Президент • 15 Мамыр, 2019

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды

1516 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының қатпарлы қазақ тарихында алатын орны ерекше. Тағдыр талайында еріксіз бодандықтың қамытын киген, қол-аяғы бұғауда болған қазақ өктемшіл империя үшін «бұратана, «киргиз-кайсак» аталып келген еді. Ел астанасы Орынбордан Ақмешіт – Қызылордаға ауысқанда, Алаш ардақтылары нақ осы аймақта 1925 жылы халыққа қазақ атауын қайтарып берген болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сыр – қазақтың анасы» деген қанатты сөзін мұндағы жұрт қастер тұтады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды

Қазақстан Президенті жұмыс сапары ба­ры­сында әуелі облыстық көпсалалы ба­лалар ауруханасына барды. Бүгінде елі­міз бал­алар денсаулығына ерекше мән беріп отыр. Тағдыр жазуы­мен төсекк­е таңылған, ақыл-ой, дене да­муын­да ауытқуы бар балалар мем­лекет қамқорлығынан тыс қалмақ емес. 2017 жылы пайдалануға берілген көп­бейінді аурухана соның бір айғағы. Ауру­ханада 11 бөлім, 5 операциялық блок, реа­ни­мациялық және анестезияға арнал­ған бөлімдер бар. Сондай-ақ мұнда кеңес беру-диагностикалық бөлімі жұ­мыс істейді. Аурухана заманауи ме­ди­циналық құрал-жабдықтармен то­лық қамтылған. Мамандар шетелдік клиникаларда біліктілігін арттырған. 500 адам қызмет етеді.

Облыстық аурухананың бас дәрігері Зоя Көшенова Мемлекет басшысына осындағы жағдайды баяндап берді. Жоғары медициналық құрал-жабдық­тар жетіспеген бұрынғы кездері қызылор­далық балалар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына жолдамамен барып ем­деледі екен. Қазір дәрігерлік көмек қол­жетімді, медициналық қондырғылар халықаралық стандарттарға негізделген. Көпсалалы балалар ауруханасы күрделі операциялар болмаса, барлық ем-домды өздері жасайды.

Қ.Тоқаев балалар ауруxанасы­ның меди­циналық қызмет көрсететін кабинет­терін аралап көріп, дәрі­гер­лермен әңгі­ме­лесті. Еркін әңгі­мелесу барысын­да Қа­зақ­стан Президенті бала денсаулы­ғын жақсарту ісі мемлекеттің маңызды міндет­терінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыт­тағы жұмыстар жан­дана түсетінін айтты.

– Сіздердің күн­делік­ті жұмыстары­ңыздың оңай емес екенін жақсы білемін. Бала­ларды емдеп, халықтың алғысына бөленіп жүрсіз­дер. Еңбектеріңіз елене берсін! – деген.

Қасым-Жомарт Кемелұлы медицина мекемесі ұжымының жұмы­сына табыс тіледі.

Мемлекет басшысы бұдан кейін «Жан Арай» күріш өсіру ісіне ма­ман­дан­дырылған агроиндустрия ке­шенінде болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Серіктестік күріш өндірісімен және күріш дақылын халықаралық стандарт талаптарына сәйкес өңдеумен айналысады. Сондай-ақ жем дайындайды.

«Жан-Арай» ЖШС-нің күріш өң­деу және құрамажем зауыттары тәулі­гіне 150 тонна күріш, 170 тонна ұн өң­дейді. Тәулігіне 80 тонна жем өн­діре­ді. Кәсіп­орында 300-ге жуық адам еңбек етеді.

Қ.Тоқаев серіктестікте ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өндірушілермен жүз­десіп, пікір алысты. Қазақстан Прези­денті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен әңгіме кезінде бұл саланы өркендетудің бас­ты бағыттарын атап көрсетті.

– Ауыл шаруашылығы – әлеуеті өте зор, стра­тегиялық маңызды сала. Бұл сала­дағы мәселелерді жақсы білеміз. Мемлекет оларды шешудің бар­лық мүмкіндігін қарастырады, – деді Мем­лекет басшысы.

Облыстың ауыл шаруашылығы өндірісі кешеніндегі экспортталатын өнімдер түрі соңғы 6 жылда 3-тен 15-ке дейін артты. Ал 2018 жылдың қорытын­дысы бойынша экспорттың 97%-ы қайта өңделген өнім үлесіне тиесілі. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін «Агрокарта» әзірленді. Оның мақсаты – экспорттың өсуін және өзіндік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қала­сы­ның сол жағалауының құры­лы­сын көрді. Мұнда облыс әкі­мі Қырым­бек Көшербаев сол жаға­лау құ­рылысының Қазақ­стан Үкімет бекіткен бас жос­парын таныс­тырды. Сол жаға­лаудағы жаңа қаланың жалпы аумағы 1532 гектарды құрап отыр. «Бүгінде Қызылордада 280 мыңға жуық адам тұрады. 2025 жылға қарай халық саны 350 мыңға жетеді деп күтіп отырмыз. Яғни, тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қосымша аумақтар қажеттілігі туады», деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы қазіргі уа­қыт­та сол жағалауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ая­­сында үстіміздегі жылдың бірін­­ші жартысында пайдалануға берілуі жоспарланған 460 пәтер­лік 8 тұрғын үйдің құрылысы аяқ­талуға жақын екенін айтты. Бұдан басқа, әлеуметтік және ком­мер­ция­лық сипаттағы 1190 пәтер­­лік қосымша 28 тұрғын үй­дің құры­лысы басталған. Жалпы, сол жаға­лаудағы 3 тұр­ғын үй ауданын­да үстіміздегі жылы 2340 пә­тер­лік 50 тұрғын үй салы­нады. Оның ішінде 431 пәтер аз қам­тылған көп балалы отба­сы­ларға беріледі.

Қаланың жаңа бөлігінде мем­лекет-жекеменшік әріптестігі тетігі бойынша 320 орындық бала­бақша салынды. Сондай-ақ жеке құрылыс салушылардың қа­ра­жаты есебінен 14 көпқабат­ты тұрғын үй бой көтерді, «Бола­шақ» университеті кампусының құры­лысы аяқталуда. 2019-2020 жылдары емханасы бар көпбейінді аурухана, отбасылық медицина орталығы, жатақханасы бар физика-математика мектебі, жеке мектеп және тағы басқа нысандар салу жоспарланып отыр.

Қазақстан Президенті келесі кезекте Қызылорда облысындағы өңірлік «Рухани жаңғыру» орта­лығында болды. Мемлекет басшысына орталықтың негізгі қыз­меті жөнінде мәлімет берілді. Жер­гілікті бюджет есебінен бой көтер­ген бұл орталық «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сияқты бағыттар бойынша жұ­мыс істейді. Ғимаратта Қызылорда қаласының тарихына арналған мұражай орналасқан. Қ.Тоқаев мұражай экспозициясымен танысты.

Сол жағалаудағы тағы бір маңызды нысан – мамыр айының басында пайдалануға берілген тәулік бойы жұмыс істейтін Жас­тар орталығы. Орталықта ша­ғын және орта бизнес, тұрғын үй, жұ­мыспен қамту, денсаулық сақ­тау мәселелері, мемлекеттік бағдар­ламаларға қатысу мүмкіндіктері туралы кеңес беру кабинеттері мен психолог, әдістемелік және ме­ди­циналық кеңес беру каби­нет­тері, сондай-ақ «Жас сарбаз» әскери-патриоттық орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар интернет-кітапхана, антикафе, IT-парк, конференц-зал және жат­т­ығу залы бар. Орталықтың жал­­пы ауданы – 3870 шаршы метр, ол ауысымына 670 келу­шіге есептелген, мұнда 32 маман жұмыс істейді.

Президент орталықтың қыз­меті­мен танысып, аймақ жастары­мен кездесті. Санкт-Петер­бург мемлекеттік өнеркәсіп­тік тех­нологиялар және дизайн уни­вер­­ситетінің түлегі Жазира Сма­йылова жас ұрпаққа жасалып жатқан қамқорлық мен қолдау үшін алғысын білдірді. Облыста 2014 жылдан бастап аймақ бас­шылығының бастамасымен қы­зыл­­ордалық мектеп түлектері Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім алу мүм­кін­дігіне ие болған еді. 2018 жы­лы 32 түлек оқуын тәмамдап, аймақ кәсіпорындарына жұмыс­қа орналастырылды. 2019 жылы тағы 132 білім алушы оқуын аяқтайды деп күтіліп отыр. Бар­лығы 520 сырбойылық жас Ресей­дің озық инженерлік жоғары оқу орындарында білім алуда.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қызылорда облысының құрылыс саласындағы көрсеткіші жоғары екенін атап өтіп, шаһардың өр­кен­деп келе жатқанына тоқ­талды.

– Қала құрылысына осы сала­дағы үздік тәжірибелерді қолдану керек. Жаңа теxнология мен құ­ры­­лыс материалдарын пайдала­нып, «Ақылды қала» (Smart City) жүйесінің компоненттерін бел­сен­ді түрде енгізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Президент Қ.Тоқаев бұдан кейін «Сұлтан Плаза» қонақүйін­де Қызылорда облысының жұрт­шы­лығы­мен кездесті. Кез­десуге 400-ден астам қызылор­далық қатысты.

Мемлекет басшысы аймақ­тар­дан түсіп жатқан ұсыныс­тарды ескере отырып, өңір­лер­ді дамытуға бағытталған ар­найы кешенді мемлекеттік бағ­дарламаның іске қосылатынын айтты. Сондай-ақ Қазақстан Пре­з­иденті осы мақсат-міндет­тер­ді жүзеге асыру үшін облыс бас­шылығы шешуі тиіс бірқатар мәселеге тоқталды.

– Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті! Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алу керек, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы шетел компанияларында жұмыс істей­тін отандастарымыздың мүдде­лерін қорғаудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар об­лыстың әлеуметтік саладағы жетіс­тіктеріне тоқталды.

– Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көр­сету үшін облыста Әлеумет­тік жол картасы іске қосылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­масының аясында білім, ден­сау­лық сақтау, мәдениет, жол құры­лысы салаларында құны 1,7 мил­лиард теңге болатын 60 жоба жоспарланған. Облыс әкіміне соларды уақтылы әрі тиімді жүзе­ге асыруды тапсырамын, – деді Қазақ­стан Президенті.

Қ.Тоқаев дамудың жаңа драй­верлерін қалыптастыру қа­жет екенін айтып, қуатты эконо­ми­каға қол жеткізудің маңыз­дылы­ғын атап өтті.

– Индустрияландыру саясаты өзінің жемісін берді. Бұл бағыт одан әрі жалғасады. 2013 жылдан бері Қызылорда облысында өңдеуші өнеркәсіп саласы екі есе өсті. Ірі цемент зауыты іске қосы­л­ды. «Шалқия» кен орнында қуат­ты комбинаттың құрылысы бас­талды. Бұдан бөлек, облыс­тағы шыны зауытының құры­лысын аяқтау қажет. «Бәйтерек» холдингі мен облыс әкімдігіне зауытты іске қосып, Қазақстанның алғашқы шынысын шығаруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ауыл­дар­дың өсіп-өркендеуі агро­сек­тордың ілгерілеуіне септі­­гін тигізетінін айтып, Қызыл­орда облысының ауыл шаруашы­лы­ғын­дағы әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды.

– Суармалы жерлерде су тап­шы­лығы бар. Сондықтан жа­ңа су қоймаларын салу қажет. Үкі­мет облыс әкімдігімен бірге атал­ған мәселені шешу үшін ма­ған нақты жұмыс жоспарын ұсын­сын. Бүкіл ел бойынша ауыл инфрақұрылымын жаңғыртатын кез келді. Жергілікті жолдардың, су құбырларының, электр желі­лері­нің, мәдени-спорт кешен­дері­нің бәрі жаңаруы қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қазақстан Президенті өңір­дегі экологиялық проблемаларға, соның ішінде, Арал проблемасына, айналасына зиянын тигізіп отырған мұнай-газ және уран қалдықтарына назар аударды.

