Қоғам • 14 Мамыр, 2019

Киік төлдеп, құралайын өргізген

9293 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ ұғымында «Құралайдың салқыны» деген сөз бар. Бүгінгі таңда оның сирек қолданылып, ұғымы да көмескіленіп бара жатқаны өтірік емес. Қырдағы қариялардың аузынан оқтын-оқтын естіп қалып жататынымыз болмаса, қаладағы жұрттың көбі оны әлдеқашан ұмытқан. Құралай басталғанда қасиетті жануар да төлдеуді бастайды екен. Киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны», «құралайдың суығы», «киіктің лақ өргізбесі» деп атап кеткен.

Киік төлдеп, құралайын  өргізген
Расында, мамырдың орта тұсында қалың киімінен жеңіл­деп, жылымық ауаға бой үй­ре­те бастаған жұртты бір тоң­дыратын қоңыр салқын күндерді «Құралайдың салқыны» деп атау­дың өз мәні бар. Биылғы көктем ерте келді ме қалай, «Құралайдың суығы» басталғандай күн райы бұзы­лып, екі-үш күн бойы нөсерлі жаңбыр төгіп тұрды. Суық ызғар да байқалатындай. 

Осы күндері облыстық «Орал өңірі» газетінің фототілшісі Темір­­болат Тоқмамбетов іссапар­мен ауда­нымызға келген болатын. Темір­болат екеуміз де киіктердің төл­деу науқанынан қамсыз, хабар­сыз қалмайық деп жануарлар дүниесін қорғап жүрген «Охот­зоопром» мекемесінің Батыс Қа­зақ­стан облысы филиалы бас­шы­сының уақытша міндетін ат­­қарушы Қуаныш Әлімқұловпен хабарласып, кездестік. Қуаныш Алпысбайұлы Қазталов ауданы ­аумағында жұмыс сапары­мен­ жүр екен. Оның айтуынша, ақбөкендер төлдеуді бас­тап жатыр. Жануарлардың тыныш­тығын қорғау үшін 24 инспектор­дан құралған 4 топ жұмыс ат­қа­рып жатқанын жеткізді. Ол рация арқылы инспектор Сы­рым Орын­ғалиевтің тобымен бай­ланысқа шығып, бізді киік төл­деп жатқан жерге апаруды тапсырды. Айтқандай, жол талғамайтын ар­найы көліктері бар жігіттер бізді киіктердің жаппай төлдеп жатқан тұсына еш қиындықсыз жеткізді. Алдымыздан көк бояуға малынған даланың әдемі суреттері шыға кел­месі бар ма. Әттең, көзің тоймайды ғой. Сол көк шалғынның ортасында ақбөкендер теңіздің толқынында жүзгендей жайылып жүр...

Фотоаппаратымызды даланың еркесіне бағыттап, түсіруді бас­тап та кеттік. Алдымызда сансыз киік жайылып жүргенімен көлі­­­­гіміз жақындаған сайын олар жет­кізер емес.Тек арнайы алыс­­ты жақындататын фотоаппа­рат объек­тиві арқылы сұлу мүсінін түсірдік. Көліктің рөлінде отыр­ған топ жетекшісі, жануарлар дүние­сін қоғау инспекторы Сырым Орынғалиевті әңгімеге тарттық.

– Ақбөкендердің төлдеу науқаны басталып жатыр. Биыл киіктер Қазталов ауданына қарас­ты Мешеркөл мен Алтайсай аума­ғын­да төлдеп, құралайларын өргі­зіп жатыр. Бұл аумақта шамамен 50 мыңдай киік аналығы төлдеуде. Жақында біздің Орал популяциясына жататын киіктердің санағы алынған болатын. Былтыр киік саны 135 мыңға жетсе, санақ жұ­­мыс­тары аяқталғаннан кейін биылғы өсімді анықтайтын боламыз. Ақбөкендердің ерекшелігі, төлдері анасын еміп, екі сағаттан кейін шауып кете береді. Тағы бір қызығы, аналары бір-бірінің төлін емізе береді. Бұл көп жануарларда кездеспейтін жағдай. Киіктер төлдейтін уақытта түз та­ғы­ларының тістері босап, қара­құс­тар жұмыртқа басады. Яғни төлдеріне жыртқыштар тарапы­нан қауіп болмайды. Әзірге қас­көйлердің де қимылдары бай­қалып жатқан жоқ. Науқан қа­лыпты өтіп жатқанына толық негіз бар деуге болады, – деді инс­пектор.

Осы кезде әңгімемізді рация үні бөліп жіберді. Топ құрамындағы инспекторлар далада киіктің бір сағат шамасында туған төлдерін тапқанын хабарлады. Көлігімізді сол бағытқа бұрдық. Межелі же­рі­­­­мізге жет­ке­­­­німізде көк шөп­тің үстінде жат­қан, көздері мөл­діреген, әлсіз талпынған қос лақ­ты көрдік. Құралайдың көзіне қара­саң адам баласын баурап алар сұлулық байқалатындай... Өз басым құ­­ралайды бірінші рет көруім. Мұн­дай сәт бола бермейді ғой. Ал кеп суретке түстік. Осы кезде көз алдыма табиғатты қорғау инспек­торы Ерлан Нұрғалиевтің құралайды аспандата ұстаған су­реті келді. Амал қанша, осы бір да­ла еркесін қорғаймын деп жүріп атпалдай азаматтың өмірі қиылды ғой. Иә, осында азаматтардың ақбөкендерді қорғаудағы еңбегі өлшеусіз-ақ. 

Сырым бастаған қорықшылар тобына алғысымызды айтып, қош­тастық.

Қайрат ЖАҚЫП

Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы