«Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған кандидат Дания Еспаеваның Батыс Қазақстан аймақтық штабы мүшелері облыс орталығындағы оқытушы және студенттер қауымымен кездесті. «Зенит» мәдениет үйінде өткен жиынға 500-ден аса адам қатысты. Батыс Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар қызметі университеті мен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұстаздар құрамы, белсенді студент жастар еліміздегі аса маңызды сайлау додасына қатысып жатқан партия үміткерінің бағдарламасын ден қоя тыңдады. Кездесуде таратылған үгіт-насихаттық материалдар, сахна төріндегі алып монитордан көрсетілген бейнероликтер қазақ және орыс тілдерінде саяси партия атынан сынға түскен үміткердің сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі хабардар етті.
«Өндірістің әр саласын, кәсіпкерліктің қыр-сырын жетік білетін Д.Еспаева өзінің қызмет баспалдағында тек қана кәсібилікті, адалдық пен шыншылдықты мұрат еткен. Ол Парламент қабырғасында жүргенде де елге пайдалы талай іс атқарды. Менің ойымша шаңырақта үйлесімділік орнату ісіне ер адамнан гөрі әйел адам бейім келеді. Ол бүгінгі Қазақстан қоғамын жаңаша өзгертудің айқын жоспарын ұсынып отыр», деді Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген мейман, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев.
* * *
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Төлеутай Рахымбековтің Ақмола облысында сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Степногор қаласында өткен жиында үміткердің моноқалаларды дамытуға, қала мен ауыл арасын жақындатуға және баспана мәселесін шешуге қатысты бастамалары жан-жақты талқыланды.
Ауылдан көшіп келген тұрғындардың қиындық көріп жатқандығы сол қаланың мүмкіндігіне кейде сай келе бермейді. Көбі тұрғын үйсіз, жұмыссыз жүр, көбі баласын балабақшаға беруге қиналады. Сондықтан қазіргі уақытта біздің кандидаттың бағдарламасында көрсетілгендей, ауылдың инфрақұрылымын дамыту қажет. Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында осы өңірдің алар орны ерекше. Мәселен, Ақкөл ауданында ғана мыңдаған гектар шаруашылыққа жарамды жер бар. Енді оның әлеуетін толықтай пайдаланып, өңдеу өнеркәсібіне тың серпін беру керек», деді Ә.Бектаев.
Серік Балғазыұлы – осы аймақтағы ірі шаруалардың бірі. Қожалығында жүздеген жылқы мен мыңнан аса қой бар. Ерекшелігі сол – бұл кәсіпті оның үш баласы жалғастырып, аясын одан әрі кеңейтіп жатыр. Президенттіктен үміткер Т.Рақымбеков өз бағдарламасында осындай дәстүрлі шаруашылықты қолдауға шақырады. Сол арқылы жұмыссыздықты азайтып, жаппай урбанизацияға жол бермеуге болады дейді.
* * *
Кәсіподақтар федерациясы ұсынған кандидат Амангелді Таспихов Солтүстік Қазақстан облысы Покровка ауылында өткен «Жас келсе – іске!» атты ауыл жастарының форумына қатысты. Ж.Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжінде болған іс-шараға кандидатпен бірге оның республикалық қоғамдық штабының жетекшісі, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым қатысты.
Б.Әбдірайым форумды ашып, еңбек жастарының өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтті. Ол кәсіподақтар өз кандидатын ұсынғанын, сол арқылы қоғам мен билікке еңбек қатынастарындағы проблемаларды жеткізуді көздейтіндерін мәлімдеді. Ал үміткер А.Таспиховтың өзі өңірлерде жас мамандардың тапшылығы барын айтып, жас еңбекшілерді ойға алған бастамаларын іске асырып, болашаққа батыл қадам жасауға шақырды.
Сонымен қатар Атыраудағы аймақтық сайлауалды штабының өкілдері облыс орталығынан шалғай орналасқан Индер ауданында кездесу өткізді. Штаб жетекшісі, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы І.Баймұқанов бастаған насихатшы топ Есбол ауылында 21,5 шақырым жол салып жатқан құрылысшылармен кездесті. Одан соң Жамбыл орта мектебіне соғып, кандидат А.Таспиховтың өмірі мен сайлауалды бағдарламасын кеңінен таныстырды. Дәл осындай іс-шараға аудан орталығының және Жарсуат, Құрылыс ауылдарының тұрғындары да қатысты. Кездесуде сөз алған топ мүшелері қоғамдық ұйымның атқарып отырған жұмысына кеңірек тоқталып, елімізде басталған саяси науқанның өзгешеліктеріне және сайлаудың ел бірлігіне, қоғам тұрақтылығына оң әсер ететініне сенім білдірді.
Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген Жамбыл Ахметбеков ауылдастарымен кездесіп, ақсақалдардан бата алу үшін өзінің туған жеріне ат басын бұрды. Кандидаттың фотосуреті және партияның жалауы бейнеленген автокөліктермен аттанған топ Қызылсай ауылдық округінің Шалқар ауылында және Қорғалжын ауылдық округінде болды. Ж.Ахметбеков алдымен К.Күмісбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде болып, «Қорғалжын» қорығының қызметкерлерімен және ауыл тұрғындарымен кездесті.