– Экология – қызылордалық­тарды толғандыратын мәселенің бірі. Халық Арал тағдырына алаң­дайды. Елбасының бастамасы бойынша «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің сол­түстік бөлігін сақтап қалу» жоба­сы іске асырылуда. Осы жо­ба­ның және Көкарал бөгетінің ар­қа­сында Кіші Аралдағы су қал­­пына келді. Бұл балық шаруа­шы­лы­ғын жандандыруға септігін тигіз­ді. Тағы бір маңызды мәселе – бү­гінде тұрғындарды мұнай-газ бен уран­ның зиянды қалдықтары алаң­­датып отыр. Өңірдегі кәсіп­орын­дарға жаңа технологиялар ен­гізіп, эко­ло­гиялық қауіп­сіз­дікті ха­лық­аралық стандарт­тарға сай ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев Байқоңырды Қазақ­станның ғарыш саласының негізі ретінде атап өтіп, бұл кешен об­лыс­қа жоғары технологияларды да­мы­туға мүмкіндік беретінін айтты.

– Біздің мақсат – ғарыш технологияларын Отанымыздың, хал­қымыздың мүддесі үшін қол­дану. Байқоңыр қаласының ин­фрақұрылымын жаңғырту жұ­мысы жалғасуда. Мұнда 30 жыл ішінде алғаш рет көпқабатты үй­лер және медициналық орта­лық салынды. Бес мектеп Қазақ­станның білім стандартына көш­ті. Қазір әлемде инвесторлар ғарыш стартаптарына кең қолдау көр­сетуде. Біз де Байқоңырдың әлеуетін тиімді пайдаланып, бұл үрді­стен шет қалмауымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Қызылорда өңірі­нің жұртшылығы атынан ардагерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, спортшылар сөз сөйлеп, өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Соңында Мемлекет басшысы xалықтың әл-ауқатына қатысты мәселелердің барлығы жеке өзі­нің бақылауында болатынын айтып, жиынға қатысушыларды Қы­зылорда өлкесін дамудың жаңа деңгейіне шығару үшін ат­са­лысуға шақырды.

Қазақстан Президенті еліміз­дің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Сыр маржаны» ЖШС директоры М.Өтеевті, көпсалалы бала­лар ауруханасының дәрігері А.Шү­ленбаевты, Қызылорда қала­лық мәслихатының депута­ты, Қы­зылорда облысы­­ның құры­лыс­шылар қауымдас­тығы­ның жетек­шісі Қ.Ерназаров­ты, даңқты спорт­шы, мәнерлеп сырғанаудан халық­аралық дәрежедегі спорт ше­бері Э.Тұрсынбаеваны және «Нар­­тай өнер мектебі» ком­му­нал­дық мемлекеттік қазына­лық кәсіп­­ор­ны­ның директоры М.Бек­пейісовті алғыс хаттармен марапаттады.

Президент Қ.Тоқаев Қорқыт ата мемориалдық ке­шені­не де барып, музейдің жаңар­тыл­ған экспонаттарымен таныс­ты. Қызылорда облысының Қар­мақшы ауданында 1980-жылдары Түркі әлеміне ортақ рухани ұс­таз Қорқыт атаның құрметіне ме­мориалдық кешен салынған. 2014 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен кешенге қайта жаң­ғыр­ту жұмыстары жүргізіліп, қо­сым­ша зиярат ету нысаны тұр­ғызылған болатын.

Сапарының соңында Қ.Тоқаев Байқоңыр қаласына барып шаһар­дың даму барысымен танысты. Қазақстан Президентіне қаланың қазіргі аxуалы мен әлеу­меттік-экономикалық даму барысы және оның негізгі көрсет­кіштері баяндалды.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары – Президенттің «Байқоңыр» кешеніндегі арнау­лы өкілі Б.Намаев қаладағы тұр­ғын үй салу, газбен және сумен қам­тамасыз ету жүйелерін жаңар­ту жөніндегі жобалардың іске асы­рылып жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Байқоңыр» арнайы эконо­микалық аймағын құру жөніндегі тұжырымдамамен танысты.

 

Қызылорда облысы