Руханият • 17 Мамыр, 2019

Магомаев феномені

1307 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Біздің буын өкілдерінің жастық шағы тамаша бір кезеңге тап келді. Біз таза ауамен тыныстадық, экологиялық тұрғыда таза тамақ іштік, білім мен медицина тегін болды, нағыз ақындар мен жазушылардың шығармаларын оқып, нағыз әншілердің әндерін тыңдадық. Және ол кезде әншілер әнді қазіргідей фонограммамен емес, жанды дауыспен мейлінше табиғи түрде орындайтын.

Магомаев феномені

Сондай әншілердің бірі Мүсілім Магомаев еді. Кеңес Одағында бұл есімді білмейтін адам кемде-кем болған шығар. Замандастарының айтуларына қарағанда КСРО-да өмір сүрген әйелдердің 50 пайызы оған ғашық болыпты. Тіпті М.Магомаевтың қолын алу бақыты бұйырған қыздар бір апта бойы қолдарын жумай жүрген көрінеді. Ол аз десеңіз, Магомаевтың концертінде қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін атты милиция кезекшілік атқарған. Тағы бір жолы концерттен шығып отбасымен автокөлікке отырып кетейін деп жатқанда жүздеген фанат жағалай қоршап алып, бұлар отырған автомашинаны 3-4 метр жерге дейін тік көтеріп әкетеді. Анталаған жанкүйерлерден қашып Мүсілім Магомаевтың кезекті бір концерттен кейін ғимараттың екінші қабатынан секірген кездері де болған. Бұл айтылғандардың кейбіреулерге ойдан шығарылған қалжың сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ олар өмірде болған, нақты дәлелденген оқиғалар. Ендеше талай жұртты талантымен тамсандырған Магомаев кім еді?

Болашақ әнші 1942 жылы 17 тамызда Баку қаласында дүниеге келеді. Әкесі Магомет Магомаев Екінші дүниежүзілік соғыста қаза табады, ал анасы – Айшет драмалық актриса болғандықтан жолдамамен Ресейдің алыс түкпірдегі бір қаласына кетуге мәжбүр болады. Сөй­тіп бала Мүсілім ағасы Джамалдың тәрбие­сін алып өседі.

Мүсілім ән айтуды 14 жасында бастайды. 19 жасында Хельсинкиде өткен Жастар мен студенттердің VIII дүниежүзілік фестивалінде «Бухен­валь­дский набат» әнін орындап лау­реат атанады. Дегенмен, ол бүкілодақтық танымалдылыққа 1963 жылы ие болады. Осы жылдың 26 наурызында Кремльдің Съездер сарайында әзербайжан өнерінің қорытынды концерті өтіп, кеште Мүсілім Магомаев алғаш рет талғамы жоғары мәскеулік көрермендер алдына шығады. Ол орындаған Д.Россинидің «Севиль шаштаразы» операсынан Фигароның ариясы мен өзге де әндер жиналғандар тарапынан нағыз овация туғызып, келесі күні-ақ 20 жастағы Мүсілім Магомаев КСРО-дағы ең танымал әншілердің біріне айналып шыға келеді.

1964-1965 жылдары Миланның «Ла Скала» театрында тағылымдамадан өткен әнші сол жылдардан бастап Кеңес Одағының ең ірі қалаларында қойыл­ған операларда басты рөлдерді орындайды. Ал 1966 және 1969 жылдары Париждің әйгілі «Олимпия» театрында Мүсілім Магомаевтың гастрольдері табысты өтеді. Соның арқасында аталмыш театрдың басшылығы әншіге театрмен бір жылға келісімшартқа отыру жөнінде ұсыныс білдіреді, бірақ үкіметтік концерттерге қатысуы керек деген желеумен КСРО Мәдениет министрлігі рұқсат бермейді.

Айтқандай, осы жайтқа қатысты тағы бір оқи­ғаны айта кету қажет. 60-жылдар­дың соңында Ростов филар­мония­сының қаржылық қиын­шы­лық­та­рына байланыс­ты Дон казак­та­рының ән-би ансамблінің Мәскеуде өтуі тиіс гастрольдерге киетін костюмдерінің жоқ екенін білген Магомаев Дондағы Рос­тов қаласындағы 45 мың адам сыятын стадионда болатын концерттің бір бөліміне қатысып, көмектесуге уәде береді. Бірақ іс жүзінде әншіге 2 сағаттан астам уақыт сахнада өткізуге тура келеді. Осыдан кейін оған төленуі тиіс 202 рубльдің орнына әкімшілік 606 рубль гонорар төлейді. Мұны білген ОБХСС әншінің үстінен қылмыстық іс қозғайды. Бұл жөнінде әншінің өзі Парижде гастрольде жүрген кезінде ести­ді. Осындай сәтті пайдаланып эмиг­рант топтар Магомаевты шетелде қал деп үгіттейді. Бірақ туған елден шал­ғайда өмір сүруді қаламағандықтан, екінші жағынан Мәскеуде жоғары лауазымды қызмет істейтін ағасының тағдырын ойлағандықтан әнші елге қайтып оралады.

