
Бұл меморандум негізінде атқарушы тараптың бірі «Отандастар қорының» басшысы Нұртай Әбіқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген аталған құрылым қазіргі таңда жұмысын жүйелеп, істі бастап кеткенін, сонымен қатар алдағы уақытта министрліктер және облыс әкімдіктері қатарлы атқарушы органдармен бірлесіп меморандум арқылы жұмыс жасау қажеттілік екенін, ал бүгінгі шара соның бір айқын көрінісі дегенді жеткізді.
Мұндағы мақсат этностық қазақтар және шетелде тұратын отандастарды қолдауға бағытталып отыр. Атап айтқанда алдағы күндері қос тарап бірлесіп, ең әуелі халықаралық, республикалық, өңірлік деңгейде құрылтай, конференция, семинар, симпозиум, брифингтер ұйымдастыру ісіне өзара жәрдемдеспек. Әсіресе биылғы Жастар жылы қарсаңында шетелдегі этностық қазақ жастары үшін оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу, оларды интернет ресурстарда орналастыруды қамтамасыз ету, екіншіден, ел көлеміндегі ұлттық деңгейдегі кітапханалар базасы негізінде шетелде тұратын қазақтар туралы туындылар қорын құру және еліміздегі олимпиадалық даярлау мектеп-интернаттарында қазақтың дарынды спортшы жастарын грант негізінде оқыту, т.б жұмыстар атқарылмақ.
Осы орайда қос тарап мемлекеттік тапсырма аясында ағымдағы жылы «Қасиетті Қазақ елі» халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі, Ресей Федерациясында қазақ музыкасының концерттері, Қазақстанның киелі жерлеріне экспедиция сияқты т.б. мәдени шаралар ұйымдастырмақ.
Жоғарыдағы іс-шаралармен қатар, отандастар арасында спорттық ойындарды дамыту жайы да қолға алынбақшы. Атап айтқанда, алдағы айларда Мюнхен қаласында өтетін кіші құрылтай бағдарламасында шетелдегі қазақ жастары арасында шағын футболдан турнир өткізу жоспарланса, ішкі этнотуризмді дамыту үшін шетелде тұратын немесе атажұртына оралған қазақтардың ежелгі киіз бен тері өңдеу, ағаш, металл бұйымдардан жасалатын дүниелерді дайындау технологиясын заманға сай жаңғырту шарасы қарастырылмақ.
Жиынды қорытындылаған министр Арыстанбек Мұхамедиұлы, жоғарыдағы атқарылуы тиіс шаралардың еліміз үшін маңызы зор дегенге тоқталып, әсіресе шеттегі қандастарымызға көрсетілер қамқорлық қорының бұйдасы тәжірибелі адамның қолында болғаны құптарлық іс екенін айтты.