15 Ақпан, 2013

Келіншектау

1100 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Келіншектау

Жұма, 15 ақпан 2013 7:11

Бұл тау туралы аңызды ал­ғаш рет бала кезімде естіп едім. От­ба­­сын­дағы әңгімеде Байжансай, Шаян және Теріскей жақты көп айтатын Бұлбике апам:

– Баяғы өткен заманда, – деп бастайтын кәнігі ертегішілердің кәдімгі тәсіліне салып, – Қара­­тау­дың қойнау-қолаты мен жазиралы жазығын емін-еркін жайлаған бір бай болыпты. Сол байдың ерке қызы күндердің күнінде өзіне лайықты жігітпен уағда байласып, оны әкесі де құп көріп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, тоқсан түйеге жасау-жабдығын тиеп, шығарып салады.

 

Жұма, 15 ақпан 2013 7:11

Бұл тау туралы аңызды ал­ғаш рет бала кезімде естіп едім. От­ба­­сын­дағы әңгімеде Байжансай, Шаян және Теріскей жақты көп айтатын Бұлбике апам:

– Баяғы өткен заманда, – деп бастайтын кәнігі ертегішілердің кәдімгі тәсіліне салып, – Қара­­тау­дың қойнау-қолаты мен жазиралы жазығын емін-еркін жайлаған бір бай болыпты. Сол байдың ерке қызы күндердің күнінде өзіне лайықты жігітпен уағда байласып, оны әкесі де құп көріп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, тоқсан түйеге жасау-жабдығын тиеп, шығарып салады.

Ұзақ жолға бағыт алған қы­­зыл­ды-жасылды керуен ауыл-ай­­мақтан қара үзіп шыққаннан ке­йін, байлық пен мансапқа мас қыз көшті тоқтатып, көңіл кө­­­­­­те­­ріп, бой жазғысы келмей ме. Сөйтіп, Балдысу деген жерге ке­ліп тоқтапты-мыс. Әлқисса, көш­тің сән-салтанатына көңілі толған қыз жасауларын жасындай жарқ-жұрқ еткен жанарынан тағы бір өткізеді. Барлық киім-кешектері қымбат маталардан тігіліпті. Барлық бұйымдарына алтын мен гауһар қадалыпты. Әкесі байғұс, тіпті, итаяғына дейін ескерген екен, бірақ онысын алтынмен аптатқызбапты, күміспен күптеткізбепті, жай әшейін кә­дуілгі ағаштан жондырған екен. Мұны көрген кілтетпе қыз жау шапқандай әкесіне хабаршы жі­береді. Ал ол болса итаяқтың ал­­­тынмен апталып, күміспен күп­телмегеніне ашуланған қыздың «саф алтыннан жаңа итаяқ жасатып берсін» деген қыңыр тілегін ауылға қитұрқыландыра жеткізеді.

Басқа-басқа, жар дегенде жал­ғыз қызынан мұндай қатал­­дықты күтпеген әке жаны күйзеліп:

– Ата-ана мейіріміне деген мысқалдай рахметі жоқ, қарыз бен парызды түсінбейтін о, тасжүрек неме-ай… Сол көшің тоқтаған жерге тас болып қатып қал, білдің бе, тас болып қатып қал, – деп күңіреніпті.

Бұл қырсық қыздың сән-сал­танатқа бөленген көші мен үлде мен бүлдеге оранған қошеметшілері керуеннің басы мен аяғына қиқу салып енді қозғала берген тұс екен. Сол заматта бәрі тасқа айналып, қатыпты да қалыпты, дейді де апа: «Әне, әке қарғысы – оқ» деген осы», – деп әңгімесін түйіндейтін.

Жоғарыдағы аңызды естігелі де, міне, арада жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Бірақ мені әңгіменің адам сенбес оқиғасы емес, апамның: «Сол тас болып қатып қалған көш бүгінде Ке­ліншектау деп аталады. Мына Созақ жаққа барсаңдар, оны өз көздеріңмен көресіңдер», – дейтін нотариустың баттитып тұрып басып берген мөріндей «дерегі» мен «дәйегі» қызықтыратын.

