Аймақтар • 15 Мамыр, 2019

Кедергісіз келешек ертеңге ұмтылады

1060 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұмыр басты жан мүгедек болсам немесе мүгедек болып қалуым мүмкін-ау деп ойламайды. Күндердің күнінде жазатайым жол апатына ұшырап, болмаса ойламаған жерден құлап мүгедек болып қалуы ғажап емес. Тағдыр басқа салған соң көнесің де, көнбегенде қайда барасың? Жуырда Nur Оtan партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүгедек азаматтардың өмір сапасын жақсартуға арналған Ұлттық жоспардың жобасын талқылауға арналған іс-шара өтті.

Кедергісіз келешек ертеңге ұмтылады

 – Әлеуметтік әділеттілікті ту етіп, өзін қоғамның ешкімнен кем емес бір мүшесіндей сезінуіне жағдай жасалуын мақсат тұтқан бұл жобаның іске асырылуына ықпал ету біздің парызымыз, – деп бастады өз сөзін партияның Бостандық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Баймұрат Жамбылов.

«Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы Ұлан Іңкәр­беков кем­бағал азаматтарға жасалып жатқан жағ­дайды тілге тиек етсе, Бостандық ауданы әлеуметтік бөлі­­мінің өкілдері Ә.Аманова мен А.Ахметова мүгедектерге тиесілі тө­лемақылар түрлері мен жеңілдіктер туралы жан-жақты мәлімет берді. Ал аудандағы медициналық меке­менің бас дәрігері Зухра Омарова саяжайларға жолдамалар мен емделуге квота алу мәселелеріне тоқ­талды.

Ендігі кезекте мүгедек бала асыраушы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар мен жалғыз басты аналар мәселелері біртіндеп қолға алынбақ.

Бұл ауданда барлығы 1 602 мүге­дек бар, оның 1 018-і 1 және 2-топтағы мүге­­дектер болса, 594 адам 3-топтағы мүге­­дектер. Мүмкіндігі шектеулі азамат­­тар­ды мамандықтары бойын­ша немесе бас­қалай да әртүрлі жұмыс­тармен қамту қажет.

Кездесуге келген өзі де мүгедек, қы­зы да мүгедек зейнеткер қарияның қа­ладағы шипажайлардың біріне жолдама алуға көмек сұраған өтініші оң ше­шілді. Көп балалы жесір ананың 3 бірдей баласы аутизм ауруымен­ ауы­рады, олардың бірінің емі 250 мың (барлығы 750 мың) теңге тұрады. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ана мен бала орталығына, Республикалық балаларды оңал­ту орталығына жолдама алуға сұ­раған өтініші де жерде қалмай, қа­ла­лық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хат жолданды.

Алты баласы бар, оның ішінде 
1 қызы кішкентай кезінен мүгедек, ал өзі 2-топтағы мүгедек азамат тұрақты тіркеуі бар болса да, тұрып жатқан же­ріне уақытша тіркеуге мүмкіндік бол­ма­ғандықтан тиісті төлемақыға қолы жет­пей жүргенін айтып, көмектесуді сұрады. Одан басқа 2 пайызбен берілетін же­ңілдетілген «Бақытты отбасы» бағдар­ламасына ілікпей отырғанын айта кетті.

Сондай-ақ 3 баласы бар жалғыз басты ананың 2 жасқа келіп қалған баласының әлі жүре алмайтынын, оған арнайы ортопедиялық аяқ киім мен балаларына арнайы әлеуметтік жәрдемақы алуға көмектесуді сұраған өтініштері де аяқасты қалмады. Ор­т­опедиялық орталық арқылы арнайы аяқ киім мәселесі шешілетін бол­са, ал аудандық әлеуметтік әл-ауқат бөлімінің мамандары өтініш иесінің екінші мәселесін таяу уақытта қарастырмақ.

 Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, 
«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