Руханият • 10 Мамыр, 2019

Майдан тудырған сөз

2106 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Тақырып біреу болғанмен тарқату әр қилы, оқиға біреу болса да сезіну мен сезіндіру өзгеше. Сондықтан да ол – әдебиет. Сондықтан да ол өміршең.

Майдан тудырған сөз

Жауынгер жазушы Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романы жайында жазу себебімізді тек қазіргі ұрпақ кешегі соғыстың қиындығын сезініп, бүгінгі бейбіт күннің қадірін ұғыну үшін деп жалпылама сипаттар болсақ, онымыз тым жалаң пайым болар еді. Өйткені, ол жалын атқан жастық шағын «жалмаған» соғыс туралы жазуға жүз ойланып, мың толғанып, тіпті сонау бала күнінде көрген ең қиын, ең ауыр сәттерін соғыстағы бастан кешкен түрлі жағдайлармен ұштастыра сомдап, санасында сартап қылып «сүрлейді». Соғысты көргендер де, көрмегендер де майдан туралы том-том кітаптар жазып жатқанда Кемел қаламы бұл тақырыпқа қозғала қоймапты. Ойланып, толғанып, қай тұсынан, қалай кірісудің бәрін көкірек көмбесінде әбден пісіріпті. Деректе бұл роман 1983 жылы кітап болып басылғаны көрсетілген. Яғни, дүниеден өтерінен үш-ақ жыл бұрын жарық көрген екен.

Бұл романда өлім мен өмір арпалысқан айрықша сәттегі адам болмысы, жау жолында қалып бара жатқан жолдасымен қарым-қатынасы, жанындағы адамның атқан оғын иемденіп, атаққа кенеле қойғысы келетін аярлық, бәрі-бәрі табиғи қалыпта көз алдыңа көлденең тартылады. Тіпті кейбір күрделі психологиялық жағдайларды айрықша тоқтала суреттеуі оның тек соғыста ғана емес, осынау бейбіт тіршілігімізде де көзге көрінбейтін өзгеше формада өрбіп жататын жайт екенін көрсетсе керек. Сонымен бірге Қазақстанда жүргізілген ұжымдастыру кесірінен болған қасіретті, тіпті соғысқа қатысты біраз құпияны ашып көрсету романның негізгі мақсаттарының бірі болғандай. Сондақтан да соғыс жайындағы бұл роман тарсылдаған мылтық дауысы мен «уралаған» ұрандардан тұрмайды. Шымыр өрілген шынайы оқиғалармен шығарманы ілгерлете отырып, соғыстың жалпы жағдайына байыпты барлау да жасайды. Бұл әрине оңай емес. Мұны өз деңгейінде орындап шығуға жазуы жолға түскен жорғадай тайпалып, әсіресе қазақ әдебиетіне таңсық көрінген детектив дейтін жанрды әбден меңгерген Кемел қаламының кемеліне келген шағы керек-тұғын.

Көрнекті әдебиеттанушы, ғалым Шерияздан Елеукенов «Кемел Тоқаевтың соғыс туралы бұл туындысы окоптан жазған репортаждай оқылады» депті. Өзіңді баяндалып отырған оқиғаның ішінде жүргендей сезіндіретін бұл шығарма жайында біз Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына жөнінде жазылған «Тағдыр мен майдан» кітабымызда кеңінен тоқталған едік. Жеңіске 74 жыл толған даталы күнге орай романның тұтас тұла бойы, оқиға желісіне тоқталмай, оқырманға айырықша әсер ететін және соғыс майданында ғана айтылған қадау-қадау ойларға тоқталғанды жөн санадық.

«Ұят өлімнен жоғары тұрады». Әдетте «өлімнен ұят күшті» деген сөз бар. Мұны әркім әрқалай түсінеді. Ұрлық секілді ұятты іс жасап елдің алдында масқараң шығып тірі жүргенше өліп қалғаның артық деген мағынада келеді. Ал, қызық болғанда бұл мәтелдің соғыс жағдайында біз ойламаған басқаша қыры ашылған сыңайлы.

