ғажап!».

Көкесі қуырдақтың осы екен-ау,

Жүйрігің шолақ құйрық, шұнақ құлақ.


Уа, Қанай, жосынға бір бастадың ба?

Не пәле жатыр мұның астарында?

Атыма құлақ-құйрық ауыр болар,

Деп әлде кесіп өзің тастадың ба?


...Би Қанай парасаты терең еді,

Күлкісін құшбегінің елемеді.

– Асығыс шайтан ісі, ау, құшбегі,

Жауабын ат келгенде берем, – деді.


*    *    *


Қазақтың қазақтығы салтыменен,

Бәйгесі, балуан күрес даңқыменен.

Үзілмей дәстүрі мен салтанаты

Бағзыдан келе жатыр халқыменен.


Жаршылар жағы тынбай зарлап тұрды,

Дағыра, дабыл, керней сарнап тұрды.

Ортада майдан ашып, балуан күрес

Қызығы басталғанын аңдаттырды.


Өзбектен шығыпты дәу – Қара-Қапылан,

Шынжырлап, мойынына қоңырау таққан.

Асаудай арпалысқан алпамсаны

Жетектеп әкеліпті екі жақтан.


Тағыдай таң қалдырған Қара-Қапылан,

Қолтыққа бесті бұқа қыса шыққан.

Өкірткен бұқасынан жұрт шошынып,

Мен деген талай мықты жерге бұққан.


Ал, қазақ, шығар дейді балуаныңды,

Жаныңа садақа қыл бар малыңды.

Өлсең құн төлемейміз осы жолда,

Асырсаң, көріп алдық, аруағыңды!


Ортада Қара-Қапылан жалғыз тұрды,

Қорқыныш ұялатып, жан үздірді.

Адамның арыстаны осы-ау десіп,

Сол жерде дуылдап ел аңыз қылды.


Рүстемі бұл заманның осы шығар,

Мәдінің жерден шыққан досы шығар.

Ойпырмай, сұрқы қандай жаман еді,

Зәнталақ, заманақыр басы шығар.


Жұрт сөйтіп дөй қараны жанықтырды,

Көңіліне Қанайдың да қауіп кірді.

Мүйізден мықтап ұстап үйіргенде,

Бұқасын мертіктіріп алып та ұрды.


– Ойпырмай, қалдық па бір шырғалаңға,

Қазақтан бір оғылан тумаған ба?..

Деп Қанай жан-жағына қараныпты,

Қан базар қаптап селдей дулағанда.


«Шық» деуге Мұсақұлға төтемелеп,

Оқыста жазым болып кете ме деп,

Қанай да райынан қайта берген,

Аруақ тұрса да іштен көтермелеп.


Бұзылып Мұсақұлдың түрі-түсі,

Дірілдеп, сақылдайды отыз тісі.

Біржола таусылғандай дегбір шыдам,

Бұлқынып тасығандай қайрат-күші.


Кеудеде күнін жігіт күркіретіп,

Қанайға сол арада келді жетіп.

Атадан бата сұрап шарт жүгінді,

Жүрегін дүйім жұрттың елбіретіп.


Би Қанай қарауылға құтпан болған,

Абылай – алқауымен таққа қонған.

Батасын берді балуан Мұсақұлға,

Бар қазақ дәмелі боп бақ-таланнан.


–       Жар болсын бір өзіңе Алламыз Хақ,

Қолдасын аруағы атаң Қалақ.

Сойқанның сұры жаман көрінеді,

Ай, балам, сақ болғайсың сен де бірақ...


Батасын Қанай ата ала сала,

Жүгірді Қапыланға іле-шала.

Жалаңаш денесіне шекпен іліп,

Намыстан жарылардай бұратола.


Көрмеген сірә, мұндай масқараны,

Қасында қара дәудің жас бала-ды.

«Әй, бала, қайт кейін!» деп дайағашшы,

Кес-кестеп қарсы алдынан тоспалады.


Қарай ма қарайған көз қайдағыға?

Мұсақұл жетіп барды майданына.

Жаситын жасқаныштың ізі де жоқ,

Пысқырмай бет қаратпас айбарына.


Қайткенмен Қапылан да сақ тұрады,

Үш мәрте үйіріп-үйіріп лақтырады.

Қорғасын құйған құлжа сақасындай,

Дік етіп тік түседі, тәк тұрады.


Балуанын балпаң басқан мықты санап,

Масайрап өзбек жағы кетті шулап.

Демдерін қалың қазақ тартты ішіне,

Қобалжып, қамыққандай төмен қарап.


Қанай да орынында отыра алмай,

Келесі лақтырғанда қапы қалмай,

Тіледі бір Құдайдан

Күш-қайратын

Дүлейге көрсетсін деп Қапыландай.


Мұсақұл мысын әсте жоғалтпаған,

Жүрекке жасқанышты жолатпаған.

Сыйынып ата-баба аруағына

Қарғитын қабыланша сақ аттаған.


