Ішкі жалпы өнім 4 пайызға өсті
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қаңтар-сәуір айларында ІЖӨ өсімі 4 пайызға жетіп, қаңтар-наурыздағы (3,8 пайыз) көрсеткішке қарағанда өсе түсуіне өңдеу өнеркәсібіндегі, қызметтер саласындағы жеделдеу, сондай-ақ құрылыс пен ауыл шаруашылығындағы тұрақты қарқынның нәтижесінде қол жеткенін айтып өтті. Инвестициялар көлемі 6,7 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығында, құрылыста және өнеркәсіпте инвестициялар келуі жақсара түскен.
– Өңдеу өнеркәсібінде өсуге бағытталған тренд сақталып отыр. 4 айда шығарылым 3,5 пайызға дейін ұлғайды. І тоқсанда өсу 1,6 пайызды құраған болатын. Өңдеу қарқынының артуына мұнайды қайта өңдеудегі, машина жасаудағы, сусындар өндірудегі өсудің үдеуі әсер етті, – деді Р.Дәленов.
Оның айтуынша, құрылыс саласындағы серпін сақталып, жұмыс көлемі 8,4 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын ұстап тұр. Өндіріс көлемі 3,6 пайызға артқан. Бұл мал шаруашылығының 3,7 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Ал өсімдік шаруашылығы өткен жылғы деңгейде сақталды. Сонымен қатар өсудің жеделдеуі қызмет көрсету саласында байқалады.
– Әсіресе сауда саласы өсудің алдыңғы қатарында (7,3 пайыз). Бұл негізінен автокөлік құралдарын, автобөлшектерді, мұнай өнімдерін және жанар-жағармай сатудың артуымен байланысты, – деді Ұлттық экономика министрі.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев инфляция белгіленген мақсатты дәліз 4-6 пайыз шегінде сақталғанын айтты. Жыл басынан бері көрсеткіш 1,8 пайызды құрады. Сәуірде айлық инфляция 0,5 пайыз болған еді. Теңге жыл басынан бері 1 пайызға нығайды.
Салалық бағыттар бойынша көрсеткіштердің төмендеу себептері және оң қарқынға қол жеткізу үшін жасалып жатқан жұмыстарды қарау барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Болат Сұлтанов баяндама жасады. Р.Скляр мәлімдегендей, жылдың соңына дейін көмір өндіру, қара металлургия, темір кенін өндіру көлемі бойынша жағдай ретке келтіріледі. Энергетика бірінші вице-министрі М. Досмұхамбетов биылғы төрт айда мұнай өндіру көлемі 29,5 млн тоннаны құрағанын, бұл жоспарға сәйкес екенін айтты.
Бюджет түсімдері артығымен орындалды
2019 жылғы 4 айдағы республикалық бюджеттің орындалуы туралы баяндаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке түсімдер 3 трлн 993 млрд теңгені құрады. Шығыстар – 4 трлн 128 млрд теңге. 1 мамырдағы жағдай бойынша 316 млрд теңге көлемінде бюджеттік қаражат қалдықтары қалыптасты.
Республикалық бюджетке 2 127 млрд теңге түсті. Бұл жоспардан 19 млрд теңгеге, ал былтырғы төрт айдың көрсеткішінен 345 млрд теңгеге артық. Өсу қарқыны 119,4 пайызды құрады.
– Жергілікті бюджеттердің кірістері 91 млрд теңгеге артығымен орындалып, 761 млрд теңгені құрады. Асыра орындалған жалпы соманың 74 млрд теңгесі жергілікті салықтарға тиесілі. Мемлекеттік бюджет шығыстары – 97,8 пайызға, республикалық бюджет шығыстары – 98,3 пайызға және жергілікті бюджеттер 98 пайызға атқарылды, – деді Ә.Смайылов.
Қаржы министрі атап өткендей, ағымдағы жылы өңірлерге бөлінетін мақсатты трансферттер көлемі 1 638 млрд теңгені құрайды. Бюджетті нақтылау кезінде мақсатты трансферттердің сомасы 873 млрд теңгеге ұлғайтылды. Олар азаматтық қызметшілердің, оның ішінде мұғалімдердің, медицина, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын өсіруге, көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек шараларын күшейтуге, оларға тұрғын үй салуға, «Ауыл – ел бесігі», «Жас маман» жобаларын іске асыруға бағытталды.
Ә.Смайылов сонымен қатар Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 125 нысан сатылуы тиіс. Есепті кезеңде 83 нысан сатылуға қойылды. Оның ішінде 31 млрд теңгеге 25 нысан сатылды, 58 нысан сатылу барысында.
Үкімет басшысы А.Мамин Ұлттық банк төрағасының, Ұлттық экономика, Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлерінің, облыс әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, экономика өсімінің оң қарқыны сақталғанын атап өтті.
– Осы қарқынды сақтап қана қоймай, экономиканы одан әрі дамытуға қажетті шараларды да қабылдау керек, – деп тапсырды Премьер-Министр.
Негізгі базалық көрсеткіштер бойынша экономика өсіміне Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Атырау облыстарында қол жеткізілген. Өз кезегінде Маңғыстау, Ақмола облыстарының және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне Үкімет басшысы құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғын үйді пайдалануға беру көлемдерін арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Төмендеуге жол берілген өңірлердің әкімдіктері жоспарлы көрсеткіштерге шығуы қажет, ал көш бастап тұрған өңірлер қолда бар қарқынды төмендетпеуі керек, – деді А.Мамин.
Осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 2,1 трлн теңге кіріс кіріп, өсім қарқыны 119,4 пайызды құрады. Есепті кезеңде республикалық бюджетті игеру – 98,3 пайыз. А.Мамин бірқатар бағдарлама әкімшілерінде бюджеттің толық орындалмауына байланысты жұмысты күшейтіп, бюджет қаражатын уақтылы игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.
– Қолда бар қорларды тиімді пайдалану қажет. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму және басқа да салалық мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі толық іске асырылуын қамтамасыз ету қажет, бұл экономиканы дамытуға елеулі серпін береді, – деді А.Мамин.
Электронды сауда дамып келеді
Үкімет отырысында электронды сауданы дамыту мәселелері де қаралды.
Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов электронды сауданың әлемдік нарығын дамыту, болжамдар, сондай-ақ Қазақстанда электронды сауданы дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. 2018 жылдың қорытындылары бойынша елімізде онлайн-сауда нарығының көлемі 1,5 есеге өсіп, 269 млрд теңгені құрапты. Электронды сауданың үлесі 2,9 пайызға тең. Электронды саудадағы белсенді сатып алушылардың саны 2 есеге артып, 2,3 млн адамға жеткен. Нарықта 1700-ден астам дербес интернет-дүкен жұмыс істейді, 1 млн-нан астам ШОБ нысанында өз тауарларын сатуға мүмкіндік беретін 20-ға жуық электронды сауда алаңдары (маркетплейс) жұмыс істейді.
Қазақстандағы электронды коммерция нарығы құрылымының 68 пайызын тауарлар саудасы құраса, 32 пайызын көрсетілетін қызметтер құрайды. Тауарлардың ішінде құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, косметика, киім және аяқ киім үлкен сұранысқа ие. Көрсетілетін қызметтердің ішінде – әуе және теміржол билеттерін сату, мәдени іс-шаралар мен коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу электронды негізде дамып келеді.
Е-коммерция үшін инфрақұрылым мен сервистерді дамыту туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндады. Оның айтуынша, бөлшек сауданың жалпы көлемінде электронды сауда үлесінің жоспарлы көрсеткіші 2,9 пайызға өскен. 2025 жылы электронды сауда бөлшек сауданың 24 пайызын құрайды. Онлайн-сатып алушылардың саны 2025 жылы 15 млн-ға жетуге тиіс. 2018 жылы электронды коммерцияда 43 мың жұмыс орны құрылыпты.
Өткен жылы электронды сауда саласында заңнаманы жетілдіру шаралары қабылданды. Нәтижесінде жаңа Салық кодексінде бизнеске ыңғайлы нормалар енгізілді, ұғымдық аппарат кеңейтілді, тұтынушылардың құқықтарын қорғау қағидаты бекітілді.
Электронды сауда құрылымы туралы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің баяндамасында айтылғандай, пошта инфрақұрылымын дамыту «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ трансформациялау бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бүгінде Қазақстанда пошта саласының барлық заманауи инфрақұрылымы енгізілген. Алматы қаласында тәулігіне 120 мың сәлемдемені өңдеуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған сұрыптау машинасы орнатылды.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы электронды сауданы экономиканың өсуінің қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Дамыған инфрақұрылымды ескеру, электронды сауда көлемін арттыру жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бүгінде аталған және іргелес салаларда 33 мың адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 314 мың адамға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Болжамдарға сүйенсек, 2025 жылға қарай қазақстандық интернет алаңдардағы сатып алу көлемі 153 млрд теңгеден 2 трлн теңгеге дейін өсіп, бөлшек сауданың 25 пайызын құрайтын болады. Электронды коммерция аясында логистикалық компаниялардың транзиттен күтілетін кірісі 2025 жылға қарай 1270 млрд теңгеге дейін өседі.
Премьер-Министр электронды сауда арқылы отандық ауыл шаруашылығы өндірісінің және басқа да өңдеу өнеркәсібі өнімдерін шетелдерге, оның ішінде Қытай нарығына өткізу әлеуетін атап өтті. Мысалы, ауыл шаруашылығы тауарлары мен тамақ өнімдерін электронды сауда арқылы өткізу жыл сайын 20 пайызға өсетін болады. Осыған байланысты, Үкімет басшысы 2025 жылға дейін еліміздің барлық ірі қалаларында көлік-логистикалық орталықтарды іске қосу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. А.Мамин атап өткендей бұл жұмысқа отандық және шетелдік инвесторларды, соның ішінде мемлекет-жекешелік әріптестігі тетіктерін қолдану арқылы тарту керек. Сондай-ақ Қорғаста қазір жұмыс істеп тұрған инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндігін де қарастырған жөн.
Премьер-Министр тиісті сала басшыларына 2025 жылға дейінгі электронды коммерцияны дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырды.