Қоғам • 14 Мамыр, 2019

Қиын балаларды қатарға қосу қиын ба?

1914 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ қашанда саналы ұрпақ тәрбиелеуді назардан тыс қалдырған емес. Ал қазіргідей жария қоғамда бала тәрбиесі бұрынғыдан бетер алаңдатады.

Қиын балаларды қатарға қосу қиын ба?
«Қиын бала» ұғымы педагог-психологтар арасында өткен ғасырларда-ақ кең тарады. Осы тақырып төңі­ре­гін­де көпте­ген еңбектер жарық көр­ді. Соның бірі – ағылшын пси­хиатры Стэнли Турецкийдің (Stanley Turecki) «Қиын бала» кітабы. Аталған еңбе­гінде автор алдымен «Сізде қиын бала бар ма?» деген сауалнама жүргі­зе­ді. Содан кейінгі алғы сөзін: «Мен бала мен отбасы психиатрымын және экс-қиын баланың әке­сі­мін», деп бас­тайды. Осы бағытта көп ізденген Стэнли бірнеше елде қиын балаларға арналған орта­лық ашады. Мұндай орталықтар бү­гінде елімізде де ашылып, же­місті жұмыс атқарып келеді.

«Сыр ұландары» орталығымен елор­дада өткен «Балалар үшін әділ сот: тә­сіл­дер мен қызметтерді жетілдіру» атты жиында таныстық. Балалардың құ­қы­­ғын қорғау бойынша Unicef бағ­дар­ламасының үйлестірушісі Мейрамгүл Алыбекованың айтуын­ша, балаларды қолдау орталығы жеткіншектерді оқшауламайды, керісінше қа­тарға қосуды мақсат етеді. Онда құқық бұзған, қылмыс жасаған 18 жас­қа дейінгі балалар бейімдеуден өтеді. 2015 жылдың аяғында ресми ашылып, 2016 жылдың басында балаларды қабылдай бастаған «Сыр ұландары» – Unicef-тің Еуро­­палық одақпен бірлесе жасаған жоба­­сының бірі. Орталық осыған дейін 86 баланы бейімдеп, қатарға қос­қан. Бұл – аталған халықаралық қор­дың апробациядан өткізген жобасы. Егер Қы­зылор­да қаласындағы осы орта­лық­­тың нәтижесі жоспардағыдай болса, Қа­зақстандағы барлық өңірден ашу қарас­тырылмақ. 

«Қиын балаларға психолог, әлеу­меттік қызметкер, түрлі секция мамандары қызмет көрсетеді. Осы ар­қы­лы біз балаға не ұнай­тынын анықтаймыз. Мәселен, баланың бойында агрессия бол­са, оны спортқа немесе ұяң, ұял­шақ келетіндерін түрлі концерттер ұйым­дастыруға бағыттайды. Онда­ғы жұмыс әдетте 3-6 айға созыла­ды», дейді үйлестіруші. Оның мәлі­ме­тін­ше, орталықта бейімделуден өткен бала­лардың оқу үлгерімі жоғары­лап, тәртібі түзелген. 

Unicef Білім және ғылым минис­трлі­гімен бірлесе ұйымдастырған жиында 2019 жылғы 1 сәуірде қа­был­­данған «Қазақстан Республи­ка­­­сының кейбір заңнамалық акті­ле­ріне баланың құқықтарын қор­ғау жө­ніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен бай­­ланысты мәселелер бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» Заңда көрсетілген оң өзгерістердің маңыз­дылығы талқы­лан­­ды. 

Балалар құқықтарын қорғау ко­ми­те­­тінің төрағасы Ержан Ерсайынов заңнамадағы осы өзгеріс­тер­дің заңмен бай­ланысқа түскен балалар құ­қық­­тарын қорғаудағы әсерін айтты. Оның айтуынша, аталған заң негізінде әзірленген стандарт жо­ба­сы бойынша Білім және ғылым минис­тр­лігі бала құқықтарын қорғау сала­сында әлеуметтік қызмет көрсету құзы­ретіне ие болды. Шетелдік және қазақ­­стандық сарапшылар стандарт жобасын бірлесіп әзірлеген. Мұнда әлеуметтік көмек көрсету заңы­на сәйкес бірнеше бағыттар, яғни қиындыққа тап болған бала­лар­ға әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психо­логиялық тұрғыда қолдау көр­сету қарастырылған. Комитет төраға­сының мәліметінше, елімізде кәме­лет­ке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық фактілері жылдан жылға азайып келеді. 2017 жылы 3134 қыл­мыс жасалса, 2018 жылы 2936-ға, яғни 6 пайызға азайған. 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіш бо­йынша 639 қылмыс тіркеліпті. Бұл 2018 жылдың дәл осы уақытындағы көрсеткіштен 12 пайызға төмен. «Бұл – ведомствоаралық жұмыстың нәтижесі. Бірлесіп істегенде ғана жұмыс өз жемісін береді. Мұнда білім беру, құқық қорғау, денсаулық сақтау орган­дарына қоса үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, ке­шен­ді жұмыс жүргізілуі керек. Салдар­мен емес, себеппен күресуді көз­дей­тін жаңа заң нормаларында медициналық-әлеуметтік есеп жүр­гізу қарастырылған. Осының негі­зін­де жергілікті атқарушы органдар қолай­сыз отбасыларды анықтап, медициналық, құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмек беру арқылы осы отбасылардан шыққан балалардың қылмыс жасауына жол бермеуге болады», дейді Е.Ерсайынов. 