Апам айтқан Келіншектауды осыдан оншақты жыл бұрын көрдім. Содан бері жыл аралатып барып тұрамын. Бала кезден құлағыма сіңіп қалған аңыздың әсері ме, Келіншектауға қарап тұра бергім келді. Өйткені, қарап тұрсаң өркеш-өркеш таулар, бейнебір, көш-керуен сияқты өзінің жарасымды сауық-сайранымен, сән-салтанатымен, ән-жырымен жылымдай жылжып кетіп бара жатқан сияқты көрінеді. Әлбетте, қарап тұрып: «Анау алдыңғысы бос кетіп бара жатқан түйеден аумайды екен, ал екіншісі… сәукеле киіп, болып-толып отырған қыңыр қалыңдықтың өзі шығар», деймін іштей. «Тасқа айналған» тасбауыр қызды да аяп кетем кейде. Кім біледі, қыңырлығынан емес, бетінен ешкім қақпай өсірген еркелігінен тапқан шығар қарғысты. Жә…

Бірақ бізге қалам алдырған мәселе аңыздың астар-әдібі емес, қазақ халқының ғажайыптарға толы атамекен атты аңсарында жатқандай. Қараңыз: Келіншектау, Оқжетпес, Жұмбақтас! Айта берсең әр өңірден табиғат-мү­сін­ші «шотпен шапқан» осындай тағы бір-бір шедеврдің мен­мұндалап шыға келетіні өтірік емес. Шайтанкөл ше? Соның бәрі бір-бір аңыз, бір-бір тарих, бір-бір ескерткіш емес пе?!. Осы табиғат таңғажайыптары шет елде болса, олар қайтер еді?

Бір ғана мысал, америкалықтар Колорадо шатқалындағы табиғат-мүсіншінің «қолымен» жасалған ғажайып таулар мен құз жартастарды сол қалпында сақтау мақсатында сонау 1908 жылы-ақ Гранд-Каньон аумағын ұлттық паркке айналдырыпты. Оның сұлулығын тамашалау үшін туристерге қолайлы жағдай да жа­­­салған. Соның арқасында бүгінде Гранд-Каньонды дүние жүзіндегі көзі ашық, көкірегі ояу жұрттың бәрі біледі. Одан кейін онда қан­шама шытырман оқиғалы көркем фильмдер түсірілді. Қан­шама фотосуретшілердің көр­­месіне «азық» болды. Қаншама роман, повестердің желісіне айнал­ды? Ал біздің Келіншектау, Оқ­жетпес, Жұмбақтас… Қапелімде тілімізге түспей отырған басқа да таңғажайыптарымыз ше? Көркем фильмдерге арқау болу арқылы дүниежүзілік «прокатқа» шықты ма? Фотографтардың «нысанасына» ілініп, табиғат таңғажайыбы ретінде әлем жұртшылығын тамсандырды ма? Қиял-ғажайып әңгіме, хикаяттардың өзегіне айналып, шартарапты шарлап жүр ме? Батыс пен шығыстың туристерін магнитше тартатын тосын да қы­зық жобаларға тамызық болды ма? Ой таразысына салсаң, оның «иә» дегеннен гөрі «жоқ» деген жағы басымырақ болып кете береді.

Әлбетте, тәуелсіздікке дейінгі кеңестік империя тұсында аме­рикалықтардай ауызды айға бі­лей алмадық. Енді, міне, аңсаған азаттығымыздың жиырма жыл­дығын да тойлап тастадық. Алға батыл қадам жасап жатырмыз. Бейнелеп айтсақ, ел ес жиып, етегін жапқалы қашан. Мемлекетіміз мәдениетімізді, мәдениетіміз мем­лекетімізді дамытуға септесіп жа­тыр. Бағдарламалар да, бағдар­ла­маларды баянды етер қаржы да бар.

Сондықтан енді бір ізгі ниетті табиғат тылсымына да аударып, ондағы Келіншектау, Оқжетпес, Жұмбақтас, Шайтанкөл және тағы басқа да ел аумағындағы та­биғаттың төлтума мұраларын өңір аясынан шығарып, бар болмыс-бояуымен әлемге таныту жағын қолға алса қалай болар еді деген ойды қаузап отырған жайымыз бар. Өйткені, асқар таудай арқа сүйер атамекеніміздегі Табиғат-ананың өзегін жарып шыққан арда ескерткіштердің санаулы ғана санатынан ғой бұлар.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Тараз – Созақ – Тараз.