«Мұхамедтің қасына танауы делдиіп ентіге жүгіріп келген Фаткуллин:

– Жолдас сержант, темекі тартуға бола ма? – деді. Фаткуллин бөлімшеде өзімен өзі жүретін, ешкіммен жұмысы жоқ момын, жуас жауынгер саналатын. Осы сайға орналасқалы бері бір сәт тыным тапқан жоқ. Әрқайсының қасына бір жүгіріп барады. Өлімнен қашып, оқ тимейтін «құтты орын» іздеп жүргенін Мұхамед енді ғана сезді.

Өлімнен қорықпайтын адам жоқ. Бәрі өлімнен қорқады. Бірақ сол үрейін бүркегісі келеді, қатер төніп тұрса да салмақты, сабырлы болуға тырысады, берекесі кетіп, шошынып айқайламайды, өкіріп жыламайды. Өйткені, ұяты өлімнен жоғары тұрады. Фаткуллин де өзінің қорыққанын жасырмақ болады. Мұхамед жымия күліп:

– Солдаттар мосы асып, шай қойып жатыр. Сенің тартқан темекіңнің әлсіз отын немістер көріп қояды деймісің, – деді. Фаткуллин жан-жағына алақтай қарап:

– Ә, солай екен-ау? – деді де өзінің сұрауын ақтамақ боп, – жәй қыр үстінде, жалаңаш, ашық жерде тұрған соң айтып жатқаным ғой, – дей салды.

– Именбей тарта бер».

Өлім алдында тұрса да қорыққанын білдіріп қоюға ұялады. Бұл қандай күй, қандай сезім? Адам баласының құпияға толы болмысының осы бір қыры сағат, минут сайын ажал оғы атқылап жатқан майдан даласынан өзге жерде көрініс беруі, ойыңа келіп қағаз бетіне түсіру мүмкін еместей. «Ұят өлімнен жоғары тұрады». Міне, бұл нағыз майдан тудырған сөз. Әлгі мәтеліміздің әуелгі шынайы мағынасы осы шығар бәлкім? Осылай айтқанда оның бетіндегі шаңы сүртіліп, жарқырап, жаңғырып шыға келгендей. Керек десеңіз, мәтелдің түпкі мәніне барар тура жолды ашып, нұсқап тұрғандай ма, қалай? Автор әрине, біз айтып отырған мәтел мағынасы туралы ойды мақсаттамаған да. Ол өзі анық сезінген адам бойындағы сирек жағдайда көрініс беретін құбылысты ғана айтып өтті.

 «Өзіңе атылған оқ». «Мұхамедтің қасына етпетінен бұғына түсіп жатқан Қойбағаров алға көз тігіп:

– Немістер кетті, – деп мылтығын жатқыза қойды. – Айналаның бәрі жұмбақ, қайда не барын білмейміз. Тым құрыса таң атқанға дейін мұрша берсе екен.

– Әрбір артық қимыл, дабырлаған сөз өзіңе атылған оқпен тең. Осыны ұғып қой! – деп Мұхамед Фаткуллинге бұрылды. – Жүреңнен отырсың. Немісті қалай көресің? Аспанға атпақсың ба? Бұғынбай еңсеңді көтер. Мылтығыңды кезеп ұста! Фаткуллин тыпырлай тұрып:

– Немістер келсе, атам ғой! – деді».

Бұл өзінің қыбыр еткен қимылынан қапы кеткен қаншама жолдастарын көрген көзден шыққан сөз. Ал жайшылықта да біз қаншама артық қимылымыздан өзімізге «оқ» тиіп жатқанын біле бермейміз.

Құпия болған қуаныш жасы. Бұл бұған дейін ойға келмеген, егер Кемелдің кермек балалық шағын білмей, «Солдат соғысқа кетті» романын оқымай жүрсек әлі де, тіпті, мәңгіге білмей өтетін құбылыс екен. Бейнелеп айтқанда тумысынан басталған тұл жетімдік тұрмысына сіңіп кеткен бейбақ баланың таң қалысы сіз бен бізді таң қалдырмай қоймайды.

Мұхамед жеті тәулік бойы жау тылында қоршауда қалған үш танкисті құтқаруға тапсырма алып, түн ішінде ұрланып келіп, қапы да немістерге оқ жаудырып жолдастарын құтқарып алады. Өмірден күреді үзіліп, бір-бірімен іштей қоштасып жатқан үшеуі құтқарылғанда қуанғандарынан жылап жібереді. Біздің назарымызды аударған тұс, Мұхамед бұлардың жылауын түсінбей қалады. Себебі:

«Мұхамед балалар үйінде жүргенде кісімсінген әлде біреу қатты ұрып тастағанда, не жазықсыздан таяқ жегенде балалардың көгерген етін сипалап отырып, мұңын шағуға кісі таппай булыға ұзақ өксіп жылағанын талай мәрте көргені бар. Жәбір көргендер ғана жас төгеді деп ұғатын. Қуанған кісі де жылайды екен-ау деп таңғалды.

Ол қуаныш жасын бірінші рет көрген еді» дейді романда. Осы тұста құрметті оқырман, ойыңызда «Мұхамед деген кім?» деген бір сауалдың төбесі көрінуі мүмкін. Бірден жауап берейік. Мұхамед деген – Кемел Тоқаевтың өзі еді. Балалық шағы өте қиын, тар кезеңге тап келген Кемелдің он жасқа жетер-жетпес шағында әке-шеше, қарындасынан бір-ақ күнде аса аянышты жағдайда айырылып, өзі Қасым деген ағасымен сонау Бішкек түбіндегі жетімдер үйінде жан сақтаған тарихын біреу білсе, біреу білмес. Сол балалар үйінде ержетіп, майданға жасы толғанда жер бетіндегі жалғыз жанашыр жақыны, ағасы – Қасым соғысқа кетіп, оны сағына аңсап, сарыла күтіп жүргенде бір жарым жылдан соң одан да қаралы қағаз келеді. Өзегінде өкініш пен кек қайнап, сол ағаның ізімен енді өзі де майданға аттанып, қанды қасап соғыстың ортасында жүрген беті осы еді.

Жаңағы үш орыс жолдасын құтқарған Мұхамед жайлы автор: «Осы бір сәтте қазақтың кішкентай қара домалақ баласы бұл үшеуіне қиядағыны қияннан шалатын, қиырдағыны қиналмай алатын алғыр да өжет жас қайрат иесіндей көрінген еді», - дейді. Бұл жүрегі қазақ деп соққан намысқой жастың өзінің ерлігіне, өзін биік ұстағанына деген риза көңілі еді.

Ал жоғарыда біз сөз еткен қуаныш жасы таяқ жемей, ұрыс естімей өткізген әр сағаты қуанышқа баланатын балалар үйінде ержеткен адам ғана сезінетін сирек құбылыс. Бұған дейін адамдар қиналған, қайғырған көңіл күйде ғана жылайды деп ұғып келу дегеніңіз адам айтса нанғысыз ауыр хәл. Бұл – осы жасқа келгенше айналасынан көз жасы төгілердей қуанышты сәт көрмей сұрқайлықтан ғана сақтануға қабілеті жетіле түскен суық сананың ойда-жоқта селт етіп сезінген жылылығы. Адам бойындағы осындай бір құбылыс болады екен ғой деп ұққан ол сол сәтте алда қолы жетер бір байлықты көргендей болды. Ол – қуаныш жасы. 

Бұны жантану, психология ғылымдарын зерттеушілер жүйелі зерделеп пайдаға асырар болса, бүгінде сәби жүрегін уайым мүжіген талай жеткіншектің қуаныш жасын ертерек сезіндіруге түрлі жағдайлар жасалар ма еді. Ол өз кезегінде бала психологиясына, өміріне пайдалы болатынына күмән жоқ. Алайда, осы жантану ғылымының өзі сала салаға бөлініп, әдебиеттен іргесін аулақ салған осы уақытта кермек тағдырынан керемет құпиялардың кілтін тапқан жазушы жаңалығын керекке жарата қояды дегенге сене алмайтын секілдіміз.