Төртінші мәртесінде беттегенде,

Алдырмай әдістенген өткелеңге,

Жүгіріп оң жағынан өте шығып,

Қара дәу қапы қалып өктегенде.


Сол жақта жауырыннан жұла тартты,

Сақ етіп тиген екен қолы қатты.

Қайырып іштен шалып бұрағанда,

Қапылан қара жердің шаңын қапты.


Дағыра, керней тартып шала мас-ты,

Өзбектің қара дәуін  қара басты.

Үзіліп ортан жілік кеткен екен,

Балуанын бебеулетіп ала қашты.


Дәупері болмай қалды тымақ құрлы,

Жас қайрат дәнсігенді шын-ақ қырды.

Құдайым, құтқаршы деп бұл қазақтан

Өкіріп өзағаңдар жылап тұрды.


Қаншама қандас жұрттың кіндігі еді,

Ташкенттің жыл базары дүрлігеді.

Қырғыз бен түрікпен де таңдай қағып,

Қазақтың қуанышы гүл-гүл еді.


Мұсақұл Қапыланды бөктереді,

«Қанайлап!» осы кезде ат келеді.

Балуаны жығып, аты бәйгеден кеп,

Абыздың сүйініші көптен еді!


Тербетіп, тебірентіп жан-жүректі,

Құбакер қарақшыдан жалғыз өтті.

Екпіндеп, ентігі жоқ, еркін щауып,

Тамаша таңырқатты қауым көпті.


Жас оғлан – басындағы Нұрбекпенен,

Тұлпардың қолтығында гүл көктеген.

Кешегі менсінбеген Кер шолаққа

Қарады бар жамағат құрметпенен.


Даңқы өрлеп Мұсақұлдың Құбакері,

Бәйгесін сүйіншілеп тұрады елі.

Тараған Құбакерден асыл тұяқ –

Ақанның атышулы Құлагері.


Бәйгеден келгенін айт кер құбаның!

Үш жүзге ер Мұсақұл болды мәлім.

Би Қанай бәсте жеңіп, он екі қақпа

Тәшкенттің бегі деген алды даңын.


Жылма-жыл базарына келіп тұрды,

Төбе би төрелігін беріп тұрды.

Қапылып қатты сасқан құшбегі де

Қанайдың талабына көніп тұрды.


Киліккен екі сөйлеп далбасаға,

Бектігін тартып, сірә, алмаса да,

Кеудесін құшбегінің басты Қанай,

Зорлыққа ол сияқты бармаса да.


Он екі қақпа кілтін қолына алды,

Ташкентте бек болды деп аңыз қалды.

Қарауыл Қанай шешен атыменен

Қазақтың жүрегінен орын алды.


Жыл сайын төбе билік еп болады,

Бұған да мұқым қазақ шаттанады.

Мұсақұл балуан баба аруағы асып,

Басына мәңгі кетпес бақ қонады.


Алашта абыройы асып тұрды,

Бойында күш-қайраты тасып тұрды.

Мұсақұл баламызды көреміз деп,

Үш жүздің ақсақалы асықтырды.


Ақ үйге алты қанат жинады елді,

Ордаға жақсы-жайсаң сыймады енді.

Ырымдап, көздіктіріп алмайық деп,

Етуге көзден таса қимады ерді.


Айбыны – алшы түскен сақа дер-ді,

Алаштың абыздары бата берді.

Ардақтап жыр самғатып, күй төгілтті,

Бір Алла қолдасын деп баталы ерді.


Бұл сапар болашақтың болды басы,

Бақ қонса жығылар ма ел жығасы?

Додада дүр сілкінген ер Мұсақұл –

Қазақтың күресінің қарлығашы.


Балуан Мұсақұл деп аты қалды.

Киесі, қасиет, зәу-заты қалды.

Тараған үш ұлынан үш рулы ел,

Тарихта шежіренің хаты қалды.


Ташкентті дүбірлеткен даңқы қалды,

Жауырыны жерге тимес салты қалды.

Аруағын ата күрес аспандатқан,

Қаймана қазақ деген халқы қалды.


Намысты шырақ қылған, ұтқыр айлаң,

Күресі қазағымның мықты майдан.

Бабасы Мұсақұлдай болмаса егер,

Толағай Қажымұқан шықты қайдан?!


Айналды Құбагері Құлагерге,

Жайылды балуан күрес ұраны елге.

Дабысы жетті шырқап бұл заманға,

Дүбірі қалып қоймай құба белде...


Көк туға көп балуаным сәлем берді,

Күресін қазағымның әлем көрді.

Өркені Мұсақұлдың деп білерсіз

Бура сан, барыс жүрек өрендерді...


Рухы Мұсақұлдың еліменен,

Барқытты Зерендінің беліменен.

Аптасам арманым жоқ алтын жырмен,

Зерен көл, туған жердің зеріменен!..


(Соңы)