Жоғарыдағы қос батыр ескерткіші 2006 жылы Ерейментау аудандық музейіне қойылыпты. Кейін тарихи жәдігерлер ғалым өлкетанушылардың араласуымен бастапқы орнына қайта орналастырылған.
2009 жылдан бастап нысанға барлау, зерттеу жұмыстарын үзбей жүргізіп келе жатқан тарих ғылымдарының докторы, түркітанушы Айман Досымбаева болашақта осындағы тарихи кешенге ашық аспан астындағы мұражай жасап, отандық туризм орталығына айналдыру керектігін алға тартады. Өйткені соңғы жылдары тұрақты жүргізілген қазба жұмыстарының арқасында жаңадан табылған балбал тастар саны 15-ке жетіпті. Сонымен қатар кешеннің екінші бір ерекшелігі – шығыс қабырғасына орнатылған мүсіндер мен оның ғұрыптық қоршауы.