Экономика • 14 Мамыр, 2019

Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру – уақыт талабы

1600 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның агро­өнеркәсіп кешенін да­мытудың басты мін­деттерінің бірі – цифрландыру. Елбасы Н.Назарбаевтың ке­зекті Жолдауында аграр­лық секторды жаңа тех­нологиялық деңгейге көтеру, өсімдікті қорғау құралдары мен минералды тыңайтқыштарды енгізудің озық жүйе­леріне, цифрлық техно­логияға өтудің қажеттігі атап өтілген болатын.

Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру – уақыт талабы
Мәселенің кілті ғалымдардың қолында 

Өсімдік шаруашылығында пайдасы аз, суды көп сіңіретін дақылдарды өсіруді қысқарту, оның орнын көкөніс, майлы және жемшөп өнім­дерімен алмастыру рет-реті­мен жүргізілуі тиіс. Сол үшін қуаңшылық аймақтарда то­пы­рақ танаптарын нөлдік өң­деудің заманауи технология­ларын және басқа да инновациялар қолданысын кеңей­ту, агрохимикаттарды тиімді пай­­далану бойынша шаралар кеше­ні нақтыланған. Қазақ­стан­ның 2030 жылға дейін «жасыл» экономиканы дамыту тұжы­рым­­дамасына сәй­кес, егіс­тік ал­­қап­тарының 15%-ы ыл­ғал үнем­­дейтін техноло­гиялар­мен қамтылады. Ғылыми-техни­калық бағдарламалар ғылым мен бизнестің тығыз ын­­ты­мақ­тас­тығын, ауыл­ша­руа­шылық тауар өндіру­ші­ле­рдің ғылыми иннова­ция­лар­ға сұранысын, еңбек өнім­­ді­­лі­гін және отан­дық өнер­кәсіптің ғылыми-тех­ни­ка­лық деңгейін арттыру мақ­сатын­да басқа елдер­ден про­грессивті идеялар транс­фертін қарастырады. 

Жалпы, еліміздегі аграрлық саясаттың басты мақсаты – өңделген өнімді экспорттауды күшейту, еңбек өнімділігін арттыру. Бұл үшін қолданысқа енгізілетін «ақылды технология­лар» агроөндірістік кешеннің дамуына серпін беруі керек. Алайда, технологиялар транс­фертімен айналысатын аграр­лық ғылымды дамытпайынша, оны жүзеге асыру мүмкін емес деуге болады. 

Жаңа технологиялар дәстүрлі саланы өзгертеді

Аграрлық ғылымы дамы­ған шет мемлекеттердің тәжі­ри­бесіне көз жүгіртіп көре­йік. АҚШ, Еуропа, Канада, Аустра­­лия, Қытай сынды елдердің озық ғылыми жетістіктерді қолданып келе жатқаны белгілі. Әсіресе соңғы 20 жылдағы және таяу болашақтағы даму бағыттарының бірі – дәлме-дәл егіншілік. Дамыған елдердің тәжірибелері көрсеткендей, ғасырлар бойы бекіген дәстүрлі саланы цифрлы технологиялар түбегейлі өзгертті. Түрлі ақпарат көздерінен алынатын мәліметтер мен заманауи геоақ­парат жүйелері ресурстарды саналы түрде пайдаланып, топырақты тоздырмай жоғары өнім алуға ықпал етуде. 

Қазір өндіріс жағдайында интернет арқылы қашықтық­тан басқарылатын автоматтан­дырылған фермаларды құру­ға мүмкіндік бар. Логистиканың дамыған жүйесі мен электронды сауда шағын фермерлік шаруа­шылықтардан тұтыну­шыға дейін өнімді сапасын бұзбай жет­­кізуге, сол арқылы өзіндік құ­­нын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл ұлт саулығы, экспорт­тық әле­уетті жүзеге асыру тұр­­­ғы­­сы­нан да экологиялық таза өнім өндірісін сақтау мен да­мыту­дың маңызды факторы саналады. 

Ерекше атап өтерлік мәселе, ғылыми зерттеулер үде­рісін жеделдетіп, оның нәти­желілігін арттыру барысын­да топырақ құрамы, климат­тық жағдайлары арқылы алын­ған нәтижелер отандық тың әзір­лемелер мен үздік шетел­дік технологияларға негіз болу­ы тиіс. Бұл бағытта Солтүс­тік Қазақстан өңірінің топы­рақ-климаттық жағдайы түр­лі да­қыл­дың өнімділігін тұ­рақ­тан­дыру факторы болып отыр. Дақыл өнімділігінің атмос­фералық жауын-шашын мөлшеріне тәуелділігін төмен­дету үшін өсіру технологияларын қарқындату қажет. 

