Алдымен М.Әшімбаев Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынасқа назар аударды. Ол соңғы жылдарда екі елдің ынтымақтастығын арттыру мақсатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропа елдерінің басшылары тарапынан айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
– Біздің тараптар 2015 жылы қол қойылған Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің негізінде өзара байланысты одан әрі күшейтті. Бүгінде екіжақты экономикалық байланысымыз жүйелі түрде дамып келеді. Көптеген еуропалық компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан экономикасындағы сыртқы сауда айналымының 50 пайызы Еуропалық одақ елдеріне тиесілі. Сол себепті Еуропалық одақты еліміздің ең басты сауда-экономикалық серіктесі деп атауға толық негіз бар, – деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар кездесуде Қазақстан экономикасындағы шетел инвестициясының жартысынан астамы Еуропалық одақ елдерінің үлесінде екені айтылды. Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары сауда және инвестициялық қарым-қатынастағы бұл деңгейлер шектік көрсеткіш емес екеніне назар аударып, алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелер болатынына сенетінін жеткізді. Сондай-ақ ол тараптардың саяси және партияаралық байланысына да тоқталды.
Шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешімі және оның 30 жылға жуық ел басқарып, тәуелсіз, заманауи, нарықтық, демократиялық, құқықтық Қазақстанды қалыптастырғаны сөз болды.
Одан бөлек, партия Төрағасының бірінші орынбасары қазіргі таңда Қазақстан халқының тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына және алда үлкен саяси науқан тұрғанына назар аударды.
– Партиямыздың 23 сәуірдегі XIX съезінде Елбасы Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Оны барша съезд делегаттары бірауыздан қолдады. Соған байланысты қазіргі таңда кандидатымыздың үгіт-насихат жұмыстарына қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Республикалық және аймақтық деңгейдегі қоғамдық штабтар құрылды. Барлық қажетті шаралар қолға алынды, – деді М.Әшімбаев.
Кездесуде сайлаудың ашық әрі әділ өту мәселесі де әңгімеге арқау болды. Осы мәселеге тоқталған Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары партияның тек заң шеңберінде ғана әрекет ететінін айрықша атап өтті.
Сонымен бірге партия Төрағасының бірінші орынбасары кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы басты қағидасы Елбасы саясатының сабақтастығын сақтау екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл экономикада, әлеуметтік саясатта, саяси жүйеде еш нәрсе өзгермейді дегенді білдірмейді.
– Сабақтастық Елбасы саясатының негізгі басымдықтарын сақтап қалумен ерекшеленеді. Олар көпвекторлы сыртқы саясат пен бейбітсүйгіштік қағидалары. Экономикадағы сабақтастық нарықтық экономика, әлеуметтік аз қамтылған топтарға қолдау көрсету және шетелдік инвестицияларды жұмылдыру қағидаларына табан тірейді. Ал саясатта бұрынғыдай тұрақтылық пен демократиялық даму қағидасына басымдық беріледі. Ал жұмыс барысында жаңа, тың бастамалардың қолға алынатыны сөзсіз, – деді Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ М.Әшімбаев өз сөзінде үгіт-насихат жұмыстары негізінен үш бағыт бойынша жүргізілетінін де тілге тиек етті.
– Ең алдымен дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына басымдық беріледі. Екіншіден, еліміздің барлық өңіріндегі халықпен тікелей кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсіндіреміз. Сондай-ақ науқан кезінде әлеуметтік желілерді де кеңінен пайдаланамыз. Бұл жұмыстардың барлығы заң шеңберінде жүргізіледі, – деген М.Әшімбаев сайлаудан кейін де Қазақстан мен Еуропалық одақ елдерінің байланысы одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Свен-Олов Карлссон Қазақстандағы қазіргі саяси оқиғалар халықаралық нормалар мен елдің Конституциясына сәйкес өрбіп жатқанын айтты. Ол екі тараптың қарым-қатынасын одан әрі дамыту, инвестиция тарту саласын жетілдіру және 2015 жылғы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімде көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыру жайына да тоқталды.
– Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қазан айындағы Брюссельге жасаған сапарын, сол кездегі АСЕМ саммитіндегі сөйлеген сөзін біз жоғары бағалаймыз. Таяуда ғана Бейжіңде өткен «Бір жол, бір белдеу» форумында да Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық диалогты дамыту мәселесін көтерді. Бұл Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта үлкен абыройға ие екенін көрсетеді, – деді ол.