Жантәсілім алдында немесе туған ана мен тұңғыш бала. Тағы да Ш. Елеукенов «Аты да, таланты да Кемел» деп аталатын мақаласында «Солдат соғысқа кетті» романынан үзінді келтіре отырып, мына бір жайды баяндайды:

«Тек қанды көйлек досы өлім аузында: мамам байғұс зарығып, мені босқа күтіп, екі көзі төрт болады-ау деп өзінен гөрі анасын қимайтын жерінде роман әңгімешісінің тамағына тас тығылып қалғандай қалпын сезінесің. Кемекеңнің досы, отставкадағы полковник, «Тоқаевтың үш сыйлығы...» деген мақала жазған («Қазақ әдебиеті», 23 қазан, 1998 жыл) жазушы Қалмұқан Исабаевтан осы психологиялық көрініс жайында пікір айтуын сұрағанымда былай деп еді: соғыста қатты жарақаттанып әл үстінде жатқан жас солдат үнемі «мама!» – деп шешесін шақырып айқайға басып жатады. Ал, мосқалдаулары тұңғыш баласының атын атап қоштасады...» дейді.

Осы бір көп адамға ортақ тылсым психологиялық күйді роман әңгімешісі бірде белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовқа да айтып беріпті. Үйінде қонақ болған Әзілханға өзінің жауынгер жолдастары туралы әңгімелеп отырып, Виктор Акимов деген досының жаны үзіліп бара жатқанда соңғы рет: «Мамам мені сағынатын болды-ау!» дегенін айтып, «сол сөз өмір бойы құлағымда келеді...» деп көзіне жас алыпты.

«Сол сәтте Тұраргүл орнынан тұрып:

– Қой, Кемеш, босама, – деп шашынан сипап, күйеуінің басын кеудесіне қысты.

Кемелдің жанының нәзіктігіне, дос дегенде ішкен асын жерге қоятын адалдығына және оның жан жарының күйеуіне деген жан тебірентерлік ілтипатына тәнті болып, менің де жүрегім елжіреп кетті. Қалтамнан орамалымды алып, аузымда сүрткен болып, жасаурап кеткен екі көзімнің құйрығын құрғаттым...» деп жазады майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов.

Майдан дәлелдеген екінші хәл, яғни, жігіт шақтан өтіп, отбасы, балалы-шағалы болғандардың өлім сәтіндегі күйі туралы да романда суреттеледі.

«Окоп ішінде ыңырсыған, қиналған дауыс естілді. Алиев қасына жетіп кеп еңкейе қарады. Қойбағаров окоп түбіне шалқасынан құлаған. Тұла бойы топырақ араласқан қан. Снаряд сол жақ қолы мен қабырғасын жұлып кеткен. Шикі өкпе көрініп тұр...

– Ойпырмай, мына жел дегенің ұстараның жүзіндей өткір екен-ау. Өкпемді қарып күйдіріп барады. Шинелімді қымтап жіберші, – деп талып кетті.

Әлден соң тілінің ұшымен кезерген ернін жалап жатып көзін ашты. Бабахунов флягін тосып, аузына су тамызды. Су жұтылмай езуінен ағып жатыр. ...Қойбағаров ұзақ қарап жатып:

– Міне, қалқам, енді келмес сапарға жол тарттық, - деп кәдімгі дені сау кісідей сөйлеп кетті. – Ақылжаным жас еді. Артта қалған жалғыз тұяғым сол. Соған ие болғай дегейсің. Жарыма, ақылдыма тілегім осы. Аманатымды жеткіз қалқам! – деп көзін жұмып тына қалды» дейді.

Бұлар, міне, нағыз майдан тудырған сөз, майдан сезіндірген құбылыстар емес пе? Дәл осындай бір тұста Мұхамедтің «мен өлсем сұрайтындай, мені жоқтап сағынатындай кімім бар, мүмкін маған осы да жақсы болған шығар, ендеше мен алаңсыз алғы шепке ұмтыла беруім керек» дейтін кездері баяндалады. Әрине сүйегіңді қаритын сөз.

Тағдыр мен мінез. Жазушы Кемел Тоқаев сөзге сараң болғаны туралы қаламдас дос, інілері естеліктерінде көп жазыпты. Осы романды оқып отырып, сол мінездің сырынан да ұшық ұстағандаймыз.

 «18 қаңтар, 1943 жыл

Сталинград майданы

...Әдетте солдаттар жолығыса қалған санаулы минуттар ішінде аты-жөнін, қай жақтан екенін жамырай сұрасып қалады. Ауылда кімдердің қалғанын әңгімелеп, әке-шешесін, сүйікті жарын, туған-туыстарын еске алысады. Мұндай сұрақ маған ауыр тиетін. Балалар үйіндемін деп айту өзіме қорқынышты көрінеді... Мұндай сұрақтан қашатынмын. Жігіттермен ашыла сөйлесе қоймаған соң өз жөндерін айтуға онша әуестене қоймады, құлқы да болған жоқ. Бабахунов мен Тохидзе үшеуімізден басқа бөлімшеде тағы бес адам бар...».

Шындық. Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіндегі детективтің атасы саналады. Оның қаламгерлігі жайында айтқанда жұрттың аузына бірден детектив түседі. Алайда қаламгерің соғыс тақырыбында жазған дүниелері оның нағыз майдангер жазушы екенін де танытады. Оның соғыс жайында жазған шығармалары жалаң дидактикаға әуестенбейді және соғыс романтиксына берілмейді. Керісінше оған обьекті түрде қарап, ол кезде айтыла бермейтін жеңістің аса зор шығынмен келгенін жазуға тырысады. Оның осы көзқарасы соғыс жайлы біраз сорақылықтарды ашып жазған әйгілі Быковтың «В тумане», «Сотников», «Стужа» повестеріндегі сұрықсыз, бірақ нәзік, көңілсіз, бірақ жан толқытар көріністер мен ондағы қилы тағдырлармен астасып жатады. «В тумане» повесіндегі кейіпкерлердің өмір үшін күресі, кімнің сатқын, кімнің дос екенін, я сатқындық пен достықтың арасы бір-ақ қадам екені қалай суреттелсе, Кемел шығармаларындағы соғыс бейнеті одан бір пәс те төмен суреттелмеген. Бірақ соғыс тақырыбын ашық жазды деген Василь Быковтың өзі Н. Никулиннің «Соғыс туралы естелік» кітабының қолжазбасын оқыған соң, 1996 жылы былай деп хат жазыпты: «Қымбатты Никулин! Соғыстың сұрықсыз келбетін, ұмытыла бастаған шындығын жазғаныңызды оқу оңай болмады. Тіпті, мен соғыс ардагер болсам да... Мына қолжазба кітап болып шықса екен деген тілегімді жасыра алмай, сол үміттен айырыла алмай оқыдым. Әрине, Кеңес үкіметі кезінде бұл кітап КГБ қармағынан құтылмайтын еді, ал қазір баспалар өз кірістері үшін жанталасып жүр. Кімге керек? Егер бұл қолжазба ақша әкелмейтін болса, ешкім қарамайды...

Әрине, соғыстың шындығы, я соғыс туралы шындық ғылыммен де, өнермен де ашылмай, осылай белгісіз болып кетеді. Жастардың, кейінгі толқынның өз шаруасы бастарынан асып жатыр, ал соғысты көріп, соны иығымен көтергендер бәріне түсіністікпен қарайды. Соғыстың осы ауыр, қатал шындығын жасырғысы келетіндер көп пе деп қорқамын».

Соғыстың ащы шындығын айту, әрине қиын. Ал біз сол зұлматқа өзінің де аса ауыр тағдыры қамшының таспасындай қатар өріліп, талант пен талғам түйіскен тұста оған уақыт мүмкіндік берсе, майдан тудырған сөздің осыншама өміршең болатынын көргендейміз. Шығарманың шынайылығы сонша, қан майданда көрініс беретін қылыш жүзіндегі қызғаныш, оқтың ортасындағы опасыздық сынды былайғы өмірде адам баласының ойына келе бермейтін жағдайларға қарап отырып мың-миллион өрмектің шатысуынан да күрделі пенде болмысына шыт жаңа қайта үңілгің келеді. ал, мақаламыздағы соңғы тақырыпшада баяндалатын оқиғаны өмірді бағасы  дер едік.