А.И.Бараев атындағы орта­лықта жүргізілген зерттеулер қуаңшылық басым өңірлерде өсімдік шаруашылығы ең алдымен ауа райы жағдайлары­на және өсірудің заманауи жүйелерін игеру мәселелеріне, өндірілген өнімге қойылатын бағаның өзгергіштігіне және бір ғана дақыл жаздық бидай өндірісінің басымдылығына байланыс­ты екенін көрсете­ді. Қазақстанның астықты аймақтарындағы танаптарында әлі күнге дейін жаздық бидай өсіру кеңінен таралған. Ауыл шаруашылығы министрлігі­нің дерегінше, былтыр Ақмола облысында жаздық бидайдың үлесі өңделген жерлерде 78%-ды құрапты. 

Әртараптандыруға жол ашылады

Ауыспалы егіс зертханасында жүргізілген көп жылғы деректер мен өндірістік тәжі­ри­бенің нәтижесі бойын­ша егін­шіліктің дәстүрлі жүйесі ішкі және сыртқы нарық­тағы фермерлердің бәсекеге қабілет­тігін арттырмайды, керісінше топырақ құнарының біртіндеп нашарлауы мен сарқылуына соқтырады. Сондықтан институт ғалымдарының көп жылғы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Солтүстік Қазақ­стан­дағы қуаңшылыққа ар­налған егіншіліктің өнімді ауыс­палы егіс жүйесінің негізгі ұс­танымдары әзірленді. Бұл қағи­да арқылы ауыспалы егіс­тік танаптарында өсіріліп жат­қан ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру қажет.

Мысалы, еліміздің солтүс­тік, солтүстік-шығыс аймақ­тары­ның табиғи-климат жағ­дайлары дәнді, майлы және жарма да­қыл­­дарын өсіру үшін өте қо­лай­­лы, оның өнімі де әлемдік на­рық­та жоғары сұранысқа ие екені белгілі. Оған қоса соң­ғы жылдары жемазықтық да­қыл­­дарға (арпа, сұлы), май­лы да­қыл­­дарға (майлы зығыр, жаз­дық рапс, ақ қыша, күн­бағыс), дән­ді-бұршақты дақыл­дарға (жа­сы­мық, ноқат, асбұр­шақ, соя) және тағы басқа да­қыл­дар­дың экс­портын арттыру үшін қо­лай­лы нарықтық жағдай қалыптасқан. 

Енді дәлме-дәл егіншілік ар­­қы­лы егілген егін­ді жинауға арналған оң­тай­­лы уақыт­ты болжау технология­лары, «ақылды суару», зиянкес­термен, арам­шөптер­мен күре­су және мине­ралды тыңайт­қыштарды ен­гізудің дифференциалды жүйе­лерін және қазіргі заманғы жаңа ауыл шаруа­шылығы техникаларын қолдану арқылы ең­бек өнімділігінің бірнеше есе артуын қамтамасыз етуге болады. Пилотсыз техника адам­ның қатысу факторын азайта отырып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмен­детуге мүмкіндік береді. Одан қалды, жергілікті жағ­дайлар­ға бейімделген ақпарат­тық технологиялар пайдалану, егін­шілік­тің қор үнем­дегіш, тікелей себу және өсіру тех­нологияларының эле­мент­терін өндірістік жүйеге бірік­­тіру танаптарда жыл сайын болатын эрозиялық үдерістерді қыс­қартады және жауын-шашынды пайдаланудың тиімділігі артады.

Қазіргі таңда елімізде цифр­лы технологиялардың игілігін көріп отырған өн­діру­шілердің үлесі көп емес. Оған қоса ауыл­шаруа­шылық жерлері тиімсіз пайдаланылады. Ал цифр­лы тех­нологиялардың көмегі­мен ауыл шаруашылығын түрлен­дірудің үлкен мүмкіндігі бар. Цифрландыру бағдарламасын қолдана отырып, аграрлық сек­торды дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, ел эко­­но­микасының драйверіне айнал­дыруға әлеуетіміз жеткі­лікті. 

Қорыта келе, ауыл шаруа­шылы­ғын цифрландыру бағ­дар­­лама­сының жүзеге асырылып жатқан шараларының негізгі бағыттары астықтың түсімі мен еңбек өнімділігін арт­ты­руға, өнімнің өзіндік құ­ны­ның төмендеуіне ықпал етуі тиіс. Елімізде азық-түлік қауіп­сіз­дігінің сақталуы, кли­мат­тық жағдайлардың бұзыл­мауы, топырақ қабатының тозбауы жайлы және басқасы­на қатысты деректердің қол­жетімді болуы цифрлы технологияларды аграрлық сектор­ға біртіндеп енгізу арқылы жүргізіледі. 


Алдаберген АЛДАОҢҒАРҰЛЫ,

A.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы зертханасының меңгерушісі