Аталған жиында Unicef-пен тығыз қарым-қатынас орнатып отырған Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілі Йоханнес Стенбаек Мадсенді сөзге тарттық. Оның ойынша, қиын балаларды қатарға қосу мәселесі – адамзатқа ортақ іс. Қиын балалар әдетте проблемасы көп отбасынан шығады. Сонымен қатар қоғамнан оқшау жүретін ата-аналардың қарым-қатынасы да балалардың бойын­да жағымсыз қасиеттердің пайда болуы­на әсер етеді. Бұдан бөлек, ата-аналардың экономикалық жағдайының төмендігі де балаларды құқық бұзушылыққа итермелейтінін жеткізді. «Меніңше, бала өмірінде балалық достықты қалыптастырудың орны ерекше. Қазақстандағы негізгі мәселелердің бірі – әлеуметтендіру. Бірақ бұл балалардан емес, алдымен олардың ата-анасынан басталуы керек. Әрбір ата-ана баланың қоғамнан тыс қалмай, әлеуметтік ортадан оқ­шау­­ланбай, көптің ішінде өмір сүруі қажет­тігін ұмытпағаны абзал», дейді Мадсен мырза. Дегенмен халықаралық сарапшы қиын балалардың көбеюіне ата-аналардың ғана емес, қоғам мен ондағы құбылыстардың, айналадағы ақпараттың, тіпті көршілердің де әсері барын айтады. 

Қош, қиын баланың қайдан шыға­ты­ны күнделікті өмірден, тәжіри­беден белгілі болар. Мәселенің мәнісіне тереңдеу үшін себебін анықтап алған да жөн-ақ. Алайда, осыдан шығатын тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – «Қиын бала қайдан пайда болса да, алдымызда немесе ортамызда жүр, енді оны қалай қатарға қосамыз?» деген сұраққа жауап табу. «Сыр ұлан­дары» орта­лығында тәрбиеленіп шық­қан жас­өспірімнің өмірі туралы шағын видео­ро­лик көңілді күпті етеді. Ондағы кейіпкер достарына қосылып, телефон ұрлайды. Онысы жария болып қалғанда, үй ішіндегі ешкіммен сөйлеспей, сабаққа бармай қояды. Тек смартфонды шұқы­лап жата береді. Анасы алаңдап, ақы­рын­да осы орталыққа әкеліп тапсы­ра­ды. Орталық директоры Сәуле Маутанқызы қиын балаларды қатарға қосу оңай емес екенін айтады. Өйткені жұмыс тек баламен шектелмейді. «Біз осы апробацияның негізінде орта және жеңіл қылмыс жасаған балалармен жеке-жеке айналыстық. Оларды қоғам қылмыскер балалар деп қабылдайды, мектеп шеттетеді, әкесі ұрады, шешесі қылмысын күн сайын есіне салып, құлақ етін жейді. Ал біз оларды өмірдің қиын кезеңіне тап болған балалар деп атаймыз және істегенін сөз етпейміз. Екі көзқарас пен атаудың өзінде жер мен көктей айырмашылық бар, соның өзі балаларды бейімдейді. Әуелі баламен сырласамыз, сонан соң ата-анасымен ақылдасамыз, оларды баласымен бірге түзу жолға бағыттаймыз деген дұрыс шығар. Сыныптастарымен, достарымен, тіпті көрші-қолаңымен де тыңғылықты жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесінде балалар қатарға қосылды», дейді директор. Оның айтуынша, қиын балалармен тікелей жұмыс істеген мұндай орталық бұрын болмаған. Парламентте осы жобаның жемісі жөнінде баяндаған С.Маутанқызының сөзін Жоғарғы сот өкілі де: «Алғаш рет қылмысқа барған 12 баланы сот осы орталыққа жіберген. Соның тек 1-уі ғана қайта қылмыс жасады. Бұл – айтарлықтай нәтиже», деп растаған. Алайда, орталық директоры Unicef-тің сынақ ретінде жүргізген жоба мерзімінің аяқталып, қаржы әрі қарай қарастырылмағандықтан орталық жұмысының тоқтап тұрғанын жеткізді. «Мен – заңгермін. Құқық қорғау саласында қызмет еттім. Ешбір орындар қылмысқа барғандарды жеткілікті дәрежеде түзеп бермейді. Әсіресе балаларға, болашағы бар жасөспірімдерге осындай орталық аса қажет. Балалар бізді әлі күнге дейін іздеп келеді. Өз балаларымыздай болып кеткен. Алды үйленіп, немере сүйіп отырмыз. Қиын балаларды қатарға қосу қаншалықты қиын болғанымен, олардың қызығын көру соншалықты жүрекке жылылық ұялатады», дейді Сәуле Маутанқызы.

Үздік оқитын, дарынды, қабілетті, озат оқушылармен, тілалғыш балалармен кез келген маман жұмыс істегісі келетіні анық. Ал сүрінгенді сүйеп, құлағанды тіреп, бұзылғанын түзеп жіберуге екінің бірі тәуекел ете бермейді. Ерекше балалардың сырласына айналған әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың еңбегі ерен-ақ. Тек сондай мамандар мен талай қиын баланы қатарға қосқан орталықтың жұмыс істеуіне жағдай жасалса дейсің.