Өлім шекарасына дейін. Жазушы Кемел Тоқаев Украинаны азат етуге атсалысқан партизандық соғысты арқау еткен «Замандастар сыры» атты көлемді деректі повесті жазды. Өте үлкен күш, зор қуатпен жазылған ірі шығарма. Повесть сол соғыстың ішінде болған дәрігер Алексей Васильвичтың әңгімеленуімен өрбиді.

Киевті басып алған немістер жергілікті тұрғындарды, қолға түскен солдаттарды тұтқынға алады. Оларды әкеп қамаған лагерь нағыз «өлім үйі» еді. Себебі, ол үйге қамалғанның қайтып шығатыны болмайды. Тас үйде бір түнетіп шығарғаннан кейін тұтқындарға ала киім кигізіп, айдап биік жардың басына апарады. Сол жерде тізіп қойып атады. Сөйтеді де, үстілеріне бензин құйып өртейді. Шала-жансар тыпырлап жатқандар денесіне от тигенде ыршып, секіріп әлденеше аунап түседі. Содан соң аз бүлкілдеп жатып, бүрісе бастайды, біртіндеп күйеге, күлге айналады. Ең ауыры, соны ертеңгі атылатын тұтқындарға көрсетеді.

Міне, осы «өлім үйіне» кіріп, содан бірінші рет аман шыққан Проценко деген жауынгердің таң атып, өлім жақындағанын сезген кездегі күйін әңгімелеуі:

«Өлім алдында кісінің ойы келте болады. Өткендегі көріністер лезде ойыңа түседі де, оны сол сәтте ұмытып, екіншісіне көшесің, сөйтіп, ұшы-қиырсыз ой тізбектеле береді. Өзіміздің селоның қасындағы жалпақ көк саз екен деймін. Оның ортасын кесіп өзен ағатын, суы терең емес, тайыз. Біз, топ бала, сазда көбелек қуып, асыр салып ойнап жүрміз. Бұл ойын зеріктірді білем, артынан алысқан боп, жұдырықтасып, жұлысып та қаламыз. Байғұс анам: «Ей, балам, тентек болма, тиыш жүр» - деп ақылын айтып тұрған секілді. Бұл тәтті елес жоқ боп кетеді де, енді көз алдыңа туғаның, дос-жараның аса сағынышпен келе қалады. Кәдуелгідей өзіңмен жүздесіп, сырласып тұрған сықылды. Ой әрмен жетелейді. Осы бір шақта біреуді сағынып, аңсағандай боласың, «жаным» деп қана елжіреп үн қатасың. Ол да икемделіп бауырыңа кіре түскендей, құшағыңды жаясың, сол сәт түс көрген кісі секілденіп шошып кетесің. Жан-жағыңа қарайсың. Айналаңның бәрі ала киімді адамдар... Әлгі асқан көңіл адыра қалады, өзегің өртеніп, езіліп, бір-ақ уыс боп қаласың. Енді бір-екі сағаттан кейін өмірмен, жарық дүниемен қоштасасың, қайтып мәңгі оралмайсың... Кәдімгі үлкен күн сенсіз шапағын төгіп, сенсіз ататын болады. Аспанда ай сен жоқта қалқиды. Айдын көлде құстар ұшады, өзіміздің ауылдың тұсындағы көк саздан жем іздейді, даланы құлпыртып қызғалдақ өседі, жұрт шулап егін оруға шығады, бәрінен де бұрқыраған жас сабанның исін айтсаңшы! Одан соң күз келеді, одан әрі қыс, көктем, тағы жаз басталады. Осының бәрін сен көре алмайсың! Сені әзәзіл күш қорлықпен өлімге желкелеп тұр, амалсыз мойын ұсындырғандай, қарсыласайын десең дәрмен жоқ, байғұс жан секілдісің. Осы халің есіңе түскенде ішің өртеніп күйіп кетесің, есіңнен танып, аласұрасың... Басқаны қайдам, өзім сондай аумалы-төкпелі мүшкіл күйде болдым. Бір сәтке тағы есіңді жиясың. Өткен өмірге еріксіз көз жібересің. Біреумен арада кикілжің, бақастық, өштескендік болғаны есіңе түскенде ойпыр-ау, адам неткен қатал, неткен мейірімсіз, неткен надан еді деп ойлайсың, осының бәрі білместік екен-ау, - деп қынжыласың. Шіркін, жарық дүниені тағы бір сығалатса, кісіге қиянат қылмай, жолына шырақ жағып өтер едім, адамды жан тәніммен сүйер едім дейсің... Бәріне де кешірім берер жомарт көңілде қалғың келеді...

