16 Наурыз, 2010

“БАРЫС” БӘСЕКЕДЕН ШЫҒЫП ҚАЛДЫ

576 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өткен жексенбіде Астанадағы “Қазақстан” спорт кешені мұз айды­нын­да елордалық “Барыс” хоккей клубы Қазанның “Ақ Барыс” коман­да­сымен кездескен болатын. Ас­тана­лықтар 3:1 есебімен жеңіліп, Гагарин кубогы жолындағы бәсекелерін тоқ­татуға мәжбүр болды. Сөйтіп, был­тырғы жағдай биыл да қайталанып, жерлестеріміз қазандық хоккейшілер алдында тағы да тізе бүкті. Яғни, “Барыс” өткен аптада сырт алаңда “Ақ Барыстан” 4:3 және 4:2 есебімен екі мәрте ұтылған болатын. Плей-офф бәсекелерінде үш мәрте жеңіске жет­кен команда жарысты жалғас­ты­рады. Сөз реті келгенде айта кетсек, “Ақ Барыс” Гагарин кубогының был­тырғы жеңімпазы. Ойынның алғашқы кезеңінің 12 минөтінде алма-кезек шабуылдардан кейін қонақтар есеп ашты. Екінші ке­зеңде “Барыс” шабуылшысы Рома­нов таразы басын теңестіріп, үміт отын үр­ле­гендей болып еді... Алайда “Ақ Ба­рыс” шешуші кезеңде қатарынан қос шай­ба соғып, жеңіске жетті. Осылайша, плей-офф бәсекесінің үшінші ойыны да қазан­дық­тардың жеңісімен аяқ­тал­ды. Жалпы, “Барыс” командасы “Ақ Ба­рыспен” күні бүгінге дейін 12 кез­де­су өткізіп, бірде-бір мәрте жеңіске жете алған жоқ. Татар тосқауылы әзір­ше бізге қиындық келтіріп тұр.