Замандастарының айтуларынша, М.Магомаевтың шетелге шығуының өзі ерлікпен пара-пар іс. Өйткені ол біріншіден жетім өскен бала, екіншіден мектепте оқып жүргенде-ақ пионер қатарынан шығарылып, соның салдарынан комсомолға мүшелікке де өтпеген. Кеңес өкіметінің мұндай өмірбаяны бар адамның маңдайынан сипай қоймағаны белгілі. Дегенмен, жас жігіттің талантына тәнті болған сол кездегі КСРО Мәдениет министрі Е.Фурцева әншіге үлкен қамқорлық жасаған көрінеді.

Түрлі тыйым салулар мен цензураның заманында Магомаевтың бакенбард жіберіп, сахнада твист билеп тұрып ән салған тұңғыш кеңестік әнші болғанын біреулер білсе, біреулердің білмеуі де мүмкін. Мүсілім сахнада өзін өте еркін ұстаған және ондай мінезі үшін ешқан­дай ескерту де алмаған. Соны білетін заман­дастары «Мүсілім, сен ұзын шаш өсірші, саған рұқсат береді, содан кейін біз де шашымызды ұзартып жібе­рейік», деп талай өтініш те жасапты. Бір қызығы, Ленин туралы, партия тура­лы ән айтпағанына, Брежнев тура­лы ән айт деп ұсыныс жасағанда әр нәрсені сылтауратып бас тартқанына қарамастан Магомаевты КСРО басшылары, оның ішінде Л.Брежневтің өзі өте жақсы көрген.

606 рубль гонорардың салдарынан әншінің басына төнген қара бұлт біразға дейін сейілмейді. Тек МҚК-ның сол кездегі төрағасы Ю.Андропов Мәдениет министрі Е.Фурцеваға телефон соғып комитеттің мерейтойына орай қойылатын концертке М.Магомаев қатысуы тиіс екенін талап еткен соң ғана әнші қайтадан еркіндік алады. Айта кету керек, ол уақыттары Бакуде тұрып жатқан ол алғашында мерейтойлық концертке қатысудан бас тартады. Содан іске Әзербайжан КСР-і МҚК-нің сол кездегі басшысы әрі Магомаевтың қамқоршысы болып жүрген Гейдар Әлиев араласып, Мүсілімге «Сен Мәдениет министр­лі­гі­мен арақатынасыңды бұздың, бірақ қауіпсіздік комитетімен арақатынасты бұзудың қажеті жоқ», деп кеңес береді.

Жалпы, Магомаев Әлиевті «әке» деп атап, өте құрметтеген. Өз кезегінде Әлиев те әншіге барынша жанашырлық танытып, туған бауырлардай қарым-қатынас қалыптастырған. «Әзербайжанның екі байлығы бар. Оның алғашқысы мұнай да, екіншісі – Мүсілім Магомаев», дейді екен Гейдар Әлиев. Осындай сый­ластықта бола тұра Мүсілім жеке шаруа­­сын айтып Әлиевтің алдына бір рет те барып көрмепті. Бара қалса үйсіз жүрген немесе жалақысы аз өнер адамда­рына көмектесу үшін ғана барады екен. Бір жолы Әлиев Магомаевқа «Сен ортақ пәтерде тұрады дейді ғой, неге жеке пәтеріңнің жоғын айтпағансың?» дегенде әнші: «Менің жағдайым жаман емес» деп жауап қайтарыпты. Соған қара­мас­тан Әлиев Магомаевқа өзіңе пәтер таңдап ал деп талап қойған. Сөз ретінде әйгілі әншінің Баку мен Мәскеуді бірдей қоныс еткенін, екі елдің де паспорты болғанын, демалысы мен мерейтойларын үнемі әзербайжан астанасында өткізгенін де айта кету ләзім. Қай ел­дің әншісі екенін сұрағандарға өзі «Әзербайжан – менің әкем, Ресей – менің анам» деп жауап берген.