...Тұтқындарды таң ата ататынын білеміз. Ақындар жырға қосқан таң шапағын енді бұлар қас көріп, безіп тұр, күн шықпаса екен деп тілеу тілейді, қу тіршілік адамға не жасатпады дейсіз! Түрме іші осылай дүрлігіп тұрған кезде:

– Жолдастар! Қашыңдар, құтылыңдар! – деген біреудің сабырлы даусы шықты да, темір есік шалқасынан ашылды. Ақырын айтса да айқайлап айтқандай естілді бәрімізге. Бірақ жұрт ашық есікке ұмтылмай, жапырыла қабырғаға тығылды. «Осы неме, үйден шығару үшін әдейі арандатып тұрған жоқ па екен? Таң алдында атсаңдар әлі ерте емес пе?» - дегендей қараңғы қапаста отырса да аз уақыттық тірлікті қимай, үркіп, шегіншектеп тұр. Сырттағы кісі асықтырды:

– Тезірек қашыңдар!

– Бәрі бір өлім емес пе? Нені күтіп тұрмыз?! – деп артта тұрған біреу жұлқына, есіктен ытып шығып, ала көлеңкеге сіңіп жоқ болды. Сол-ақ екен, бәрі есікке қарай лап қойды. Алдында тобын жазбаған қашқындар, арт жақтан мылтық дауысын естігенде тоғай-жыраны көздеп, бет-бетімен тырақайлай жөнелді. Алды-артыма қарамай, мен де айдалаға безіп барам, аяғым аяғыма тимейді. Менімен біреу қапталдасып келеді. Дәуде болса қашқындардың бірі шығарсың деп ойлаймын. Ұзап шығып, қуғыншы жоғын білген соң, қалқан қабақта тыныс алмақ болдым. Жарлауыт жарға жотамды сүйеп отыра бергенімде, біреу үстіме құлап түсті...»

Мұндай алмағайып, тылсым хәлді өзгенің тұла бойы тұтанып кетердей сезіндіре жеткізу үшін автордың өзі де сол күйді, өлім шекарасына дейінгі күйді әлденеше рет өзегінен өткізгені анық. Осы жолдарды оқып отырып, әлденеше рет көкірек кере күрсініп, айналаны ұмытып, өзгеше бір тілін жұтқан ішкі үнсіздік күйінде мәңгіріп отырып қалғанымыз бар...

Өмір сондай қымбат қой. Оны «шіркін, жарық дүниені тағы бір сығалатса, кісіге қиянат қылмай, жолына шырақ жағып өтер едім, адамды жан тәніммен сүйер едім дейсің...» дегеннен артық қалай бағалай аларсың?