Жиында Ж.Ахметбеков сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыты еңбек адамдарының мүддесін қорғау екендігін, экономиканың стратегиялық салалары мен еліміздің табиғи байлығын тек қана Қазақстан азаматтарының игілігі үшін пайдалануды қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ қатысушылар ауыл кооперациясы мен ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мәселесін талқылады. «Қазіргі таңда кедейлік жұмыссыздықпен емес, төмен табысқа байланысты болып тұр. Елдегі кедейліктің шынайы деңгейін қайта қарау керек және бұл құбылысты өзекті әлеуметтік мәселе деп тану қажет. Біз отандық тауарға, әсіресе ауылшаруашылық өнімдеріне сұранысты арттырумен бірге кедейлікпен күресу бағдарламасын қабылдауды бірнеше рет ұсындық. Оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейміз, бұл міндетті түрде экономиканың нақты секторы мен ауылдағы кооперацияның дамуына мультипликативті әсер ететін болады», деп мәлімдеді кандидат.
Nur Otan партиясынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Ақмола өңірінде азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Штаб жетекшісі, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев президенттікке кандидаттың басқару тәжірибесінің мол екендігіне тоқталып, оның сайлауалды бағдарламасының маңызды қырларының бірі 2025 жылға дейінгі Азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасын әзірлеуге арналғанын атап өтті. Онда жастар мен еріктілер қозғалысына ерекше назар аударылады.
Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын белгілі аграршы Иван Сауэр жоғары бағалады. «Қазақстан тұрғындарының 42 пайызы ауылда өмір сүреді. Маған сайлауалды бағдарламаның агроөндіріс кешенін дамытуға байланысты ережелері қатты ұнады. Инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, коммуникацияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Сондықтан да онда өндіріс өнімділігін қалай көтеру керек, қандай көрсеткіштер болуы тиіс сияқты өндірістік сипаттағы мәселелер көтерілген», деді ол.
* * *
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысының атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Әміржан Қосанов үгіт-насихат жұмыстары аясында кеше Қарағанды қаласындағы «Достар-Әлем» қонақүй кешенінде тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында кандидат өзінің алты тараудан тұратын бағдарламасымен таныстырып, 9 маусымға дейінгі қысқа уақыт аралығында атқарылуға тиісті іс-шаралар жоспары туралы айтып берді.
Ә.Қосанов сайлауалды науқан кезінде «бас жарып, көз шығаратын» іріткі әрекеттерден іргесін аулақ салып, ұстамдылықты негізге алған сындарлы саясат жүргізетінін мәлімдеді. Саясаткер бұл сайлауда өзінің артында тұрған ешқандай саяси партияның, қоғамдық күштердің, қалталы алпауыттардың жоқтығын айта келіп, бар сенімі мен үмітін қарапайым халыққа артатынын атап өтті. «Егер мен президент болып сайлана қалсам, еліміздің ең маңызды деген бірқатар заңдарына демократиялық өзгерістер енгізер едім» деген кандидат еліміздегі саяси жүйенің парламенттік-президенттік басқаруға көшкенін қалайтынын жеткізді.
Мұның алдында, дәл сол күні сенім білдірілген адамдарымен бірге Бұқар Жырау ауданындағы Үштөбе ауылында орналасқан К.Маркс атындағы құс фабрикасына барды. Қатысушылар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын талқылап, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты туралы тармақтарды атап өтті, сондай-ақ өз ұсыныстарын жасады. Ә.Қосанов оларға егжей-тегжейлі жауап бергеннен кейін кандидат кездесуге қатысқан қарағандылықтарды 9 маусым күні сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге шақырды.
* * *
«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгел сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының аясында Щучье қаласында «Ұлағатты ұрпақ – ұлттық ұстаным» атты шығармашылық кешін өткізді. Алдағы мәдениет пен өнер күніне орай ұйымдастырылған кеш кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген ұрпақ тәрбиесі туралы бөлімінің мазмұнын аша түсті. Жиналған қауым іс-шара барысында арнайы бейнеролик тамашалап, туындыларынан оқылған үзінділерді тыңдап, С.Түгелдің шығармашылығымен кеңінен танысты. Сондай-ақ танымал журналист, жазушы, қоғам қайраткері, «Халық сүйіктісі-2017» ұлттық сыйлығының иегері С.Түгелдің кітаптары мен фотолары көрмеге қойылып, сайлаушылардың назарына ұсынылды. Оған қоса ұлттық дәстүрді ұлықтау мақсатында қолөнер көрмесі де өтті.
С.Түгелдің сенім білдірілген адамдары осы өңірде, Көкшетау қаласында Ақмола облысы этномәдени бірлестіктері өкілдерімен кездесті. Орталық штабтың баспасөз қызметі жетекшісі Бақыт Мұхамедрахимова мен Көкшетау қаласы бойынша «Ұлы дала қырандары» РҚБ төрағасы Құмарғали Жайымов кандидаттың өмір жолы туралы әңгімелеп, оның ішінде Құлагер ескерткішін орнатуға қосқан сүбелі үлесін ерекше атап, соңынан сайлауалды тұғырнаманы таныстырды.
Жиында «Group-компания» ЖШС президенті, Қазақстан Ат спорты одағының вице-президенті, ҚХА мүшесі, Мұстафа Мұстафаев «Ол – қазақ халқының ұлтжанды азаматы, рухани құндылықтарды ұлықтаушы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген тұлғаның бірі. Мен оны 30 жылдан аса дос ретінде жақсы білемін, бірлесе қызмет атқарып келеміз. Оны Ұлы дала ұғымын ең алғаш енгізген, сол атаумен қоғамдық қозғалыс құрған, өскелең ұрпақ үшін өнеге боларлық тұлға ретінде құрметтеймін», деп ізгі лебізін жеткізді.
Дайындағандар
Қайрат ӘБІЛДА,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
Байқал БАЙӘДІЛ,
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»