Әншінің жары, КСРО халық әртісі Тамара Синявская Бакуде өткен үйлену тойларында орын алған бір жайтты былайша әңгімелейді. Тойды шаһардың бір керемет сарайында Г.Әлиевтің өзі ұйымдастырады. Желтоқсан айы болса керек. Той болып жатқан төңірекке халық өте көп жиналады. Олардың бәрін залға сыйғызу мүмкін емес. Соны түсінген Мүсілім терезелерді аштырып тастап екі сағат бойы жиналғандар үшін ән салады. Ақыры салқынның әсерінен тамағы ауырып әнші біраз уақыт сырқаттанып жүріпті.

31 жасында КСРО Халық әртісі атағын алып қана қоймай, Кеңес Ода­ғы­ның ең басты әншісі атанған, ән айтудың сыртында сурет салып, түрлі мүсіндер жасаған, фортепианода өте шебер ойнаған, бірнеше кітап жазған дарын иесі Магомаевтың бүкіл халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленуінің сыры неде деген сауалға келсек, «Ол сахнаға шыққанда жанартаудан лава буырқана атқылап, ол бүкіл залды жауып кеткендей әсер қалдыратын», деген КСРО халық әртісі Владислав Пьявканың сөзін келтіру арқылы-ақ оның қабілет ауқы­мын көзге елестетуге болады. «Ке­ңестік эстрадада М.Магомаевпен салыс­тыруға келетіндей бірде-бір адам бол­ған емес», деген-ді кезінде КСРО халық әртісі Иосиф Кобзон. «Кеңес Одағында талантты, атақты, халық сүйіспеншілігіне бөленген адамдар көп болды. Магомаев тіпті солардың арасында айрықша тұ­ра­тын», деп пікір білдіреді РСФСР халық әртісі Геннадий Хазанов.


Жалпы, Магомаев Әлиевті «әке» деп атап өте құрмет­те­ген. Өз кезегінде Әлиев те әншіге барынша жан­ашыр­лық танытып, туған бауырлардай қарым-­қа­тынас қалыптастырған. «Әзербайжанның екі бай­лы­ғы бар. Оның алғашқысы мұнай да, екіншісі – Мүсілім Магомаев», дейді екен Гейдар Әлиев. 


Кейбір замандастары Мүсілімді «құ­­бы­лыс», «жарық жұлдыз» деп атаса, енді біреулер «Өзінің орындау шеберлігімен ол музыкаға өзгеше әуен берді. Олай ешкім де істей алған емес. Уақыт үнемі өзгеріп тұрады, бірақ Маго­ма­ев дәуірі мәңгілік» деп баға бер­ген. «Магомаев – осы күнге дейін ешкім қол жеткізе алмаған шың» деген тұжырым да әншінің қандай биікке көте­ріл­генін айғақтай түседі.

Әнші «Бухенвальдский набат» әнін орындап тұрып «люди мира на минуту встаньте» деп көрермендерге қарап қолын созғанда залда отырғандардың еріксіз орындарынан тұрып кеткен кезі де болыпты.

Белгілі украиналық композитор И.Покладтың «Магомаев рояльға отыр­ған кезде мен есімнен танып қалдым», дегені бар. Шынында да Мүсілім рояльда өте ғажап ойнаған. Бала кезінен бас­тап «Санта Лючия», «Ямайка» әндерін келістіре орындап бүкіл әлемге танылған әйгілі италиялық әнші Робертино Лорет­ти­мен достығы да ерекше болған. Екеуі қосылған сәттерде Лоретти ән са­лып, Магомаевтың фортепианода сүйе­мел­дей­тін тұстары да аз емес.

Осындай адам айтса сенгісіз атақ-даңқ­қа бөленген, «өз жарығымен өзге­лердің бәрін көмескілендірген жұл­дыз» деген қошеметке ие болған Маго­ма­ев өмірде өте қарапайым, сыпайы және жоғары мәдениетті болған. «Мен жұлдызбын» деп ешқашан кеуде қағып көр­меген, керек десеңіз, тіпті аздап ұяң­дау да болыпты. ОРТ телеарнасы журналисінің «осыншалық әйгілі бола тұра мені сіздің әдептілігіңіз таңғал­дырады» деген сауалына әнші «Менің алған тәрбием жаман болма­ған, оның үстіне мені телевидение мен радио тәрбиеледі», деп жауап қай­тарған. Бойында Шығыстың қаны ағып жатқандықтан шығар, оның жомарт­ты­ғында да шек болмапты. Жеке концер­ті­нен түскен ақшасын жолдас-жора­ларын ресторанға жинап, бірнеше үстелге тапсырыс беріп, сол күні-ақ шашып жібереді екен. Алған гонорары жетпей жатса өз қалтасынан қосып отырған.