Өмір үшін арпалыс. Біз сөз еткен романдағы Мұхамедтің басынан өткерген біраз жайы осы «Ағамның кегі», «азаматтық борышым» деп соғысқа аттанған бір әулеттен қалған жалғыз дән, жалғыз дарақ – Кемел Құдайдың қуатында өлмеді, аман қалды. Жалындап тұрған жас сарбаз бірден көзге түсіп, 226-шы атқыштар дивизиясының бөлім командирі болады. Үш айдан соң ұрыста жараланып, әскери госпиталға түседі. Алайда, жарақатынан толық жазылмаса да алғы шепке аттануға өзі тілек білдіреді. Сөйтіп, ол 7-гвардияшылар танк полкына қосылып Белоруссияда, Украина мен Польша жерінде болып, кескілескен майдандарға қатысады. Майданда жүріп екі мәрте «ерлігі үшін» медалін алады. Соғыста екі жарым жыл болып, әлденеше рет ауыр жараланып, II дәрежелі мүгедек болған ол жаралы солдаттармен бірге елге қайтты. Мүгедек болса да аман келгеніне қуанған жақындары жаралы солдаттарды қарсы алып, үйді-үйіне алып кеткенде ол жалғыз өзі қос балдағына сүйенген қалпы қасқайып Алматы вагзалында тұрды...

Не керек, сүтпен бітіп, сүйекке сіңген қайсарлықтың арқасында кесілу керек деген аяғын кестірмей, емделіп жазылды. Шынайы жазылған романдағы Мұхамедтің тіршілігін шынайы өмірдегі Кемелдің ізіне жалғап әкетер болсақ, сонау жетімханадан басталған аса күрделі де бұраң жол оны соғыстың қанды соқпағына сала отырып,1945 жылы Алматыдағы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне бастап келеді. Емтихансыз қабылданып оқуға түседі.

Сөз соңына жақындағанда көңілді теңіздің асау толқындардай алай-дүлей толқытып, жүректі енді дәл солай елжіреместей тебіренткен «Замандастар сыры» деректі романындағы  Днепр жағасында тұрып: «Днепрге тіл бітсе...» деген кейіпкердің аяулы арман-аңсары көкейге орала берді. Иә, Днепрге тіл бітсе... оның бәрін толықтай қамтып сезінуге адамдық өлшем аздық етеді. Сұрапыл майданды, сұр жықпыл өмірдің тауқыметін қара нардай көтеріп, тіршіліктің небір ауыр, азапты күндерін ауырдың үсті, жеңілдің асты емес, сылти басқан аяғымен, сыры терең кеудесімен кешіп өткен Кемел Тоқаевтың, Кемел Тоқаев сынды жазушылардың, әр шығарманың қадау-қадау кейіпкерлеріне арналған тұлғалардың сол ерліктері түптеп келгенде өмір жолындағы жолындағы арпалыс екенін тым тереңнен сезінесің. Өмір мен өлім, әділет пен жауыздықтың кескілескен бітіспес майданында өмір сүріп, жүрек қуатын қалам қуатына айналдырған қаламгер шығармаларын оқып отырып, біздің осы күнге жетуіміздің жолында қаншама ердің қаны-тері төгілгені де елес беріп, өзіңнің кейінгі ұрпаққа не береріңді еріксіз ойлайды екенсің.

Қарсы келген қаншама қиындыққа қасқая қарсы жүріп, сан жетпес сатқын, дүрдараз дұшпан жүздерге көз жасын көрсетпестен көкірегіне жұта күле қарап, оларға қас көңілмен емес, дос көңілмен тіл қата білудің азабы мен арпалысы қандай жойқын еді!?. Және ол еш ақыл айтып, үгіт-нәсихат жасамай-ақ оқыған жанға үнсіз ғана қуат сыйлап тұрғаны! Содан өзің де айналасын алпыс ата, қырық жездесі қоршап, алдынан жетелеп, артынан қамшылап жүргенде өмірден таяқ жеген, тағдырдан теперіш көрген адамдай өлімсіреп, ай мен күннің аманында арқан көрсе асыла кеткісі кеп тұратын көке жасық кей замандасың да оқыса дейсің, көрсе дейсің. Санасына жетсе, жеткізуге жетелесек дейсің. Тағдыр мен майданның қанды шоқпары қаншама рет шорт сындырып, шор боп біткен қаһарман қалам қалдырған ізді қуалай келгенде біздің де қолға қалам алуға тура келген. 

Жаратушы Иеміз бізді де тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, соның баянды, мәңгілік болуы жолында аянбай қызмет етуге жазғай!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

Қазақ Ұлттық Өнер университетінің оқытушысы