Дөңгелек үстелге орыс тілді оқырмандар да атсалысты. Роман тақырыбын игерген оқырмандар кезегі келгенде әрқайсысы өзі жетік меңгерген тілде өз ойларын ортаға салып отырды. Дегенмен, шара барысында ана тілге деген құрмет айрықша аңғарылып тұрды. Роман – Ақсақ Темірдің болмысын ашуға арналғандықтан, өткен тарихымыз Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының тақырыбымен де үйлесім тапты.
Шара бастамасында магистрант Гүлвира Мұқанбаева «Бір ел – бір кітап» акциясының тарихына жалпы шолу жасады. Бұл жобаның АҚШ-та кезінде өте танымал болғандығы, бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстік-батысында, Вашингтон штатына қарасты – Сиэтл көпшілік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсынылғандығы жөнінде айтып берді. Одан әрі «Менің жолым» атты сөйлейтін газет пен «РБНСГ – ВЕСТИ» журналының редакторы, ақын Нұрлан Әбдібеков іс-шараның мақсаты мен жазушының қайталанбас өзіндік ерекшеліктері туралы кіріспе сөзбен бастап, одан әрі дөңгелек үстелді жүргізуді өз қолына алды. Ол жазушының романды жазудағы стильдік ерекшеліктеріне тоқталды. Алдымен романның тарихилығы мәселесі қозғалды. Романды талдай отырып Әміршінің тарихи тұлға ретінде нақты деректерді мысалға келтіре, оның нақты өмірбаяны сөз болды. Бұл ақпарат көркем шығарма кейіпкері мен өмірде болып өткен тұлғаның арасындағы байланыстар туралы оқырмандарға жан-жақты түсінік берді. Сонымен қатар Әбіштің образдарды ашудағы философиялық ой толғамдары да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, терең психологиялық тебіреністерге құрылған кейіпкерлер бейнесін сомдаудағы жазушы шеберлігі де кітаптан мысал келтіріле отырылып талданды.
Шарада белгілі ақын Зейнолла Тілеужанұлы, Қыздар ұлттық педагогика университетінің музыка пәнінің оқытушысы, зағип азамат, профессор Меделхан Қонысбаев, зағип ақын Әбетхан Тоқтағандар жазушы туралы естеліктер айтып, іс-шараға келген қонақтардың соншалықты бір жылы қабылдауына себепші болып отырды. Олар да жазушының өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Басты кейіпкер Әміршінің кіші ханымына ғашық болған ортөбелік шебердің сезімі мен махаббаты өзі соққан мұнарада бейнеленеді. Махаббат мұнарасы жорықтан қайтқан Әміршінің көзіне оттай басылады. Шебер ханымға өзінің сезімін мұнара арқылы білдіргені үшін ауыр жазаланады.
Сонымен қатар жазушы Ә.Кекілбаевтың өзге де кітаптары жөнінде және теңдессіз шығармашылық жұмысына тәнті болған кітапхананың зағип оқырмандары В.В. Ивановский, И.М. Рзахуновна өз ойларын ортаға салып, сөз сөйледі.
Шара соңында кітапхана директоры А.Байұзақов «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ әдебиетіндегі құнды туындыларды насихаттау, жастарға рухани-патриоттық тәрбие беру, оқырмандарды кітапханаға тарту және көркем әдебиет оқуға баулу мақсатында әртүрлі жұмыс түрлерін қолдану керек екендігін атап өтті.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Еgemen Qazaqstan»