Иранның шахы Пехлеви өзінің таққа отыру салтанатына Магомаевты арна­йы шақыртып, әнін тыңдайды. Сон­да ирандықтар бұған ақша ұсынады. «Бұл не?» деп сұрағанда «Ол сенің гонорарың» деп жауап береді. Сол кезде Магомаев «Бізде қонақта отырып ақша алмайды», деп ақшаны кейін қайтарыпты. Өмірінің соңына дейін тастамай тағып жүрген алтын сақина мен кейбір бағалы заттарды ғана сыйлық ретінде қабылдаған.

Бір милиционер келіп қолтаңба сұрайды. Әнші қайда қол қояйын деп сұрағанда ана жігіт фуражкасын тосыпты. Бұл формаң ғой десе, бола берсін, әйеліме көрсетуім керек, депті милиционер. Енді бірде досы Араз Агаларов екеуі «ащы суды» біраз сіміреді. Содан үйге қайтар кезде Мүсілім досына «Мені машинаңмен үйге апарып сал», дейді. Досының мен ішіп алдым ғой, рульге қалай отырам, деген уәжін де тыңдамайды. Қас қылғандай, көшеде бұларды милиция тоқтатады. Кабина ішіне үңілген милиционер бірден Магомаевты көреді. Содан Агаларовты артқы жаққа ауыстырып, өзі рульге отырады да бұларды үйлеріне әкеліп салады. Кетерінде «Осындай кісінің басын қауіп-қатерге тігуге бола ма екен», деп ескерту де жасап кетіпті.

Күш-қуаты мен дауысының сол қал­пында тұрғанына қарамастан Мүсілім сахнадан ерте кетеді. Бұл да болса оның ақсүйектік болмысын көрсетсе керек. «Ол сахнаға қалай келсе, дәл солай кеткісі келді. Бір минут кеш кеткеннен гөрі жарты сағат ерте кеткен әлдеқайда жақсы», деп баға береді оның мұндай қылығына сахналас әріптестері. Өзі осы мәселеге қатысты ойын: «Әр дауысқа, әр талантқа Құдай белгілі бір уақыт береді, ал одан асып кетудің қажеті жоқ», деп түсіндіреді.

Магомаевтың ғажайып әнші ғана емес, сонымен бірге талантты композитор болғаны да көпшілікке мәлім. Оның бір музыкалық шығармасын орталық телевидение ондаған жылдар бойына зас­тавка ретінде пайдаланған, ал «Синяя вечность» деп аталатын әні әлі күнге дейін (соның ішінде қазақ әншілері де) зор сүйіспеншілікпен орындалып келеді. Бір ғажабы, әншінің 2007 жылғы жазған ең соңғы шығармасы «Қош бол, Баку» деп аталған.

Науқасының меңдей бастағанына қарамастан әнші жүрегіне операция жасауға келісім бермейді. Сөйтіп 67-ге қараған шағында жары Тамара Синявскаяның қолында дүниеден өтеді. Суық хабар жетісімен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің зайыбы Мехрибан Әлиева Т.Синявскаяға қоңырау шалып, егер қарсы болмаса Мүсілімді Бакуде жерлеуге өздерінің дайын екендіктерін жеткізеді. Ақыры солай болады да. 2008 жылдың 29 қазанында М.Магомаев атындағы Әзербайжан мемлекеттік филармониясында қоштасу рәсімі өтіп, атақты әнші Құрметті жерлеу аллеясында өзінің атасы, белгілі кеңестік композитор әрі дирижер М.Магомаевтың қасына жерленеді. Қаралы шеруде әншінің «Әзербайжан» деп аталатын шығармасы орындалады. Араға бір жыл салып зиратының басында әншінің аппақ мәрмәрдан жасалған ескерткіші ашылады. Ал 2011 жылы Әзербайжанның Мәскеудегі елшілігінің жанынан Магомаевтың екінші ескерткіші бой көтерді.

Сөз соңында Күн жүйесіндегі бір ғаламшардың Мүсілім Магомаев атымен аталатынын, 2010 жылдың қазанында Мәскеуде алғаш рет Әншілердің М.Маго­ма­ев атындағы халықаралық кон­кур­сы өткендігін, Бакуде бір экс­плу­та­ция­лық кемеге оның есімі беріліп, 70 жылдығына орай арнайы пошта маркасы шыға­рылғанын, сондай-ақ Красногор қала­сын­да Мүсілім Магомаев атындағы концерт залы ашылғанын айта кеткен жөн.

Көзі тірісінде-ақ «Ән падишасы» ата­нып, аты аңызға айналған адам туралы осы мақаланы «Магомаев өз қатар­лас­та­ры арасында озық тұрған жоқ, ол
жеке-дара тұрды» деген бір журналистің пікірімен аяқтағым келеді.