Руханият • 06 Мамыр, 2019

«Egemen»-нің кейіпкеріне көмек керек

1733 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Egemen»-нің кейіпкеріне көмек керек


 «Egemen Qazaqstan»-ға жарияланған «Қамқор жүрек» атты мақалада америкалық Элизабет Турнок пен Виктория Шарбонудың қазақстандық жетім, тастанды, қараусыз қалған және түрлі деңгейдегі сырқат балалар мен олардың аналарына көмек көрсетіп жүргенін жазып едік. http://demo.egemen.kz/article/182180-elizabet-turnok-pen-viktoriya-sharbonu-qazaqstandyq-balalargha-koemek-koersetude Енді сол кейіпкеріміздің бірі – Викторияны сот 5 жылға дейін елге кірмеуге шешім шығарыпты.

Виктория өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасын: «Сіздер де бір нәрсені түсінбей, қателесіп көрдіңіздер ме? Өзге елде өмір сүргенде, бұл өмірдің бір бөлігі болып кететін болар», - деп бастаған. Оның айтуынша, өткен бейсенбіде, яғни мамырдың екісінде Жамбыл облыстық Көші-қон полициясынан хабарласып, бөлімшеге келуін сұрайды. Барса, бұрынғы жазған бір арызында қате кетіпті. Виктория түсіндіруге тырысқанымен, офицер бұл туралы жазып, әкімшілік сотқа тапсыратынын айтқан. «Жұма күні сот шақырып, айыпты деп танылдым. Сот шешімі бойынша 5 күн ішінде елден кетіп, 5 жылға дейін кіре алмаймын» деп қынжылады Виктория.

«Қамқор жүрек» қайырымдылық қорының үйлестірушісі Әсел Фатихова: «Виктория 2018 жылы тұрғылықты мекенжайға құжат тапсырғанда барлығы орысша болғандықтан, ол үшін басқа адамдар толтырған. Өйткені ол орысша білмейді. Сол кездегі аудармашы «Сіз бұрын тұрғылықты мекенжайға құжат тапсырдыңыз ба?» деген сұрақты «Сіз бұрын тұрғылықты мекенжай алғансыз ба?» деп қате аударған. Сонда Виктория «жоқ» деп жауап береді. Алайда олар 2010 жылы құжат тапсырды. Сол өтініштен соң тұрғылықты мекенжайды алды. Таразға келіп, тіркелді. 6 ай жүргеннен кейін Көші-қон полициясы тексеріп, қатені көрген» дейді. Ал одан кейінгі жағдай Виктория баяндағандай.

Викторияның ісі туралы Көші-қон комитетінің ішкі көші-қон бойынша бөлім бастығы Асқар Амангелдіұлымен тілдестік. Ол: «Біз өз міндетімізді атқардық. Көші-қон комитетінен сотқа өткізілген іс болғандықтан, әрі қарайғы шешім соларға жүктеледі. Дегенмен, апелляцияға тапсырса, 10 күн тағы ұзартып, істі қайта қарауға мүмкіндік бар» дейді.

Ал Викторияның мәселесіне қарап көрген адвокат Жангелді Сүлейман 2018 жылдың 5 қыркүйектегі арызында қате мәлімет кеткенін алға тартып, мәселенің мәнісін былай түсіндіреді: «Қыркүйектегі қате 2018 жылғы желтоқсанда табылады. Ал хаттама биылғы сәуірде толтырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңының 62-бабына сәйкес жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі – бұзушылық жасалған сәттен бастап 2 ай. Бұл былтырғы жылдың 5 қарашасында өткен. Демек, соттың депортация туралы шешім шығаруға құқығы жоқ» дейді. Оның айтуынша, адамның сауалнамадағы қателігі жалған ақпарат беруді білдірмейді.

Виктория жоғарыда аталған жазбасында: «Мен есеңгіреп қалдым. 19 жылдан бері бар өмірімді жаныммен, жүрегіммен жетімдерге, жалғызілікті аналарға, мүгедектерге, өтпелі кезеңде жүрген жандарға көмек көрсетуге арнадым. Жергілікті атқарушы органдар бізге сондай жалғызілікті аналарды, қамқорлықты қажет ететін жандарды жіберіп отырды. Astana Times, Khabar News тарапынан берілген «Алтын жүрек – 2017» жүлдесіне лайық көргені үшін ризамыз» дей келе қордың есігі әрдайым ашық болғанын және бұдан былай да көмек көрсетуден таңбайтынын тілге тиек еткен.